Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында қандай мәселелер көтерілді және вице-президент деген кім?

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында қандай мәселелер көтерілді және вице-президент деген кім? Сурет:автор

Жақында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында елдің саяси-құқықтық жүйесіне қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Парламент құрылымын өзгерту, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін құру, секілді ұсыныстар кеңінен талқыланды.

Осы мәселелерді талқылау үшін «AI Ғылым» бағдарламасына тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің профессоры Қылыш Аманжол мен заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің профессоры Жанар Кегембаева қонақ болды. Сарапшылар Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың тарихи негізі мен құқықтық салдарын саралады.

 

«Құрылтай» атауы тарихи дәстүрдің жаңғыруын білдіреді

Парламентке «Құрылтай» атауын беру туралы ұсынысты заңгер Жанар Кегембаева тарихи сабақтастықтың көрінісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл атау шешімдердің қоғаммен кеңесе отырып қабылданатынын білдіреді.

«Қазақ тарихына үңілсек, ежелде құрылтайда ең өзекті мемлекеттік мәселелер қаралған. Хандар сайланып, соғыс пен бітім секілді тағдырлы шешімдер халықтың қатысуымен қабылданған», – дейді ол.

Заңгердің пікірінше, бұл атау қазіргі саяси институттарға ұлттық мазмұн дарытады.

Вице-президент қандай қызмет атқарады?

Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды бастамалардың бірі – вице-президент лауазымын енгізу. Жанар Кегембаева бұл институт Қазақстан үшін мүлде жаңа емес екенін атап өтті. Осыған дейін, 1993 жылғы Конституцияда вице-президент қызметі болған. Ал бұл лауазымды тұлғаның өкілеттіктерін Президент айқындайды.

Оның сөзінше, вице президентке мемлекет атынан өкілдік ету, билік тармақтары мен қоғамдық институттар арасындағы үйлестіру функциялары жүктеледі. Вице-президент халықаралық келіссөздер мен форумдарда Президенттің атынан ел мүддесін қорғайды, Парламент алдында мемлекет басшысының ұстанымын білдіреді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты үйлестіреді. Мемлекет басшысы науқастанып қалса немесе өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, оның міндетін вице-президент атқарады.

 «Вице-президент – мемлекеттегі екінші тұлға. Сондықтан ол елді толық басқара алатын, саяси салмағы бар адам болуы тиіс», – деді заңгер.

Халық кеңесі қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтеді

Халық кеңесін құру бастамасына тарихшы Қылыш Аманжол оң баға берді. Оның пікірінше, бұл институт қазақ қоғамындағы билер кеңесі мен ақсақалдар алқасының заманауи жалғасы іспетті.

«Халық кеңесі деген атаудың өзі көп нәрсені аңғартады. Ол халықтың айтылмай жүрген мәселелерін жоғары билікке жеткізетін алаң болуы керек», – деді профессор.

Ал Жанар Кегембаева Халық кеңесін қоғамдық пікірді білдіретін институт ретінде сипаттап, оның құрамында қоғамға танымал әрі белсенді өкілдер болуы тиіс екенін айтты.

Бір палаталы парламент Қазақстанға тиімді ме?

Құрылтайда парламент құрылымын өзгерту мәселесі де көтерілді. Жанар Кегембаеваның айтуынша, қазіргі екі палаталы парламентте 148 депутат бар. Ал бір палаталы жүйеге көшкен жағдайда депутаттар саны қысқаруы мүмкін.

Заңгер бұл өзгеріс партиялардың саяси белсенділігін арттырып, заң шығару үдерісін жеделдетуге ықпал ететінін айтты. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, екі палаталы парламент көбіне федеративті мемлекеттерге тән. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, бір палаталы жүйе елдің басқару моделіне сәйкес келеді.

«Бұл өзгеріс саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, заңнамалық процесті оңтайландырады. Бір палаталы парламент заң жобаларын қабылдау мерзімін қысқартып, шұғыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Цифрлық құқықтар конституциялық деңгейде қорғалуы тиіс

Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы азаматтардың цифрлық құқықтарын конституциялық деңгейде қорғау қажеттігін де атап өтті. Жанар Кегембаева Қазақстанның мұндай өзгерістерге дайын екенін айтты.

Заңгер жасанды интеллект туралы заң мен цифрлық кодекстің қабылдануын осы бағыттағы маңызды қадам ретінде атады. Оның айтуынша, цифрлық қатынастардан бас тарту мүмкін емес, сондықтан цифрлық құқықтар Конституцияда бекітілуі тиіс.

Ал Қылыш Аманжол деректер қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қазақстандықтардың жеке деректері шетелге кетіп жатыр, бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Осыған байланысты деректерді сақтайтын отандық жүйе құру қажет.

Ұлттық цифрлық мұра қоры не үшін қажет?

Ұлттық құрылтайда ұсынылған тағы бір бастама – ұлттық цифрлық мұра қорын құру. Тарихшы Қылыш Аманжол бұл бастаманың ғылыми зерттеулер үшін маңызын атап өтті.

Қазақстанда ұлттық, президенттік және өңірлік мұрағаттар бар. Алайда зерттеушілер үшін оларға қолжетімділік шектеулі. Цифрландыру архив материалдарын онлайн пайдалануға мүмкіндік береді.

«Зерттеушілер шетелге шықпай-ақ, тарихи деректермен онлайн жұмыс істей алады. Бұл ғылым үшін үлкен мүмкіндік», – дейді профессор.

Жанар Кегембаева бұл бастаманың жастар үшін де маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, тарихи мұраны насихаттау үшін оны жастар үйренген цифрлық форматқа көшіру қажет.

Конституциялық өзгерістер билік жүйесін нығайтуға бағытталған

Сарапшылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер іргелі құндылықтарды өзгертпейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – билік жүйесінің тиімділігін арттыру екенін ескертті.

Мықты президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет және халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асыру үшін функционалдық және институционалдық өзгерістер қажет.

Осы тұрғыда Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:12

11:05

10:41

10:32

10:25

10:14

10:00

09:43

09:31

09:15

09:01

08:45

08:18

18:19

18:15

17:58

17:55

17:46

17:34

17:18

17:07

16:53

16:42

16:35

16:24