Қалада барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы жалғасып жатыр. Қала тұрғындары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келуде. Олардың көбі отбасымен бірге келген. Түске қарай да сайлаушылар легі толастаған жоқ.
Қалада барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген жері бойынша, 73-і уақытша болатын орындарда ашылған. Сайлаушылар тізіміне 1 млн 355 мыңнан астам адам енгізілген. Дауыс беруді ұйымдастыруға сайлау комиссияларының 4 826 мүшесі жұмылдырылған.
Депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер: 109-ы төрт саяси партияның тізімі бойынша, 59-ы 21 бірмандатты сайлау округі бойынша тіркелген.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін сайлау учаскелерінде арнайы кабина жабдықталып, ақпараттық материалдар орналастырылған. Қалада 170 инватакси көлігі мен 80 сурдоаудармашы жұмылдырылған.
41 сайлау учаскесінде Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға арналған бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Денсаулық жағдайына немесе науқас отбасы мүшесіне күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне өздігімен келе алмаған тұрғындар үйде дауыс беру үшін сағат 12:00-ге дейін өтініш берді.
Сайлау учаскесінің мекенжайын нақтылап, сайлау туралы қосымша ақпаратты бірыңғай 109 нөмірі арқылы алуға болады.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.