Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған нақты нәтижелі құжат болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, елдегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшкенімен, ведомствоаралық ақпараттық жүйелер әлі толық біріктірілмеген. Сондықтан мемлекеттік аппаратты цифрландыруды жеделдету қажет.
"Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді ету керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықты азайтып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға басымдық берілуі тиіс.
"Цифрландыру мен бюрократия – от пен су сияқты бір-біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектке бейімделіп, ауқымды деректер қорын тиімді пайдалануға міндетті", – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру үдерісінің баяу жүріп жатқанын айтып, Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл жұмысты үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.
Сондай-ақ Президент ведомство жыл соңына дейін азаматтармен, бизнес өкілдерімен және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің жаңа форматына көшуде үлгі көрсетуі тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы AI-Sana бағдарламасын одан әрі дамытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев отандық IT-бизнесті дамытуға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Astana Hub базасында кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда Қазақстанның IT қызметтерінің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтаған.

Президент зияткерлік өнім шығарып, оны шетел нарығына ұсынатын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізу мәселесіне тоқталып, оны экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық тәуелсіздік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы екенін айтты.
Үкіметке өнеркәсіп саласына озық технологияларды енгізу үшін ынталандыру тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Президент сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселеге де тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрып, банкаралық QR-төлемдер, аударымдар және цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтерін іске қосқан.
"Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқартып, шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң бойынша осы инфрақұрылымға қосылуға міндетті. Алайда кейбір ірі банктер бұл талапты орындауды созбалаңға салып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.