«Ұжымдық батыс» миссиясы

«Ұжымдық батыс» миссиясы www.bbc.com

Еуропалық елдер басшылары халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға жиналды. 

 Жаһандық БАҚ-тың жаппай назары ауған Ақ үйдегі В.Зеленский мен Д.Трамптың сәтсіз кездесуі Украина жерінде соңғы үш жыл бойы созылып келе жатқан соғыс жақын күндері аяқталады деген сенімге селкеу түсірді. Расында да, әлем көптен күткен В.Зеленскийдің АҚШ-қа сапарынан жаһан жұрты маңызды мәлімдемелерден бөлек, нақты шешім күткені рас. Мың құбылған саяси мүдделердің қақтығысы, қос саясаткердің бір-бірін негізсіз айыптауымен, тіпті дипломатиялық этикетке сай емес сұрақтар қойылып, екеуінің де сабырының сарқылуымен аяқталды. Жоспарланған келісім-шарттарға қол қойылмай, Украина президенті В.Зеленский ресми сапарын шорт кесіп, Британ империясының мұрагері саналатын Англияға табан тіреді. Қазірге бізге белгілісі – Америка Құрама Штаттарында биліктің бағыты толықтай өзгеріп, саяси шешім қабылдауда әсіреоңшыл, ұлтшыл бағыттағы саяси арнаға ауысқан. Тек президент Д.Трамп қана емес, вице-президент Д.Венстің де саяси таным жүйесі ХХ ғасыр басындағы Еуропадағы ұлтшылдық бағытқа ұқсас сарында дамуда. Мақаламызда Украинада бейбітшілікті қайта қалпына келтіруде Еуропа елдерінің бірлігі мен болашаққа көзқарасының қаншалықты үйлесімді екенін талдап көрелік.

 · В.Зеленскийдің Ақ Үйдегі келіссөзінің күтпеген нәтижемен аяқталуы Украинаны «алыптар арасында жалғыз» қалғанындай әсер қалдырып еді. Оның тұманды альбионға сапары, Украинаның қауіпсіздігі – Еуропа қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін көрсетті.

· 2016 жылғы Брексит соңғы жылдары ЕО аймағында популистік саясаткерлердің артқанын, Еуропа идеясының дағдарысын көрсеткен еді. Украинада бейбітшілікті қайта қалпына келтіру мақсаты Еуропа елдерін біріктіруде.

· Саммит қорытындысы бойынша, Франция мен Англия елдері Украинамен бірлесіп, келесі аптада «бейбітшілік жоспарын» Д.Трампқа ұсынатын болады.

· Украинаға беріліп келген, АҚШ әскери қолдауын енді Франция және Англия елдері толықтыратын болады.

·  Еуропада 84 000 АҚШ әскері НАТО аясында жұмыс жасауда.

НАТО тұтас аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?

Жексенбі күні Лондонда өткен арнайы саммитке жиналған еуропалық саяси көшбасшылар мен  Канада премьер-министрі Д.Трюдо қалай болғанда да Америка Құрама Штаттарымен конструктивті байланысты қайта қалпына келтіру маңызды екеніне баса тоқталды. Ал Украинаның территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігінің бекем болуына Англия мен Франция бірлесіп, тұтас Еуропа елдерін бірігуге шақырды. Әдетте, соңғы отыз жылда халықаралық саясатта «ұжымдық Батыс» деп НАТО елдері мүшелеріне қаратып, көптеген маңызды мәселелерде Америка мен Еуропа елдерінің ұстанымы бірге қаралатын. Лондонда өткен саммит трансатлантикалық сипатта өтуден гөрі, Еуропа қауіпсіздігінің болашағын анықтайтын жиын болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1949 жылы кеңестік коммунистік идеологияға бірлесе қарсы тұру үшін құрылған Солтүстік Атлантикалық Қауіпсіздік Ұйымы (НАТО) кейбір сарапшылардың пікірінше, КСРО саяси субъект ретінде ыдырағаннан кейін таралуы қажет еді. Себебі, нақты миссиясын орындаған әскери одақтың әрмен қарай қалыпты жұмыс жасауы болашақта, физика заңына сәйкес, жаңа «қарсылас, жау» елді қалыптастыруы заңдылық. Расында да, Ресейдің Украинаға шабуыл жасаудағы басты уәждерінің бірі – Украинаның НАТО құрамына қосылуына жол бермеу еді. Украинаның нақты қашан НАТО құрамына қабылданатыны әзірге белгісіз. Керісінше, Д.Трамптың мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыру департаментінің басшысы И.Маск Американы БҰҰ мен НАТО сынды халықаралық ұйымдардан шығуға шақыруда. Еуропалық саясаткерлердің Мюнхен қауіпсіздік конференциясынан кейін Парижде, В.Зеленскийдің Вашингтонға сапарынан кейін Лондонда саммит өткізіп, Еуропа қауіпсіздігінің болашағына алаңдауы – біздіңше, НАТО-ның Еуропалық біртұтастықты қамтамасыз етудегі ықпалының әлсірегенін көрсетеді. В.Зеленский сұхбаттарында үнемі «Украина қауіпсіздігі – Еуропа қауіпсіздігі» деген нарратив аясында пікірін ашық білдіруі де АҚШ пен Еуропаның қауіпсіздік бойынша құндылықтарының бөлек екендігін көрсетеді. Украинада бейбітшілікті қалпына келтіруде АҚШ-тың ұстанымының күрт өзгеруі негізгі шепке Еуропа елдерінің шығуына мәжбүрлеуде. Себебі, соғыс нақты Еуропа құрлығында өтуде.

