Алматыда «Заң мен тәртіп» апталығы басталды. 24–28 маусым аралығында қаланың барлық ауданында құқықтық мәдениетті арттыру, заң бұзушылықтың алдын алу және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шара өтуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаевтың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – заңның үстемдігін нығайтып, билік институттарына деген қоғамның сенімін арттыру.
«Заң – тек ережелер жинағы емес. Ол – тәртіптің негізі, қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі. Егер заң бұзушылықпен жедел күрессек, қоғамда «заңмен санасу керек», «заңмен санасқан дұрыс» деген түсінік біртіндеп қалыптаса бастайды», – деді Шәріпбаев.
Апта бойы қала бойынша жылжымалы құқықтық топтар жұмыс істейді. Олардың құрамына прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті мен әкімдік өкілдері кірген. Азаматтар бұл топтардан тегін құқықтық кеңес алып, өтініш беріп, өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын біле алады.
Жылжымалы топтың жұмыс кестесі:
• 24 маусым – Алмалы және Бостандық аудандары;
• 25 маусым – Жетісу және Медеу аудандары;
• 26 маусым – Әуезов және Түрксіб аудандары;
• 27 маусым – Наурызбай және Алатау аудандары.
Сонымен қатар, қала прокуратурасы іске асырып жатқан «Құқықтық дәріхана» жобасы да жұмыс істейді. Бұл жоба аясында аптаның сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері сағат 17:00–20:00 аралығында Dostyk Plaza, MEGA Alma-Ata және Grand Park сауда орталықтарында азаматтарға тегін кеңес беріледі.
Кеңес алғысы келетін немесе заң бұзушылық фактілері туралы хабарлағысы келетіндер үшін «Сенім телефоны» да іске қосылған.
Прокуратура жастармен жұмысқа да ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта «Zhastarmen» Telegram-арнасы арқылы арнайы платформа құрылып, жастарға құқықтық көмек көрсетіледі, есірткіге қарсы кампанияларға қатысуға мүмкіндік беріледі.
«Қазірдің өзінде бұл арнада 4000-нан астам адам тіркелген. Олар – жауапты, белсенді жастардың бірлестігіне айналып үлгерді», – деді Райымбек Шәріпбаев.
Жоба аясында ондаған рейд жүргізіліп, тыйым салынған заттарды таратқан жүздеген Telegram-арналар жабылған, 6000-нан астам заңсыз граффити өшірілген. Ал 26 маусым күні Махатма Ганди атындағы саябақта жастар есірткіге қарсы флешмобқа қатыса алады.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жастардың арасында тәртіп сақтауды қамтамасыз етудің барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, полиция жасөспірімдердің арасындағы заң бұзушылыққа, есірткімен күрес пен киберқылмысқа көп көңіл бөліп отыр.

«Біз қылмысты дер кезінде анықтап қана қоймай, есірткі қолданып, есірткі таратумен айналысатын жасөспірімдермен жұмыс істеуге де мән беріп отырмыз. Біздің міндет – осылардың уақытылы алдын алып, ескертіп, оларды қорғау. Біз – өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын мектептерге, колледждерге барып, олармен жеке-жеке әңгімелесуге де даярмыз», - дейді Салтанат Әзірбек.
«Заң мен тәртіп» апталығы шеңберінде Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті (ЭТД) де өз бағдарламасын ұсынды. ЭТД өкілі Жақсылық Мырзахан алаяқтықтың алдын алып, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Департаменттің бастамаларының бірі – «Ашық есік күндерін» ұйымдастырып, мектеп оқушыларына қызметтік иттер мен кинологтардың жұмысын көрсетуге арналған экскурсиялар өткізу.
Сонымен қатар, «XXI ғасырдың қаржы триггері» атты форум өткізу жоспарланған. Бұл жиынға қаржы секторының мамандары, адвокаттар және қаржылық сауаттылық бойынша сарапшылар қатысып, қаржы саласындағы қауіптер мен олардан қорғану жолдары жөнінде кеңес береді.

«Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып, құқықтық мәдениетін көтеру. Біз экономика саласындағы заңсыздықтардың алдын алып, азаматтардың құқықтарын қорғауды жалғастыра береміз», – деді Жақсылық Мырзахан.
Бұған дейін де департамент жастарға арналған бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Мәселен, студенттермен жұмыс істеп, қаржылық сауаттылық жөнінде республикалық олимпиада ұйымдастырған. Бұл шарада жастар қаржысын қорғауды, алаяқтықтан сақтануды және заңдық білімін арттыруды үйренді.
«Заң мен тәртіп» апталығы – тұрақты әрі қауіпсіз қаржылық орта қалыптастырып, азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын белсенді қатысуға, заң мен тәртіпті нығайту жолында бірлесе әрекет етуге шақырады.