Бір жыл бұрын Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесінде түркі елдерінің жастарын біріктірді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгінде жылы лебіздер кері бағытта жолдануда: Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жас өкілдері Алматыны Қала күнімен құттықтады.
Қазақстанның оңтүстік астанасына арналған құттықтауларды Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан жастары жолдады. Олар Алматыға өркендеу, жаңа жетістіктер, бірлік және ең бастысы – жастар үшін мол мүмкіндіктер тіледі.
Бұл жылы лебіздердің Алматы үшін маңызы ерекше. 2025 жылы қала алғаш рет «Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесіне ие болды. Алматы түрлі елдердің жас көшбасшылары мен кәсіпкерлері, волонтерлері, студенттері және жастар ұйымдарының өкілдері бас қосатын ортақ алаңға айналды. Қалада халықаралық алмасулар, форумдар, мәдени және қоғамдық жобалар өтті.
«Сәлем, Алматы! Түркия жастарының атынан сіздерді Қала күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әсем Алматыға әрдайым жаңа биіктерге ұмтылып, армандар орындалатын және жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашылатын қала болып қала беруін тілейміз! Түркиядан Алматыға ыстық сәлем! Алматы, туған күніңмен!» – делінген Түркия жастарының құттықтауында.
Әзербайжан жастары да алматылықтарға ерекше жылы лебіздерін білдірді:
«Қымбатты Алматы! Әзербайжан жастары сіздерді Қала күнімен құттықтайды! Алматы – табиғаты көркем, ерекше энергиясы бар ғажайып қала. Сіздерге бейбітшілік, бақ-береке және жаңа жетістіктер тілейміз! Алматы, туған күніңмен!»
Көршілес Қырғызстаннан екі ел арасындағы бауырластық пен достық туралы ізгі тілектер айтылды:
«Ассаламу алейкум, Қазақстан! Қымбатты бауырлар! Сіздерді 20 қыркүйекте аталып өтетін Алматы қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Алматыға өркендеу мен үлкен жетістіктер, ал екі ел арасындағы достық пен бірлікке жылдан-жылға нығая беруді тілейміз. Бауырлас Қырғызстан атынан бауырлас Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймыз!»
Жастар астанасы мәртебесінің аясында бір жыл бойы тығыз қарым-қатынас пен бірлескен жұмыс жүргізілді. 2026 жылдың маусымында Алматы Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан жастарын қайтадан бір алаңға жинады. Жастар білім беру, экологиялық, волонтерлік және мәдени жобаларға бірге қатысты. 2025–2026 жылдары бастаманы іске асыру кезеңінде жастар комьюнити-орталықтарының базасында 60-тан астам іс-шара өтіп, 8 мыңнан астам қатысушыны біріктірді.
14 маусымда Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы ретіндегі миссиясын аяқтап, символикалық эстафетаны Өзбекстанның Хиуа қаласына табыстады. Түркі мемлекеттері ұйымы мұндай бастамалардың жастар арасындағы байланысты нығайтуға, білім беру, шығармашылық және мәдениетаралық диалогты дамытуға ықпал ететінін атап өткен болатын.
Алайда жолданған құттықтауларға қарағанда, символикалық кілттің табысталуы бұл тарихқа нүкте қойған жоқ. Бір жыл ішінде түрлі елдердің жастары арасында қалыптасқан байланыс жалғасып келеді. Ал Қала күні Алматы кезінде өзі құшақ жая қарсы алған достарынан ең жылы құттықтаулардың бірін алды.