Ұлттық театр: ғасырлық жол, рухани жауапкершілік

Ұлттық театр: ғасырлық жол, рухани жауапкершілік Сурет: Қайрат Қонысбаев

Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғасырлық мерейтойына арналған бұл жиын жай ғана шара емес, ұлттық театр тарихын қайта пайымдап, бүгінгі бейнесі мен ертеңгі бағдарын саралаған маңызды рухани алаңға айналды. Конференцияға театртанушы ғалымдар, әдебиет зерттеушілері, театр қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Бір ғасыр өнер тарихы үшін аз уақыт емес. Осы 100 жыл ішінде Әуезов театры қазақ қоғамымен бірге өсіп, бірге өзгеріп, бірге сыннан өтті. Ол тек спектакль қоятын сахна ғана емес, ұлттық сананың қалыптасуына ықпал еткен мәдени институт дәрежесіне көтерілді.

Конференция барысында ғалымдар ұлттық театрды әдебиет пен ғылымнан бөліп қарауға болмайтынын ерекше атап өтті. Әдебиет пен театр, тарих пен өнер – бірін-бірі толықтырып отыратын тұтас құбылыс. Бұл ойды әдебиеттанушы Кенжехан Матыжанов нақты мысалдармен негіздеді.

Оның айтуынша, драматургия – әдебиеттанудың негізгі салаларының бірі, ал театр – сол драматургиялық ойдың сахнадағы тірі көрінісі. Сондықтан театр тарихын зерттеу – тек өнерді емес, ұлттың рухани эволюциясын зерттеу деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде театртану ғылымын дамыту – уақыт талабы.

«Қазақ театртану ғылымының негізін қалаған Мұхтар Әуезов болса, бұл саланы жүйелі түрде дамытқан Бағыбек Құндақбаев еді. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театртану бөлімін өмір бойы абыроймен алып жүрді. Қазіргі театртанушылардың көпшілігі – сол кісінің шәкірттері. Алайда бұл салада мамандар саны әлі де аз. Жас зерттеушілердің көбі басқа салаларға кетіп қалып жатады. Сондықтан театртану мен кинотану ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Бұл бағытта бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек», – дейді Кенжехан Ісләмжанұлы. 

Ұлттық мәртебе – үлкен жауапкершілік

Театрға 2020 жылы Ұлттық мәртебе берілуі – оның тарихи рөлін мемлекет деңгейінде мойындау ғана емес, болашаққа жүктелген зор жауапкершілік. М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбеков бұл мәселеге кеңінен тоқталды.

Жаһандану, цифрлану, интернет пен жасанды интеллект ықпалы күшейген кезеңде театрдың миссиясы бұрынғыдан да күрделене түсті. Жас ұрпақ ана тілінен, төл тарихынан алыстап, бөтен діни ағымдар мен жат мәдениеттердің ықпалына түсіп жатқаны жасырын емес. Тамырынан ажыраған, болашағы бұлыңғыр ұрпақтың қалыптасуы – бүгінгі қоғам үшін үлкен қауіп. Осындай жағдайда жас ұрпақты заманауи біліммен қаруландыра отырып, ұлттық қасиеттермен тәрбиелеу, ана тілінен ажыратпау, отаншыл, ойшыл, рухани дүниесі терең азамат қалыптастыру – ұлттық өнер мен мәдениет мекемелерінің басты міндеті болуы тиіс. Бұл – 100 жылдық тарихы бар Ұлттық театрдың да болашақ бағдаршамы.

Қуантатыны – бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіз емес. Соңғы 5-6 жылда спектакльдердің тұрақты түрде аншлагпен өтуі көрерменнің театрға қайта оралғанын көрсетеді. Бұл – сахна өнерінің өміршеңдігінің, театрдың бүгінгі қоғамға қажеттілігінің айқын дәлелі екенін айта келе, Еркін Жуасбек алда атқарылар жұмыс ұшан-теңіз екенін жеткізді. 

Ғасырлық жол: сахнадағы ұлт тарихы

Ұлттық театрдың тарихы қазақ халқының өткен ғасырдағы тағдырымен тығыз байланысты. Танымал актер, көрнекті театр қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов мұны ерекше атап өтті.

