Ұлттық кеңес құрылғаннан бері 90-нан астам нормативтік құқықтық акті қабылданды
27 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz
Жалпы алғанда, Ұлттық кеңес құрылғаннан бері Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру мақсатында 90-нан астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Қазіргі уақытта тағы 12 заң жобасы әзірлеу және қарау сатысында.
Сондай-ақ отырыста ҰҚСК мүшелері алдағы жылы ұйымдастырылатын зерттеу жұмыстарының тақырыптар тізбесін талқылады. Бұл зерттеу жұмыстары негізінде мемлекеттік органдарға арнайы ұсыныстар әзірленеді деп болжануда. ҰҚСК аясындағы 4 жұмыс тобының әрқайсысының шеңберінде белгілі бір бағыттағы өзекті мәселелер жеке-жеке зерделенетін болады.
Атап айтсақ, Жеміс Тұрмағамбетова, Бөріхан Нұрмұхамедов, Мұрат Әбенов, Саясат Нұрбек, Төлеутай Рақымбеков, Марат Бәшімов, Расул Жұмалы, Лаззат Қожахметова, Дәурен Қуат, Асхат Садырбай, Александр Данилов, Тәттігүл Талаева, Дания Еспаева, Қанат Нұров, Қайсар Тұрсынқожа, Қанат Сахария, Берік Әбдіғалиұлы, Андрей Чеботарев, Айман Омарова және Исламбек Салжанов зерттеулерді өткізуге қатысты өз ұсыныстарымен бөлісті.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар келесі жылы түрлі салалардағы реформалардың жүзеге асыру барысын талқылау бойынша мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен жоспарланатын кездесулерді өткізу, өңірлерде көшпелі отырыстарды ұйымдастыру сұрақтарына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі консультациялық-кеңесші орган болып табылады. Оның негізгі мақсаты – қоғам қайраткерлері, саяси партия өкілдері және сарапшылармен кеңінен талқылау өткізу негізінде мемлекеттік саясаттың көкейкесті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Ұлттық кеңесті құру туралы Жарлыққа 2019 жылғы 12 маусымда қол қойылған.