Республика күні қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және қазақ тілін кеңінен насихаттауға бағытталған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауында Алматы қаласының өкілі, Ораз Жандосов атындағы №105 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мария Сурина II орынға ие болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы тамыз-қазан айлары аралығында өткен республикалық байқауды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және өзге этнос өкілдері арасында тіл мәдениетін дамыту.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Үздік цифрлы контент» деп аталып, қатысушылардан жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, Instagram, Facebook және TikTok әлеуметтік желілерінде #memlekettiktil хештегімен жариялауға арналған сапалы әрі мазмұнды аудиовизуалды өнім әзірлеу талап етілді.
Екінші кезең – «Қазақ тілін үйренудегі тиімді әдістер» бағыты бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілін меңгерудің тиімді тәсілдерін ұсынып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар мемлекеттік тілді күнделікті өмірде және кәсіби ортада қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобаларын таныстырды.
Алматы қаласының өкілі Мария Суринаның республикалық байқауда жүлделі орынға ие болуы – мемлекеттік тілді меңгеру мен насихаттауға қосқан үлесінің және кәсіби ізденісінің нәтижесі. Өзге этнос өкілі ретінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуы, мемлекеттік тілдің маңызын дәріптеуі — ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған игі істің көрінісі.
Республика күні – Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын айқындайтын маңызды мереке. Осы мереке қарсаңында мемлекеттік тілге құрмет көрсету, оны меңгеру және күнделікті өмірде кеңінен қолдану — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қазақ тілі – елімізді біріктіретін, ортақ құндылықтарымызды нығайтатын маңызды рухани негіз. Мемлекеттік тілді құрметтеп, оның дамуына үлес қосу – Қазақстанның жарқын болашағына қосылған үлес.
Мария Суринаны республикалық байқаудағы жетістігімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, кәсіби жетістіктер және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы еңбегіне толағай табыс тілейміз!