Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Отырыс барысында сөз алған Әлихан Смайылов жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, қатысушы елдер арасындағы өзара саудада оң серпін сақталып отырғанын атап өтті. Бұл көбіне Достастықтың интеграциялық байланыстарын дамытуға негіз болған Еркін сауда аймағы туралы шартты бірлесе іске асыру нәтижесінде мүмкін болды.
«ТМД елдері басшыларының қазан айындағы саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға, қолайлы тарифтік жағдайлар жасауға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғыда Қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнің тезірек күшіне енуі маңызды болып отыр. Бұл құжат арадағы өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Сонымен бірге, Үкімет басшысының пікірінше, бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты өнеркәсіптік кооперацияны кешенді түрде күшейту болуға тиіс.
«Өнеркәсіптік кооперация тұжырымдамасын және оны ТМД-ға мүше мемлекеттерде дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру біздің елдеріміздің экономикаларына тың серпін беріп, белгіленген жоспарларды толық көлемде жүзеге асыруға ықпал етеді», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов транзиттік-көлік бағыттарын бірлесіп дамыту серпінді және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың көрсеткіші екенін айтты. Осыған байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамытудың маңызы жоғары.
«Бұл транзиттік магистралдарды жаһандық “Бір белдеу, бір жол” жобасымен тоғыстырудың маңызды зор. Қазақстан өз тарапынан бірлескен жұмысқа дайын», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, экономикалық күн тәртібін ілгерілетумен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту да маңызды. Бүгінде бұл бағытта тиісті бағдарламалар мен тұжырымдамалар қабылданып, ТМД-ның ауқымды мәдени жобалары іске асырылуда.
«Бүгінгі отырыста біз 2024 жылы ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдаймыз. Осындай игі бастамалар ТМД-ның жақсы имиджін қолдауға, елдер арасындағы бұрыннан қалыптасқан достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», — деп түйіндеді Премьер-Министр.
Іс-шараларға Беларусь үкімет басшысы Роман Головченко, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан үкіметінің басшысы Кохир Расулзода және Өзбекстанның үкімет басшысы Абдулла Арипов, Әзербайжан Премьер-Министрінің орынбасары Шахин Абдулла оглы Мустафаев, Армения Вице-Премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурат Гельдымурадов қатысты.
ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды, атап айтқанда, олар геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар, тау-кен металлургия саласы, IT-сектор және т.б. салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.