ffin.kz

Уақытша Үкімет, мас әкім, сотталған директор...

Уақытша Үкімет, мас әкім, сотталған директор... Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі жаңалықтар лентасына шолу – күн керуені


Алматыдағы үшінші вокзал



Мәдениет шағын ауданы маңында салынады. Платформаны «Қазақстан темір жолы» салады. Бұл жоба Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және көлік қаңқасының жоспарында көрініс тапқан. Алатау ауданындағы Алматы-3 вокзалының құрылысы агломерацияны дамыту жөніндегі жобалар кешеніне кіреді. Жаңа теміржол платформасы жүк және жолаушылар легінің бір бөлігін қайта бағдарлауға, сонымен қатар, айналымға қосымша жолаушылар пойыздарын қосуға мүмкіндік береді, соның есебінен қалалық автожол инфрақұрылымының көлік жүктемесі азаяды.


Судан «алған» алғашқы алтын



Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары тарихта алғаш рет алтыннан алқа тақты. Эдуард Ким мен Наргиза Болатова жұбы техникалық бағдарламада чемпион атанды. Ұлттық құраманың қос спортшысы финалда 228,0050 ұпай жинады. Төрешілер бағдарлама қиындығы жағынан олардың өнерін жоғары бағалады. Бұл Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген алғашқы алтын медалі.


«Джетлагқа» шалдықпайық!



Елімізде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы қаулы қабылданды. Келесі айдан бастап қазақстандықтар бір уақытпен жүретін болады. Уақыт белдеуінен қалыс не озық жүру «джетлаг» синдромына  шалдықтырады екен. Біз уақытты 1 сағат жылжытамыз деп жатырмыз.


Әр елдің уақыты географиялық жағдайына қарай меридиан сызығы бойынша белгіленген. Сағат өлшемі адамдардың өмірін жеңілдету үшін ойлап табылған. Ал «джетлаг» синдромына шалдыққан адамның ұйқысы қанбайды. Сосын ісі де өнбейді. Мұның сыртында обыр, диабет, қан тамырлары жүйесі ауруларын туғызады. Әсіресе қатерлі ісікке шалдығу қаупі 15%-ке артады екен.


Әзірге 4-орындамыз



Ташкентте ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстанның атынан Айнұр Абдықалықова өз өнерін ортаға салды. 45 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан отандасымыз жұлқа көтеруде 62 келі, ал серпе көтеруде 75 келіні бағындырып, екі жаттығудың қорытындысы бойынша 137 келімен 4-орынға табан тіреді. Алдағы күндері жарыс жолына тағы 6 отандасымыз шығады.


Автокөлік құжаты үшін мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ қойыңыз



Қаңтардан бастап алматылық автокөлік иелері онлайн рәсімдеген құжаттарын Мамандандырылған ХҚО-ларға бармай-ақ ала алатын болды. Енді Алматы қаласы Жандосов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Әуезов аудандық ХҚО ғимаратының 2-ші қабатында онлайн форматта рәсімделген дайын құжаттарды беру секторы жұмыс істейді. Мұнда “көлік құралдарын тіркеу” және “жүргізуші куәліктері” бойынша дайын құжаттарды алуға болады.


Дайын құжаттарды беру секторы дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.


Қытай таланттыларды тартпақ



Қытай премьер-министрі Ли Цянның айтуынша, шетелдік мамандар Қытайдың экономикалық және әлеуметтік дамуын ілгерілетуде және Қытай мен шет елдер арасындағы алмасу мен ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Қытай да саясатты оңтайландырып, зияткерлік меншік құқығы мен басқа да құқықтарды қорғауды күшейтіп, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген таланттардың Қытайда жұмыс істеп, өмір сүруіне жақсы жағдай жасамақ.


QR-кодпен дәрігерге де барасыз...



Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев мәлімдеуінше, енді дәрігердің қабылдауында болғаныңызды QR-код арқылы растауға болады.


Бұл жоба қазір Астана, Алматы және Солтүстік Қазақстан облысының кейбір емханаларында іске қосылды. Емделуші eGov мобильді қосымшасы арқылы QR кодын сканерлейді. Қосымша науқастың емді бастаған уақытын, медициналық ұйымның атауын, дәрігердің аты-жөнін және емді аяқтаған уақытын көрсетеді.


Әкімнің мастығы әлі тарқамапты



Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Мұстафин атындағы ауылының әкімі Қайрат Құсайынов көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды. Әкімшілік сот әкімді жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырып, 15 тәулікке қамауға алды.


Дәл осы Қайрат Құсайынов 2018 жылдың 25 тамызында да мас күйінде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен ұсталып, үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын.


Бұл жолы Қайрат Құсайыновтың мемлекеттік қызметкер ретіндегі тағдыры жазасын өтеп шыққан соң белгілі болмақ.


Үкімет отставкаға кетті



Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» жарлыққа қол қойды. Президент ҚАУЛЫСЫНА сәйкес:



  1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын.

  2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Роман Васильевич Склярға жүктелсін.

  3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра берсін.

  4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


"Алтын Орданың" бұрынғы басшысы сотталды



Ермек Марқабаевқа 296-баптың 4-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша айып тағылды.


Сот үкімі бойынша, ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30