«Қыс шілдесі» амалы қарқын ала бастады. Бетті үсіріп, құлақты түсіретін «Сары аяз» келе жатыр...
Қыстың ең қиын айы - қаңтардың алғашқы аптасы тәмам. Қазекеңнің: «Күн көзі қыраулы, қыс күнінде мәлім жоқ» дегені осы кез. Өткен аптада аязды күндер сәл сынып, күн жылына бастады. Қар еріді. Аз да болса, шуақ байқалды. Біз сөз еткелі отырған аптада (12–18 қаңтар аралығында) ауа райы жылы қалпын өзгертіп, салқын ауа, аяз күшіне енетін сыңайлы. Бабалар болжамы бойынша, аптаның соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. Сақылдаған сары аяз келіп, елдің «есін» шығаратын кез басталады. Арқада «ат құлағы көрінбейтін» боранды күндер осы уақытта көрініс береді.
«Сары аяз» амалы қаңтардың 17-сінен бой көрсетеді. Бұл - «Қыс шілдесі» амалының шарықтау шегі. Ешқандай да «Крещенские морозы» емес, қазақтың сақылдаған «Сары аязы». «Қыс шілдесі» амалына қарқын беретін нағыз дүлей құбылыс: қытымыр ызғар, қара суық, ұйтқыған боран... Әрине, мен бабалар айтып кеткен амалдың сипаты бойынша жазып отырмын. Бұл көріністің Алматыда болуы да, болмай айналып өтуі де ғажап емес. Бет қаратпайтын боран мен құлақ үсірген сары аяз еліміздің өзге аймақтарында қазірдің өзінде белең алып отыр. Қазақстанның бірқатар аймақтарында алдын ала ескерту жасалды.
Ары қарай «Тоқырауын» амалы келеді. Ол қаңтардың жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Бұл күн «тоқтаған» кезге байланысты келетін амал.
Қазақ есепшілері күн мен түннің қысқаруы мен ұзаруын бақылап, «Шілдеде күн шіл адым қысқарады» (шілденің 22-сінен бастап), «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» (қаңтар айының 22-сінен бастап) деп есеп жасайтын болған. Күн мен түннің теңелуін, қысқаруын, ұзаруын дұрыс анықтау халықтың тұрмысы мен шаруасына айтарлықтай ықпал еткен.
Шығыстың, оның ішінде түркі және орта Азия халықтарының есебінде Барыс жылы әлі біткен жоқ. Ол - өте сұсты, қайратты, табанды әрі өжет аң. Бұл ілгері басу жылы болды деуге болады. Елімізде бірқатар саяси оқиғалар орын алды: Президент сайлауы өтті, жаңа облыстар ашылып, кей аймақтың атауы өзгерді. Үкіметте де ауыс-түйіс орын алды. Қазақстанның болашағы үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, халық іске бір кісідей ұйымшылдықпен жұмылып отыр. Қаржы мәселесіне қатысты айтсақ, Барыс жылы едәуір тұрақты болды, үнемге, ақшаны беталды шашпауға бетбұрыс жасалды. Бір күннен кейін Сенат депуттарын сайлау басталады. Халық өз таңдауын жасайды.
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қаңтардың 12-сі. Ай жүйесіне қарасақ, қаңтардың 19-ы. Ал қазақы есепке сүйенсек, бір күннен кейін қаңтардың бірі (қазақша ай әр айдың 14-інен басталады). Демек, бұл апта айдың басы мен ортасына дөп келіп тұр. Айдың басы, ортасы және соңы өзгеріссіз болмасын бұрынғылар дәлелдеп айтып кеткен, өмір де көрсетіп жүр. Бұл ауа райының құбылатын яғни бұзылатын сәті. Енді қыс күшіне мінеді...
БАБАЛАР БОЛЖАМЫ
Қыста...
*...торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады.
*...қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады.
*...күн құлақтанып шықса, қатты аяз болады.
*...түйе ернін жыбырлатып, жылқы мезгіл-мезгіл оқыранса, көктем ерте басталады...
*... «Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді».