«Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Осылайша ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл - өте жақсы үрдіс».
Сырт келбетімізден ұлтымызды айқындап тұратын ұлттық киімдерміз жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай баға беріпті.
Расында бүгінгі таңда ұлттық киім киіп жүргендер көзіміз жиі көріп жүр.
Қазақтың ұлттық киімі — халқымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетін көрсететін ерекше мұра. Ол тек күнделікті киім ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру салтына, ауа райына, әлеуметтік жағдайына байланысты қалыптасқан. Киім үлгілері ғасырлар бойы жетіліп, қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айшықтай түсті.
Ұлттық рухты асқақтататын бұл көріністің тамыры тереңде екенін де еске салып тұратындай. Бүгін ұлттық киім жайында сөз қозғауымыз тегіннен емес. «Наурызнама» 10 күндігіне сай, 18 наурыз – Ұлттық киім күні.
Елімізде бір кездері ұлттық киім тұрмақ, біраз салт-дәстүр, әдет-ғұрып кенжелеп қалғандай еді. Қамзол мен қажекейді тек жасы егде тартқан әжелеріміздің үстінен немесе көнелеу келген ескі альбомдағы бір-екі суреттен ғана көретінбіз. Сосын Наурыз күні сахна әртістері, мәдениет үйлерінің қызметкерлері киіп шыққанда қызыға да тамсана қарайтынбыз.
Соңғы он жылдың көлемі ел халқының бәрі жаппай ұлттық киім кимесе де, көптің үстінен қазақ екенін айқындап тұратын ұлттық киімнің әйтеуір бір атрибутын көріп қалып жүрміз. Кейінгі жылдары қазақтың ұлттық киімін қайта жаңғыртып, заманға сай, сәнді әрі сапалы етіп тігуді қолға алған отандық дизайнерлер мен кәсіпкерлер де аз емес. Орайы түсіп, осындай істі қолға алған ұлтжанды кәсіпкер, сән үйінің иесі Фарида Мерхамитқызын сөзге тартудың сәті түсті. Бұл саланы 1997 жылдары қолға алған білікті кәсіпкер қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық киім негізінде қазіргі заманауи киімдер, арнайы киімдер, оның ішінде әскери киім, шекарашылар киімдері, теміржолшылардың киімі, мектеп формасы, салтанатты кештерде киетін сәнді киімдер, сондай-ақ киімнің көптеген жаңа үлгісін құрастырып халыққа ұсынды.
Ұлттық киім кию тенденциясы бүгінгі таңда сәнде. Осы саланың білікті маманы ретінде нені жетілдіру кере, неге мән беру керек екенін айтып бересіз бе?
- --- Әрине, ұлттық киім киген өте тамаша! Ұлттық киім ұлттық рухты көтереді. Ұлт екенімізді білдіреді. Ұлт болудың үлкені – тілі. Тілден кейін үлкен нышаны – киімі. Басқалары сырттан таниды. Бүгінгі таңға дейін біздің ұлттық киіміміз дәстүрлі ұлттық киім және бүгінгі күнге лайықталған киім болып жетіліп келеді. Ал енді дәстүрлі ұлттық киім сән-салтанатты мерекелерде, Наурыз күні қызылды-жасылды ұлттық бұрынғы бояусыз ұлттық дәстүріміздегі киімді кисе, тамаша. Әрине мерекенің мерейін асырады. Ал енді күнделікті өмірде ұлттық киімнің ішінде бізде үлкен пошымы жағынан ұлттық киімге әйелдерге қамзол, әйелдердің шапаны, белдемше, желеттер келеді. Ал енді осы форманы сақтай отырып, біздің ұлттық киімнің ең үлкен бір ерекшелігі - қазақтың ұлттық оюлары. Онда да оларды бажырайтпай, күнделікті өмірге лайықтап, көзге оғаш көрінбейтіндей әдемі етіп киіп жүрсе жақсы болар еді. Жетілдіру барысында күнделікті қарапайым бүгінгі таңның материалдарымен киіп жүрсе. Барқыт, пүліш, велюр деген маталардан ғана емес, күнделікті өмірде көп қолданылатын маталарды ұлттық сән сән беретін ою-өрнектерді араластырып, ұлттық нышандары бар әдемі формасымен әдемі болып жүруге болар еді.
