Қазақ халқының рухани тірегі, ұлттық үні – Қазақ радиосы. Ұлттың үнжариясына айналған «Қазақ радиосына» биыл 100 жыл, «Шалқар» радиосына 55 жыл толып отыр. Радио 1921 жылы 1 қазанда алғаш рет хабар таратты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «1 қазан – Радио қызметкерлері күні» деп жариялауды ұсынған болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Президент ұсынысымен 13 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысы шықты.
Атап айтқанда, мерекелер тізіміне «34-2. Радио күні – 1 қазан» тармағы енгізілді. Қаулы кеше күшіне енді.
Ғасырлық мерекеге орай «Қазақ радиосының» Алматы қаласындағы ғимаратының қабырғасына «Радио үйі» деген жазуы бар мемориалдық тақта орнатылды.
Оның ашылу салтанатына радиода ұзақ жыл қызмет еткен ардагер журналистер, радио журналистері мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара барысында ардагер журналистер радионың тарихына тоқталып, өздерінің естеліктерін айтты.
«Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойына орай Желтоқсан көшесіндегі аялдамаға радионың аты беріліп, радио аппараты ілініп қойылды. Онда енді тәулік бойы радио сөйлеп тұратын болады. Болашақта Алматының әрбір аялдамасында Қазақ радиосы сөйлеп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі аялдамада Қазақ радиосының сөйлеуі Орынборда 1921 жылы ашылған алғашқы радио секілді ыстық», - деді «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Намазалы ОМАШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы ұлттың үн жариясына қатысты пікірін білдірді.
«Бұл күн ерекше есте қалатын, қазақ халқы мен мәдениеті үшін абыройлы күн. Қазақ радиосының ғасырлық тарихын аз уақыттың ішінде айтып тауысу мүмкін емес. Қазақ радиосынан берілетін «Ардагерлердің естеліктері» бағдарламасын шамам келгенше үзбей тыңдаймын. Әрқайсысының айтары бар. Радио тыңдағанда басымды изеп, рахаттанып отырамын. Қазақ радиосы дүрілдеп тұрған кезінде қырық «Правда» газетіне жүк болатын материал берген кезі болды. Заманға қарай қазірдің өзінде радиода сағаттап тікелей эфирге шығады. Кезінде сақа журналистердің өзі «тікелей эфирге бар» дегенде тізесі дірілдейтін. Радиодан басқа ешбір сала бұл жүкті атқара алмас еді. Себебі, ол кезде телевизия атымен жоқ, баспасөз аз болды. Жаңалықтарды бүтін бір республикаға тез жеткізу мүмкін емес. Алғашқы радиохабарлардың негізін қалаған – Алаш арыстары. Оның ішінде – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол туралы кезінде «Ахаңдар ашқан арна» деп мақала жаздым», - деді ол.
Сонымен қатар, Радио үйінің жанындағы автобус аялдамасына «Қазақ радиосы» аялдамасы деген атау беріліп, қаланың картасына енгізілді.
Осы аялдама жанында 24 сағат бойы Қазақ радиосы толқыны хабар таратып тұрады. Мерекелік іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасында «Алматыдан сөйлеп тұрмыз...» атты радионың ғасырлық тарихынан сыр шертетін көне құжаттар мен сурет көрмесі өткізіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ телерадиосының ардагері ақжарма тілегін айтты.
«Бүгін жүрекжарды қуанышты күн. Қазақ радиосы – ұлттың үні, қазақтың тілі мен болмысы. Радиодан біздің бейнеміз көрінбесе де, жүрегіміз көрінетін. Сол жүрегімізбен қазақ радиосының ғасырлық тойына аман-есен жетіп, жарқын істеріне куә болып тұрмыз. Бұл біз секілді ардагерлердің ортақ үйі. Радио арқылы арманымызды айтып, елдің арманын жеткізіп, жоғын түгендедік. Үніңнен, құныңнан айналайын, Қазақ радиосы!», - деді ол.
Сауық ЖАҚАНОВА, ҚР еңбек сіңірген артисі, радиода істеген кездері туралы ойымен бөлісті.
«Ғасыр жасаған Қазақ радиосында 55 жыл қызмет атқардым. Радио тек осында жұмыс істеген журналистердің ғана емес, бүкіл қазақтың радиосы, үнжариясы. Халықтың мәдениеті мен әдебиетін насихаттайтын киелі орын. Бүгін радио саласында өзіммен қатар қызмет істеген журналистерді көріп, көзайым болып жатырмыз», - деді ол.