Еуропалық Одақ елдеріне қауіп қайдан?

          Украина мен Ресей арасындағы 2014 жылы басталған саяси байланыстың күрделенуінде Еуропа елдері бейтарап қарап келген жоқ. Тіпті, белгілі 2015 жылғы Нормандия келісімі мен кейінгі Минск келісімдерінің жүзеге асуында Германия мен Франция белсенді рөл атқарған еді. Расында да, Еуропалық Одақ елдері Грузияны, Украинаны, Молдованы және Балтық теңізі бойындағы елдерді Ресеймен қауіпсіздік балансын сақтауда басты «қақпа» ретінде қарастырады. Сондықтан бұл жолғы кез келген келісімді Украинаға Батыс тарапынан қауіпсіздік кепілдігін берумен аяқтауға деген ұмтылыс байқалады. Лондонда өткен саммиттің басты қорытындысы ретінде Еуропа елдерінің бірыңғай шешімі алғаш рет Украинаға әскер жіберу бойынша келіссөздердің басталуы болды. Екіншіден, Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкциялар пакеті дайындалмақ. Лондон саммитінің ізін ала, бейсенбі күні Брюссельде Еуропалық комиссия 2025 жылға арналған қауіпсіздік саласындағы нақты бағдарламаны жариялайды. Аталмыш бағдарламада Еуропалық комиссияның Украинаға қатысты ұстанымы нақты көрсетіледі.

ХХІ ғасырдағы саяси қақтығыстарды реттеу: дипломатия неліктен әлсіздік танытуда?

ХХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап белсенділігін арттырған көпжақты дипломатия ХХІ ғасырдағы саяси мәселелерді шешуде әлсіздік танытып отыр. Таяу Шығыстағы соңғы нүктесі қойылмаған дағдарыстар, Қиыр Шығыстағы қауіпсіздік дилеммасы және Украина төңірегіндегі геосаяси қақтығыстар көпжақты дипломатияның символы болған халықаралық ұйымдардың ықпалының жоқтығын айқын көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың ықпалы мен жаһандық саясаттағы әлеуеті артпаса, алдағы уақытта мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды шешу одан әрі күрделене түспек. Халықаралық институттардың ықпалын арттырудың бірден-бір тиімді жолы – «орта держава» статусындағы елдердің жаһандық мәселелердің шешімін табудағы рөлін күшейту. Ірі держава статусындағы елдер үшін әлемдік саясат – мүдделер тартысы мен күшке негізделген реалистік әлем. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрқашан мәлімдеп отыратынындай, әлемдегі әрбір саяси текетірес тек дипломатия арқылы шешімін табуы тиіс. Себебі, тарихтан білетініміздей, кез келген соғыс соңында келіссөз арқылы аяқталады. 2045 жылы БҰҰ құрылғанына 100 жыл толады. Аталмыш датаға дейін бұл халықаралық ұйым толық реформадан өтіп, жаһандық саясаттағы күрмеулі мәселелерді шешуде белсенділік танытпаса, саяси қақтығыстарды реттеу одан әрі қиындай бермек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:48

18:46

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03