Қазір жас қыздар болсын, келіншектер болсын ұлттық киім деген осы екен деп бәрі бірдей тақия киіп алады. Осы қаншалықты дұрыс? Ұлттық киім киюде әркімге лайықталған киім бар ма?
- --- Шынында да қазір солай болып тұр. Тақия негізінен қыз бала кезіндегі киетін бас киім. Кішкене қыздардан бастап, бойжеткен қыздар киетін. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін басқаша киінген. Сәукелені ұзатылған кезде және бір жылға дейін киген екен, ал ханымдар негізінен қасаба киген. Қасаба – тақия мен содан сәл арт жағында матадан тігілген шашын жауып тұратын бас киім. Сұлбасы дөңгелек етіп тақияға ұқсастырып пішіледі де, артқы жағына немесе желкесіне қарай бірте-бірте ойытқи түскен құламасы болады, оның ұшы әйелдің арқасына қарай төгіліп жатады. Тақиядан гөрі біздің қазақ әйелдерінде орамал, жаулық тағу көбірек танылған. Енді жаулықты қазіргі кезде әжелер тағып жүр кимешектің орнына. Сондықтан келсін-келмесін үп-үлкен ханымдар тақия емес, басына жарасымды орамал немесе қасаба тектес киімдер киіп жүрсе жақсы болар еді.
Мектептерде жаппай ұлттық киім кию қалыптасып келеді. Бұған көзқарасыңыз қалай?
- Бала жеңге қарап өседі дейді. Бала ұлттық киім кигенде шынымен де ұлттық рухы көтеріледі. Қазір бізде мектеп формалары бар ғой, соған ұлттық нышан араластырып, оюмен әдемілеп киюге болады. Ал енді іс-шараларда, мерекелерде қызылды-жасылды ұлттық киімдерді киюге болады. Айтпағым, мектеп формасын ұлттық киімге лайықтап киген дұрыс болар. Бірыңғай болуына мән беру керек. Мысалы біздің Air Astana-ның бортсеріктерінің киімдерінде ұлттық нышандары бар ғой. Киімнің күнделікті формасы бар әрі ұлттық нышаны да бар. мектеп формалары да солай формасын сақтай отырып, ұлттық нышан қосса жақсы деген ойдамын.
Өзіңіз ұлттық киімді қаншалық жиі киесіз?
- Мен ұлттық киімді өте көп киемін. Өйткені осы салада істегеннен кейін өзі насихатшы болайын деп әрдайым тойларға, қонаққа, үлкен жиналыстарға ұлттық киім киіп барамын.
Фарида Мерхамитқызы, қазір ұлттық киім бағатында нақты немен айналысып жүрсіз? Сіздің бастамаңызбен ашылған «Ерке-Нұр» сән театры мен журналы осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр ма?
- Мен қазір «Ерке-Нұр» ұлттық киім шығару ісін жалғастырып келемін. Әр жылы жаңа өнімдер өндіремін. сін театрымыз жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы Қытайдың Чуньсин қаласында әлемдік этно-fashion фестивалін өткізбекшімін. Қытай мемлекетімен келісімшартта отырмын. Сонымен бірге, ұлттық киімді жаңа стильде дайында жатырмыз. «Ерке-Нұр» сән журналы қазір тоқтап тұр.
Ұлттық киімді дамыту арқылы қазақтың болмысын, тарихын сақтауға қосып жүрген үлесіңіз үшін көп рақмет! Еңбегіңіз өрлей берсін!
Жақында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама жайын сөз етті.Бүгінгі тақырыпты сол жиында Президенттің айтқан сөзімен қорытындылауды жөн көрдік.
«Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек».