М.Әуезов мұражай үйінде «Р.Бердібай атындағы халық университетінің» кезекті дәрісі өтті. Оған Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Модератор – фольклортанушы ғалым Кенжехан Ісләмжанұлы. Орайлы сәтті пайдаланып, тұшымды ой-пікірлер мен әртүрлі естеліктерді хатқа түсіруді жөн көрдік.
Театр – мәдениет пен өнер ордасы
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне, құтты мекенге, қарашаңыраққа имене басатындардың бірімін. Өзім жас актер кезінде осында талай келдім. Мұқаң отырған үйді біраз аралағанбыз. Жалпы, бұл жер құттыхана мешіт іспетті. Уақыт өте келе менің де табаным тиіп, қонақ ретінде келгенім толқыныс тудырды.
Бұл жерде жақсы ойлар айтылады. Шер тарқатылады. Еліміздің ертеңіне күмән болмаса, «ойпырмай не болады?» деген бір алаңдаушылықтар да байқалып қалады. Мен өзім осындай ойды кешемін. Өйткені, мұны әдемі сөз үшін айтып отырған жоқпын.
Талай қымбатымызды арзандатып, арзанды қымбат қылып жіберген кездеріміз де хақ. Сол жағы өнер адамы ретінде жанымды жегідей жейді. «Қайтеміз, не істейміз?» деген сұрақтар мазалайды. Мен әлгі орыстардың «осы рөлді ойнадым» дегенін қабылдамаймын. Қазақтың ойнады деген сөзі өте жеңіл сөз. Баланың ойыны, әзіл-сықақ, жеңге мен қайынның қалжыңдасып ойнағаны сияқты естіледі. Тым тәрбиелі, сынық мінезді болғандықтан көбіне-көп маңызды сұрақтардың жауабын таба алмай жүргендігіміз қазақтың мінезінде сияқты.
Бәріне көнеміз, «бір мәнісі болар» деген ауыр мақалдар бар. Сондай-ақ, «бастан келсе өлдік, арттан келсе көндік» дейді. Абай хакім де «қазақтың мақал-мәтелдерінің іске алғысы да, іске алғысызы да бар» депті ғой. Оның бәрін бекер айтып отырған жоқ. Бастан өткен соң айтқан болар.
Сөзқұмар қазақпыз ғой. Тағы да сол данышпан Абайдың тілімен айтқанда, «өзімізден сөзіміз ұзын». Кез келген ойды, пәлсапалық пошымды кестелеп өнерлеп айтып, мақал, өлең қылып жібереміз. Қазақтың арғы-бергі замандарының бәрінде асықпайтын халықпыз ғой. Бір мәнісі болар деп жүреміз. Бірақ көп нәрседен құр қалып, айырылдық. Біраз дүниені көмескілендіріп алдық.
Соның бәрін біз, өнерде жүрген адамдар уайымдаймыз. Үйтіп-бүйтейік деп ат тон салып, атой салмаспыз. Өнерімізбенен жеткізуге тырысамыз. Кейде бір атым насыбайға өкпелеп қалатын қазақ, «өй, итің әртіс қой» деп алтыншы сұрыпқа итеріп тастай салады.
Кезінде мақала жазуды бастадым. Онда да қазақтың арғы-бергі тарихын емес, өнер жайлы, өнердің теориялары туралы ойландым. «Сахнада неге әндетіп сөйлейміз, неге айғайлап кетеміз, неге тек сақал-мұртты жапсырып алып, сырға таға салып көсемсиміз? Неге орыс режиссурасының жолымен жүреміз? Қазақи жолды таба алмаймыз ба?» дейтін ойлар есім кіре бастаған шақтан бастау алды. Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» сынды газеттерге жаздым. Өзім құрбылас ақын- жазушылар, журналистер маған «мынау кітап оқитын әртіс екен» деп айтатын болды. Көптеген ақсақалдарың қасына отырдым, қолына су құйдым, сөзін тыңдадым, ағаладым дегендей. Пайғамбар жасына толысқан актерлердің уақыттары біткенде қара жердің қойнына бердім, топырақ салып жүгіріп жүрдім. Көбі қарапайым, қарабайырлау ғой. Көбіне-көп жүректің жолымен, сөздің қадірімен ғана өнерпаз болғандарын білемін. Бұл ауыр сөз емес. Өз диссертациямды «Қазақтың шешендік сөзінің актердің ойына ықпалы» деп қорғадым. Оны маған тіліме тиек қылған театртанушы ағамыз Бағыбек Құндақбаев еді. Ол кісі «сен Мырқымбай бала, ойланады екенсің ғой!» деді. Мен «ойбай аға, қалай ойланбаймыз, ойланамыз» деймін. Бағыбек аға «жазып ойланады екенсің ғой, диссертация жазсаңшы» десе, «қойыңызшы» деп қоямын. Ол кезде әжептәуір жолым болып «халық әртісі», «Мемлекеттік сыйлықты» алған едім. М.Әуезов театры директорынан түскен кезім болатын. Мені сол кездері Академияға кіші «ғылыми қызметкер» етіп алып алды. Ғалымдар бөлек өлшемдегі адамдар екенін байқадым. Сөз байламдары өзгеше. Менің ахахулап жүрген өмірімнен бөлек адамдармен кездесіп, тыңдап, ғылымға кірісіп кеттім. Кіріскеннен кейін шынында да құдыққа түстім. Білмейтінім көп екен, әншейін бойыма сеніп сол әдемі хандардың костюмдерін киіп, бетті әрлеп, сақалды жапсырып, шошаң- шошаң етіп жүргенге мәз екенбіз. Өз-өзіме қапа болдым. Осылайша іздеген сұрақтарыма жауапты ғылымнан таптым.
