Алматы облысының Балқаш ауданында 9 қыз тәрбиелеп отырған полиция қызметкері тұрады.
24.kz nелеарнасының мәліметінше, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы қызметін атқаратын майор шеніндегі жігіт ағасының үлкен қызы 9-сыныпта оқыса, ең кішісі – 4 айлық. Зайыбы екеуі оныншы перзентін күтіп жүр, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz
2008 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін Азамат Абрдахманов пен зайыбы Жазира Маңғытайқызы екеуінің отау құрғанына биыл 17 жыл болды. Ақнұр, Гүлнұр, Кәусар, Жасмин, Айару, Томирис, Адина, Медина, Даяна есімді қыздары қыр гүліндей жайқалып өсіп келеді. Азамат 8 наурызда ешқайсысын бөліп-жармай, бәріне сыйлық әзірлейді екен.
«10 сыйлық алу оңай ма?! 10 сыйлық алып береді бәрімізге, ешкімді бөлмейді. Қыздарының бәрін бірдей жақсы көреді. Бәріне бірдей мейірімділікпен қарайды», - дейді Азаматтың жары Жазира Малғаждарова.
Әрине, бақыттымын. 9 қыздың әкесі болу – бақыт. Енді алға қойған мақсатымыз бар, ұл болса екен деймін, ұрпақ керек. Қыз деген негізі, көбі айтушы еді, көзіміз жетіп отыр, жақсы екен. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен Қазақстан халқы әйелдерінің бәрін құттықтаймыз! - деді Балқаш аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Абдрахманов.
Азамат Асқарұлы Алматыда 10 жылдай тәжірибе жинап, 2014 жылы өзінің туып-өскен ауылы Бақанасқа ауысқан. Аудан халқы оны жақсы таниды. Майор шеніндегі полиция қызметкерін әріптестері де мақтан тұтады.
Жеке қасиеті бойынша айтатын болсақ, жұмысына тиянақты. Үйіне үлгілі әке. 9 қыздың әкесі бола тұра, жұмыс өміріне белсенді қатысып, қылмысты жеке ізімен анықтау барысына әрдайым атсалысып отырады, - дейді Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Айдар Омаров.
Азамат пен Жазира бүгінде оныншы перзенті ұл болады деген үмітте.
«Осы күнгі жастар дәрігерге көрініп, балаларының жынысын алдын ала біліп алуға құмар. Алланың бергеніне күпірлік қылу – бізге жат қылық. Түсіне білген жанға қыз – кең өріс», – дейді олар.