«XX ғасырдың басында ұлт ағартушылары негізін қалаған қазақ кәсіби театр өнерінің, соның ішінде Мұхтар Әуезов атындағы театрдың халқымыздың рухани-мәдени өміріндегі орны айрықша. Театр алғашқы күндерінен бастап ағартушылық, тәрбиелік әрі мәдени миссияны атқарып келеді. Ол сол кезеңдегі қоғамдық-саяси және мәдени үдерістермен тығыз байланыста дамыды,дейді Тұңғышбай Қадырұлы.

Ұлттық жаңғыру дәуірі халықтың ауызша дәстүрі мен фольклорын еуропалық театр элементтерімен ұштастыра отырып, жаңа көркемдік формалардың қалыптасуына жол ашты. Театр – халықтың жан дүниесінен туған, оның арман-тілегін, тарихын, тағдырлы кезеңдерін сахна тілімен сөйлеткен қасиетті өнер ордасы. Әлемдік театр өнерінің үш мың жылдан астам тарихымен салыстырғанда, қазақ кәсіби театрының 100 жылдық жолы қысқа көрінгенімен, ол ұлттық рухани мұраның, эстетикалық өлшем мен тектіліктің айқын көрінісі болып қалыптасты. Театр – тірі өнер, қоғамның жүрек қағысын сезіндіретін ерекше құбылыс.

Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков сынды алыптар қалыптастырған сахналық дәстүр кейінгі буынға рухани мұра болып қалды. Мұхтар Әуезов ұлттық драматургияның негізін салып қана қоймай, театрды ұлттың ойлау кеңістігіне айналдырды.

1929 жылы театр Алматыға қоныс аударып, ашаршылық пен ауыр тарихи кезеңдерге қарамастан, ел аралап өнер көрсетті. Бұл – өнерге адалдық пен азаматтық ерліктің айқын көрінісі.

Кейінгі жылдары Шәкен Айманов бастаған жаңа буын театрдың шығармашылық тынысын кеңейтті. Ал 1960–1990 жылдар аралығы, Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлік кезеңі «қазақ театрының алтын дәуірі» ретінде тарихта қалды. Бұл кезеңде театр әлемдік деңгейде танылып, көркемдік биікке көтерілді. Тәуелсіздік кезеңінде де театр уақыт талабына сай дамып, тарихи, классикалық және заманауи қойылымдар арқылы ұлттық сананы жаңғыртуға қызмет етті.

Ұйымдастырушылық негіз: көрінбейтін еңбектің салмағы

Театр тарихында сахнадағы жетістіктен бөлек, сахна сыртындағы ұйымдастырушылық еңбек шешуші рөл атқарды. Бұл мәселеге театртанушы Бақыт Нұрпейісова назар аударды.

Ұлт театрын құру жолында Дінше Әділовтің еңбегі айрықша. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерпаздарды жинап, кәсіби труппа қалыптастырды. Жұмат Шанин театрды кәсіби жүйеге түсірсе, Темірбек Жүргенов ұлттық кадр даярлау ісін жолға қойды. Мұның бәрі өнер ордасының бүгінгідей биікке қол жеткізуіне алғышарт болды.

«Қорыта айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – ұлылық пен ұлағаттың ордасы. Бір ғасырлық тарихында ол қазақ халқының рухани болмысын сахна арқылы әлемге танытты. Бүгінде бірнеше буыннан тұратын актерлер ұжымы театрдың шамшырағын сөндірмей, жаңа белестерге ұмтылып келеді. Осы қасиетті қара шаңырақтың ыстығына күйіп, суығына төзіп жүрген барша актерлерге, режиссерлерге, суретшілерге, сахна қызметкерлеріне шынайы алғыс білдіреміз. Еліміздің мәдени өміріне қосып жатқан еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз, – дейді Бақыт Нұрпейісова.

Конференция Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғасырлық жолын ғылыми тұрғыдан қайта пайымдауға мүмкіндік берді. Спикерлердің пікірлері ұлттық театрдың тек өнер ордасы ғана емес, ұлттың рухани жады мен мәдени коды екенін айқын көрсетті. Дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырған іргелі өнер ордасы қашанда қазақ мәдениетінің жетекші рухани институты болып қала бермек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:38

12:29

12:18

12:05

11:51

11:48

11:32

11:24

11:12

11:01

10:47

10:31

10:21

10:12

09:57

09:50

09:38

09:22

09:13

09:01

08:51

08:38

21:24

17:50

17:37