Сәйгүлік. Тұлпар.
Ұлан-ғайыр Ұлы Даламыздың кермаралдай керілген кербез төсінде қолтығынан жел кеулеп, көсіле шауып бара жатқан сәйгүліктен сұлу не бар десеңізші! Қазақ үшін ең қасиетті де киелі жануар – жылқы. Жылқыны тіпті жануар деуге де ауыз бармайды... Ол – адамның қанаты, серігі, сырласы!
Қазақта ел қорғаған батырлар туралы сөз бола қалса, олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары туралы да қатар айтылып жатады. Әсіресе, тарихи жырлар мен батырлар жырын, аңыз-әңгімелерді қас батырларға тән тұлпарларсыз кездестірудің өзі қиын. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері, т.б. сәйгүліктердің бейнесі бар қазақтың жүрегінде жазылып қалғандай болып тұрады. Ал бұл даланы жылқыдан бөліп қарауға тағы болмайды.
ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҰҚЫМЫ 250-ДЕН АСАДЫ
Ғалымдардың есептеуінше, бүгінде дүние жүзінде шамамен 65 миллиондай жылқы бар. Жылқының тұқымы 250-ден асады. Осының бәрінің бастапқы тарихы қазақ даласымен тығыз байланысып жатқаны қуантады.
«Жылқы біздің қазақ жерінен шыққан. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Оған Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан табылып жатқан жылқы сүйектері дәлел. Әлемдік археологияда дәл осылай бір қоныстан жүз мыңдаған жылқы сүйегінің табылуы болмаған. Осы қонысты көптеген ғалым зерттеп, археолог Виктор Зайберт отыз жылдан астам уақыт қазып жатыр. Археологиялық және палеологиялық зерттеулер жүргізе келе, табылған жылқылардың қазақтың жабысынан айнымайтыны белгілі болды», – дейді этнограф ғалым Ахмет Тоқтабай өз сұхбаттарында.
Атақты партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов бір әңгімесінде Киев қаласының төрінде барша жұртты таңқалдырған қазақтың қасиетті бір арғымағы туралы әдемілеп тұрып айтып беріп еді. Сол ойға оралып тұр.
...1954 жылы жазға салым Украинаның астанасы – Киев қаласы ерекше құлпырып сала бердi. Жаймашуақ кездiң жанға жайлы уақыты болатын. Украин халқы өз елiнiң Ресеймен тiзе қосқан 300 жылдығын тойлап жатқан. Оған әлемнiң түкпiр- түкпiрiндегi 65 мемлекеттен қонақ шақырылды. Солардың қатарында достық қар ы м - қатынасы ертеден басталған Қазақстаннан келген кiсiлер де бар едi.
Киевке Қазақстаннан барлығы оншақты адам келдi. Iшiнде бұлбұл көмей әншiмiз Күләш Байсейiтова, мың бұралған бишiмiз Шара Жиенқұлова бар. Арасындағы ең жасы – Ермек Серкебаев. Ол кездерi саяси қуғын-сүргiн көрiп, Мәскеуде қызмет етiп жүрген Мұхтар Әуезов делегация қатарына жолдан қосылған. Атақты партизан, жүрек жұтқан батыр Қасым Қайсенов бұлардың бәрінен де ертерек барып алған едi.
КҮЛӘШ ПЕН ШАРАҒА АТ ЖҮРМЕЙ ҚОЙҒАН
Қазақ даласынан тойға тарту ретiнде бiр сәйгүлiк алып барған болатын. 300 жылдық мерейтой ресми түрде Киевтiң Орталық стадионында аталып өттi. Сол кездi сағына еске алған Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов:
– Халық керемет көп жиналды. Украина Үкiметi бiр жақта трибунада отырды. Бiз атты алып келгенде, Мұхаң – Мұхтар Әуезовтiң айтуымен, аттың екi жағынан Күләш пен Шара жетектейтiн болған. Ең алдымен, Мұхаң мен Нұртас Оңдасынов, сосын ат жетектеген екi қызымыз, артынан делегация мүшелерi жүрiп отыратын болды. Аттың ер-тұрманының өзi қымбат, өзі Қостанай малының тұқымы болатын. Атты осылай жетектеп, үкiмет алдына апарып тапсыруымыз керек едi, Күләш пен Шара екi жағынан ұстаған ат жүрмей қойды. Алдыңғы екi аяғын көтерiп, аспанға шапшып тұрып алды, – деген еді.
Қазақ жұрты қашаннан-ақ өзi қадiр тұтар сыйлы қонағына ат мiнгiзiп жатады. Себебi, қазақ үшiн жылқы малы – мүлде бөлек дүние. «Ер қанаты – ат» деп, оны ерекше бөле-жара атаған. Жол азабына қарамай, алты айшылық жердегi сонау Украинаға ат жетектеп баруы да сондықтан едi. Бiрақ Күләш пен Шараның жетегiне ат жүрмей қойған.
Жалпы, «Адам жылқы тектi» деп қазақ тегiн айтпаған. Қалай болған күнде де, қазақ пен жылқының арасында беймәлiм бiр байланыс бар. Қазақтың қос шынары – Күләш пен Шараның жетегiне жүрмей, ат аспанға шапшығанда, әркiмнiң әрқалай ойлағаны рас. Ал шындығында, бұл аттың өзiндiк қасиетi бар болатын.
