Ықылас музейіндегі өнер мен достықтың қос мерекесі

Ықылас музейіндегі өнер мен достықтың қос мерекесі aqshamnews.kz

2025 жылдың 15–21 қыркүйегі аралығында көрікті Алматы қаласының туған күні кең ауқымда, думанды шараларға толы мерекемен аталып өтті.

Апталық мереке барысында қалада түрлі концерттер, көрмелер, байқаулар мен өнер фестивальдері ұйымдастырылып, алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Осы мәдени толқынның бір бөлшегіне айналған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі де 19 қыркүйек күні екі бірдей тағылымды әрі әсерлі мәдени жобамен ерекше көзге түсті.

Олардың бірі – музыкалық таланттарға арналған ашық алаң «Open stage» жобасы болса, екіншісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен «Бір қала – бір жүрек» атты мерекелік концерті.

Күндізгі сағат 14:00-де басталған «Open stage» жобасы – кәсіби сахнаға алғаш қадам басқан өнерпаздар үшін де, музыкаға жанымен ғашық әуесқойлар үшін де таптырмас мүмкіндікке айналды. Биыл бұл бастама музей сахнасында қатарынан төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – халықтық және заманауи музыкалық аспаптарды насихаттай отырып, қала тұрғындары мен қонақтарының музыкалық өнерге деген ықыласын ояту, сондай-ақ кез келген талант иесіне үлкен сахнада өз өнерін паш етуге жол ашу.

Сахна төріне кәсіби музыканттармен қатар, музыкаға хобби ретінде қараса да, жан-тәнімен берілген әуесқой орындаушылар да шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар домбыра мен қобыздың күмбірін, жетіген мен сазсырнайдың нәзік үнін көрерменге ерекше орындауда жеткізе алды. Сонымен қатар, фортепиано, скрипка, гитара секілді түрлі музыкалық аспаптарда орындалған әуендер ұлттық пен заманауилықты ұштастырды. Жас ерекшелігіне қарамай, барлық қатысушылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, әрқайсысы өз өнерімен түрлі жүректерге жол тапты. Шара соңында өнерпаздарға музей атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, көрермендер тарапынан жылы лебіздер білдірілді.

Алайда бұл – мерекелік күннің шарықтау шегі ғана еді. Кешкі сағат 19:00-де шымылдығы түрілген «Бір қала – бір жүрек» концерті Алматының мәдени байлығы мен этностық әралуандығын паш еткен шынайы өнер мерекесіне айналды. Әртүрлі этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары сахна төрінде өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі ән-күйлерімен қатар өзге ұлт өкілдерінің ұлттық биі мен әуендерін тарту етті.

Кештің көркін қыздырған Грузин халқының жалынды биі мен орыс халық аспаптарында орындалған сырлы әуендер көпшіліктің есінде біраз уақытқа дейін сақталатыны сөзсіз. Сондай-ақ түрік, украин халықтарының ырғақты билері көпшілік көңілінен шығып, көрерменді бір сәтке өзге елдердің мәдени кеңістігіне жетеледі. Олардың өнерін ұлттық фольклорлық ансамбль «Парасат» жалғастырып, шертер мен жетіген сынды көне аспаптарда орындалған қазақ күйлері арқылы тыңдарманды терең ұлттық рухпен сусындатты.

Бұл кеш – түрлі ұлт өкілдерінің өнер арқылы үндесіп, бір шаңырақ астындағы татулық пен достықты дәріптеген шынайы мәдени кешіне айналды. Қонақтар ұлттық музыканың әуезіне бөленіп, этностардың мәдени әлеміне жақыннан үңілуге мүмкіндік алды.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің осы қос шарасы тек қала күнін атап өтумен шектеліп қалған жоқ. Ол – ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеудің, рухани мұрамызды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды. Бір жағынан, шығармашылыққа құштар жандарға еркін сахналық мүмкіндік берілсе, екінші жағынан – этномәдени бірлікті, көпұлтты еліміздің татулығын өнер тілімен жеткізудің айқын үлгісі болды.

Тағы бір айта кетерлігі – осындай мазмұнды да мағыналы іс-шараларды ұйымдастыру, оның әрбір сәтіне көркемдік реңк беріп, көпшілікке әсерлі түрде ұсыну – музей ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі. Шараның сәтті өтуіне атсалысқан музей қызметкерлерінің шынайы жанашырлығы мен кәсіби шеберлігін атап өту – орынды әрі әділ болмақ.

Мұратова Әдемі Ерікқызы,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар

музейінің экскурсия жетекшісі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:22

12:50

12:30

12:30

12:15

11:59

11:40

11:18

11:05

10:54

10:41

10:31

10:15

10:01

09:56

09:42

09:31

09:12

09:01

08:51

08:41

08:31

20:45

19:51

19:49