Ұрпақ тәрбиесінде дәстүрге кеңінен орын беру қанша айтса да жауыр болмайтын тақырып. Жақында №107 лицейде ұйымдастырылған семинар «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары – бала тәрбиесіндегі құндылық көзі» деген жып-жылы атаумен өтті. Төл құндылықтық ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы баса айтылған игі шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Оның үстіне мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына бағытталғанын да айта кеткен жөн.
Мазмұнды шараға қатысқан білім саласының өкілдері өздеріне оймақтай болсын ой түйіп қайтары сөзсіз. Сол ретте №107 лицей директоры Ү.Ақатанұлының мына бір пікірін алға тарта кетейік:
«Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы жасампаз азаматты тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз. Халқымызда «Тәрбие – талбесіктен» деген сөз бекер айтылмаса керек. Отбасынан бастау алатын тәрбие мектепте жалғасын тауып жатады. Сондықтан біздің алдымызда өте жауапты міндет – бойында иманы бар, ұлттық құндылықты түйсіне білетін ұрпақ тәрбиелеу мәселесі тұр».
Семинар барысында «ӨРКЕН» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты КеАҚ аға ғылыми қызметкері Ерболат Сексенбайұлының «Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы – табысты тұлғаны тәрбиелеудің факторы» және Б.Досынбекованың «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары – бала тәрбиесіндегі құндылық көзі» деп аталатын танымдық дүниелері аса қызығушылық туғызды.
Сонымен қатар, семинар қонақтары А.Надырбекованың ұйытқы болуымен өткен «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деп аталатын ашық тәрбие сағатына қатысты. Ұлттық құндылық туралы айтқанда халқымыздың ұлттық ойындары туралы айтпау мүмкін емес. Жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық ойынның маңызы өте зор. Сондықтан соңғы жылдары «Тоғызқұмалақ» ойыны мектептерде кеңінен қолға алына бастады. Қазіргі таңда пән ретінде де оқытылып жүр. Ұлттық ойынды А.Иманқұл мен Д.Жетенбаев ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Заманауи технологиялар ұлттық дәстүрлерді жойып жібере ме?» деп аталатын дебат соңы «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» атты жаңа форматтағы ата-аналар жиналысына ұласты.