– Төрт түлiк малдың iшiнде жылқы қазаққа ең жақыны болып есептеледi, жанындай жақсы көретiн малдың бiрi. Жылқы деген әрi тамақ, әрi көлiк. Жылқының мiнезi де қызық, өзi қазақпен ортақтасып тұрады. Қазақ тұрған жердiң бәрiнде жылқының Керқұлан дейтiн бiр түрi болды. Ол 1917 жылға дейiн бар болатын, содан кейiн ол құрып кеттi. Анау, Прежевальский жылқысы деп жүргенi сол – Керқұлан. 1917 жылдан кейiн ол тек Жоңғарияда ғана қалды. Жылқының тағы бiр Тарпаң деген тегi бар едi, оның ең соңғы тұяғы 1864 жылы Украин даласында оққа ұшты. Содан кейiн Тарпаң болған жоқ, – деген болатын бір әңгімесінде этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы.
«АТ СIЗДЕРГЕ СӘЛЕМ БЕРIП ЖАТЫР»...
Әрине, бұл аттың арғы аталарының бiрi осы Украин даласында оққа ұшқанын Киевтің стадионында отырғандардан ешкім бiлген жоқ. Бiлген күннiң өзiнде, ұлан-асыр той үстiнде ол кiмнiң есiне түсе қойсын. Сыйға алып барған ат ойламаған жерден мiнез көрсеткенде, ел-жұрт шошыңқырап қалады.
Асаулық танытқан арғымақ аспанға шапшығанын қойғанда, төрдегi құрметтi орында отырған маршал Буденный жүгiрiп келiп, атты аялай берген. Қазақстан делегациясын бастап барған Нұртас Оңдасынов халқымыздың рәсiмi бойынша тойға тарту ретiнде әдейi арғымақ әкелгенiн айтты.
– Аттың екi аяғын аспанға көтерiп, мiнез көрсеткенiн көрген жұрт «Аттарың асау ма, немене?» деп сұраған едi. Оған Мұхаңның қалжыңдап: «Ол асау емес, аттың сiздерге сәлем берiп жатқаны» дегенiне жұрт бiраз күлiп алды. Тойға келген Буденный трибунадан жүгiрiп түсiп, қатты қызығып, аттан айырылғысы келмей, қызықтады да жүрдi, – дейдi Қасым Қайсенов.
Марқасқа маршал аттың сырын жақсы бiлсе керек. Сүйрiктей сәйгүлiкке қатты қызыққан. Ол жағына бiр шығып, бұл жағына бiр шығып, әбден ындыны құрыған. Аттың жал-құйрығына алма-кезек көз тастап, тосын тартуға таң-тамаша қалыпты. Арғымақты айналшықтап жүрiп алған.
Атты тани бiлетiндерге дауа жоқ. Олар тұлпары қайсы, мәстегi қайсы – сыртынан қарап-ақ ажырата алады. Қазақ жерiнен жаман аттың келмесiн Буденный да бiлген. Ұлы далада аңызға айналған небiр арғымақтар болғанын, бәлкiм, естiген де болар. Бұрынғы қазақтардың да қайсыбiрi болсын, аттың сыны мен жай-күйiн жетiк бiлуге талпынған. Белгiлi сатирик-ақынымыз, марқұм Қажытай Iлиясұлы соның бiрi десе болады.
– Қазақ жылқының құйрығының өзiн жетi-сегiзге бөледi: қылыш құйрық, сымпыс құйрық, қисық құйрық, ұялы, шұбалаң, шалқұйрық, шолаққұйрық деп келедi. Қазақ үшiн, алдымен, ат, сосын – бап. Екеуi бiр жерден шықса, ол бәйгеден келедi. Пони деген, мәстек деген бiзде болмаған. Жылқыны мен тоғызға бөлемiн, қазақ соның ең тәуiр нұсқасын алып қалған. Алайда, қазаққа бiткен тұлпардың бәрiн сыртқа, Ресейге алып кетiп қалып отырған, содан кейiн өзiмiзге жылқы құтаймаған, – дейдi Қажытай Iлиясұлы.
Украинаға алып барған ат та осындай тектi тұқымнан болатын. Жетекке жүрмей жұлқынған аттан шошынған жұрт Әуезовтiң тапқырлығына дән риза болады. Ел-жұрттың есiн алған ер-тұрман мен қарасаң көз тоймайтын сұлу сәйгүлiк тамаша тойдың сәнiн кiргiзген. Украин халқы Тарас Шевченконың бiр жұртына айналған Қазақстаннан келген тартуды ерекше ықыласпен қабылдайды.
– Күләш пен Шараның жетегiне ат жүрмей қойғанда, аттың күтушiсi: «Бұл ат әйел адамның артынан ермейтiн едi, басқа кiсiлер жетекке алсын» дедi. Содан не iстеймiз, бiр жағынан мен, бiр жағынан Ермек Серкебаев ұстап едiк, ат жүрiп кеттi, – дейдi Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов.
Шынында, байқап қарап тұрсаңыз, жылқы да адам сияқты, өзiндiк әртүрлi мiнезi болады. Оның үстiне, той үстiнде тарпаңдық танытқан тұлпар Қазақ даласынан барған емес пе. Күләш пен Шара әйел заты болғасын, жетегiне жүрмей қойған. Тектiлiгiн танытқан. Беріге дейін келген қасиетті сәйгүліктер ойға түссе, көзден ғайып болған қайран тұлпарлар-ай дейсіз амалсыз...
«Аlmaty-akshamу» №85, 18 шілде, 2023 жыл