Өнерпазды күтуші еді
Бір кездері өнер адамдарының қадірін халық арасында кетірудің халін көзіміз көрді. Жұрт таниды, көрермен біледі, кинода түскені, театрдағысы, аты-жөні бар. Кімсің, «халық әртісі», «еңбек сіңірген әртісі» ой бәленшеке-түгеншеке дейді. О кездерде теледидардан соншама насихаттамаса да халық өнерді өте жақсы көретін. Өнерпаздарды жұрт ерекше сыйлайтын. Іссапарларда үлкен актерлар директордың, орта жастағылар парткомның, жастар комсомолдың үйіне түсетін. Ол уақытта бүгінгідей мейманхана жоқ. Жиналып әңгіме-дүкен құрамыз. Көбіне-көп Бикен апам, Атайбек ағаларымыз қасына алып алатын. Себебі, домбырамен ән айтамын. Сосын сөз тыңдаймын. Сонда бата қылыңыз, сөз сөйлеңіз дегенде кейбір аңғал, адал, қарапайым ағаларымның «октябрьдің арқасында» деп бата бергенде шошып кеттім. Кеңес идеологиясы өзгеше ойлауға мүмкіндік бермеген ғой. Шалдың баласы едім. Атам Жаманқұл шежірелі кісі болатын. Өзі әзілқой-тұғын. Тұңғыш немересі болғандықтан әкем мен шешеме бермей алып алған. Әжеміз Баршагүл ертегіші, атам шежірешіл, мақалшыл болды. Атаның баласы болғаннан кейін біршама бата дегенді білемін. Әлгіні естіп қиналдым. Ол кезде кеңестің шым-шытырығына шырмалып қалған ғой деген ой болған жоқ. Мұның бәрі, кейін-кейін ойға келді. Жасыратыны жоқ, біз де бір кездері Компартияға сендік. Ол уақытта партияға жазсаң, сол қапалығыңды жөндеп беретін. Қазір өлдім десең де ешкім қара су татырмайды. «Ара» журналына бір сыни мақала шықса бітті революция болатын. Компартияның идеология жағынан мықтылығы сол еді. Содан мақала жазу жалғасты.
Актерлікті аудармадан бастадық
Алғаш сахнаны қамшы апарып беруден бастадым. Ән айтатынымды білген соң, әу дейтін рөл бере бастады. 1970 жылы М.Әуезов театрына актер ретінде кіргенім жоқ. Орысшаға аударатын ілеспе аудармаға кірдім. Әкем теміржолшы. Теміржолда орыстар да істейді. Көршілерім орыстардың қыздары болатын. Олармен жақсы доспын. Бірде ілеспе аудармашы ауырып қалыпты. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов айғайлап тұр екен. Орысша білетіндігімді Хадиша Бөкеева апамыз білді, сөйтіп аудармашылыққа қосты. Орысша айтып отырып, актерлердің сомдаған рөлін қарап отырамын. Орысша-қазақша мәтіндерді өзімше салыстырамын. Сонда орыстың сөзі дәлме-дәл айтылса, қазақтың сөзі кең мағынада, жайылып айтылады екен. Соны байқадым. Дәлізден сорайып жүрген соң, режиссерлер де көре бастады. О кезде мойным ырғайдай, бетім торғайдай. Шашым бар еді. Алғашқы ресми ұстазым Хадиша Бөкеева ғой. Ал ресми емес ұстазым – Асқар Тоқпанов. Талай жерде «өнерге қорқа-қорқа келдім» деп айтамын. Отбасында 11 баланың үлкенімін, ішімнен әкеме, бауырларыма көмектесуім керек деп қоямын.
Уағында Радж Кафурдың өнеріне таңдандық. Кейін әнге, домбыраға құмар болдық. Барып кел, алып кел, кісілерді қарсы ал дегенмен жүрдік.
