Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күніне орай «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты іс-шара өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кейінгі жылдары кітапханашылардың мәртебесіне ерекше мән беріліп, ұлтты кітап оқуға баулу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сала ардагерлері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген кітапханашылар қатысты.
Шара барысында кітапхана саласында табысты еңбек етіп жүрген мамандар марапатталды. Жиынды ашқан Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев сала қызметкерлеріне Алматы қаласы әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар, Мәдениет басқармасының алғыс хаттарына ие болған кітапханашылар да марапатталды.
Сондай-ақ, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының Қоғамдық дипломатия бөлімінің маманы Корина Мак Грегор қатысып, Алматыдағы кітапхана ісінің жаңа кезеңі мен халықаралық тәжірибе туралы пікір білдірді.
Аталған жиын ерекше форматта өтіп, кітапханашылар өздерін маман ретінде емес, оқырман ретінде сезінді. Ардагер кітапханашы Ләйлә Баймолдина өмірінің 40 жылын осы салаға арнаған. Оның айтуынша, мамандық таңдауға ата-анасының ықпалы зор болған.
«Мен белгілі журналист, ақын Сәбит Баймолдиннің қызымын. Бала күнімнен үйдегі кітапхананың ортасында өстім. Анам да кітапханашы болды. Сондықтан бұл мамандықты таңдауым заңды», – деді ол.
Ләйлә Сәбитқызының айтуынша, қазіргі таңда кітап оқуға ниетті жандарға барлық жағдай жасалған. Алматы кітапханаларының басым бөлігі тәулік бойы, аптасына жеті күн қызмет көрсетеді.
Алматы кітапханаларының Қоғаммен байланыс және бұқаралық қызметінің жетекшісінің орынбасары Аида Нұржан кітапхана ісінің бүгінгі даму бағытына тоқталды:
«Көпшілік кітапханашыны тек кітап сақтаумен байланыстырады. Алайда біздің жұмысымыз цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта кітап қоры электронды жүйеге көшірілуде. Наурыз айында іске қосылған мобильді қосымша арқылы оқырмандар кітаптарды онлайн тапсырыс бере алады», – деді ол.
Бағдарлама аясында жазушы, публицист, Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллинмен шығармашылық кездесу өтіп, оның «Режим и сопротивление» атты кітабы таныстырылды.
Шара соңында Бигелді Ғабдуллин оқырмандарды кітап оқуға шақырды:
«Ұлттық кітап күніне орай Мемлекет басшысы да кітап оқудың маңызы туралы атап өтті. Бүгін мен өзімнің бес кітабымды әкелдім: “Ұлы көш”, “Право на исповедь”, “Қаңтар-2022”, “Мораль”, “Режим и сопротивление”. Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын. Кітап оқиық», – деді автор.
Бүгінде Алматыда жалпы 39 кітапхана (оның 7-уі тәулік бойы) жұмыс істейді. Онда 470 кітапханашы еңбек етеді. Кітапханалардың басым бөлігі тәулік бойы қызмет көрсетіп, метро бекеттері мен сауда орталықтарында автоматтандырылған бөлімшелер іске қосылған.