Бір күні қызық болды. Әнуар Боранбаев деген досым «Еңлік– Кебек» қойылымында «уа, би қайда кеткен» деген сауалға «бүгін немесе ертең келіп қалар» дейтін жауап қатуы қажет болатын. Алайда, «Бүгін или ертең келіп қалар» деп жіберді.
Қараменді «ауыздан шыққан сөздің жел есігінде болған заман» дейтін сөзі бар. Ауыздан шыққан әр сөзге абай болған-ды, ол сөздің мән-мақсаты не, жеткізетін ойы не дегенге үңілген жөн. Әдебиетші Зейнолла Қабдоловтың Қарамендінің сөздерін талдағанын, әйгілі Станиславскийді қайталап оқыдым. Қалай болғанда да, қазақ театры сөздің мәйегіне мән береді. Қазақтың сөзі шұрайлы, құлаққа жағымды, мөлдіреп тұрмаса, мәнді болмайды. Солай алғаш рөлдерге кірістік.
Әдептен озу – өнерпаздық емес
Қазіргі көрермен ақымақ емес. Жаттанды сөзбен жұртты алдай алмайсыз. Театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев сын айту үшін мазмұнын біліп тұрса да драматургияны қайта оқып келетін. Сол жағынан келгенде қазақтың тілі театрда, драматургияда кедір- бұдыр. Мұны мойындауымыз керек. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, «бұл дерттің беті күшті». Тек қимыл-қозғалысқа, биге ойысып кеттік. Қазір эстрада әншілерінің қимылдағанын көресіз бе, әлде әнін тыңдайсыз ба? Бұл жағы бұлыңғыр. Неге бұлай шолжаңдай береді деген ойлар мазалайды. Ол әннің де астары, ойы бар ғой. Кезінде шамама қарамай ән айтқанмын. Сонда бір журналист қыз осы төңіректе сұрақ қойды. Ән деген тек махаббат үшін ғана керек емес. Ән деген – шер! Қазақтың «Елім-ай» әні тұнған тарих. Әндер де әртүрлі мағына береді.
Бір жолы Есенжол Домбаев ағамыз театрға келіп «Әй әртістер! Шошаңдай бермей, менің сөзімді айтыңдаршы» деді. Біздер «аға, сөзге жан бітіріп жатырмыз ғой» дейміз, оған қарамайтын.
Драматургия әдебиеттің жанры. Ал спектакль басқа жанр. Пьесаның негізінде басқаша көркем дүние келеді өмірге! Екеуі бір-бірін толықтырып тұруы тиіс.
Уағында «Қарагөз» қойылымында Сырымның рөлін сомдадым. Әбден сынға тап болдым. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов.
Бірде домбыра тартып, ән айтатын актер табылмай қалды. Әнуар Боранбаев даусы да, өзі де әдемі жігіт қой. Ол ән айта алмайды. Амал жоқ маған берді ғой. Ой, қырғын басталды. Ал Қарагөз іздейміз, табылмайды. Ғайникамал Байқошқарова, Жұмагүл Мейрамова, Гүлнар Ерәлиева, біразын байқап көрді. Бір күні Әзекең ештеңеге қарамай Фарида Шарипованы Қарагөз рөліне бекітті. Ол кезде ол кісінің 50 жастан асқан кезі еді. Апамыздың сахнадағы аурасы, серіктесіне әсер етуі ғаламат. Мен болсам Сырымды күрескер етіп сомдауға тырыстым. Сөйтсек, Оралхан «даусы қарлыққан, мұрны қоңқайған мұндай Сырымды қайдан көрдік өзі» деп мақала жазыпты. Спектальден соң үйіне іздеп бардым. Сүйген қызыңды біреу тартып әкетіп жатқанда, қарлыққан дауысқа емес, жанға қарау керектігін айттым. Мен «Фарида апам үлкен ғой, соны неге жазбайсыз» дедім. Сонда «ол менің апам, найман ғой» деп күлді. Осындайда қызықты жағдайлар болған.
Қазір «Қарагөз» спектаклін басқа жанр, басқа формамен қояды.
Қарағандыдағы «Қарагөз» спектаклі көңіл көншітпеді. Мәскеуді бітіріп келген 30-дан асқан қыз режиссер керегенің жанында анайы-ұятсыз көрініс қойыпты. Әр қойылым қазақтың әдет-ғұрпына, менталитетіне лайық болуы тиіс. Ондай дарақылық сахнадан көрінбесе екен. Театр – мəдениет пен өнер ордасы. Осыны ескеру керек!
Қай күні сын да, мін де түзеледі. Сол кезде әдептілік көрініс береді. Өнер арзандамаса екен...
Дайындаған Олжас ЖОЛДЫБАЙ.