ffin.kz

Теңдік түбі – бірлік

Теңдік түбі – бірлік Egemen Qazaqstan







1991 жылдың 16 желтоқсан күні бекітілген еліміз Тәуелсіздігінің ең алғашқы құжаты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттардың азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде тікелей де, сондай-ақ өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асырады.


Республика азаматтары өздерiнiң ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бiрлестiкке жататынына, тегiне, әлеуметтік және мүлiктiк жағ­дайына, шұғылданатын қызметiне, тұр­ғы­лықты орнына қарамастан, бiрдей құқықтар иеленiп, бiрдей міндет­керлікте болады» деп жазылған. Осы­ның өзі елімізде тәуелсіздіктің алғаш­қы күндерінен бастап бір шаңырақ астын­дағы көпэтносты халық ішінде өзара келісім мен достық қатынастар негізін­де бірлікке қол жеткізуге ерекше мән берілгенін айғақтайды. Бұл бағыт­та, әсіресе, өз тағдырын өзі шешу құқына ие болып, жаңа мемлекеттік құры­лымдарын қалыптастыру сияқты күрделі кезеңде ел тізгінін қолында ұстаған елі­міздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өте орасан. Бұған Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қабылданған көптеген қаулы-қарар мен стратегиялық маңызы бар Жолдауларға, бағдарламалық құжат­тарға назар аудару арқылы көз жеткізуге болады. Бүгінгі таңда әлем таны­ған дана басшының дұрыс саясатын сәтті жалғастырып жатқан Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені тұрақты назарда ұстап келеді.










Этносаралық келісім мен достықтың қазақстандық үлгісінің қалыптасуында жетекші рөл атқарған, қазір де барлық отандастарымызды бір мақсат төңірегіне топтастырып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессия­сының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібімен шақырылуы да соның бір айқын көрінісі.


Бірлік пен достық мәселесінің кез келген мемлекеттің өмір сүруінде негіз­гі орынға ие болған сыртқы саясат, экономика, мәдениет, ғылым секілді са­ла­лармен қатар қойылуы және үнемі қаперде ұсталуы кездейсоқтық емес. Себебі жоғарыда атап өтілген және басқа да салалардың барлығы бір-бірі­мен тығыз байланыстылығы, олардың әрқайсысының өз алдына дербес өркендеуінің мүмкін емес екені тарихта бұрыннан дәлелденген шындық. Әсіресе, 130-дан астам этнос өкілдерінің ортақ үйіне айналған біздің ел үшін бұл – өте маңызды мәселе.


Көпшіліктің есінде болса, бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, оның құра­мындағы республикалар тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуға бет бұрған кезеңде көптеген сарапшы Қазақстан халқының ұлттық құрамының әралуан­дығын қаперде ұстап, оның болашағына күдікпен қараған еді. Алайда өмірде олар болжағандай болмады. Біз, керісінше, Елбасының дана саясатының арқасында әралуандығымызды мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалана білдік. Тәуелсіздікке қол жеткізген кейбір рес­публикалар дұрыс жол таба алмай, саяси және экономикалық дағдарыстар салдарынан қауіп-қатер астында өмір сүрген заманда, біз әлем жұртшылығының назарын өзімізге қаратып, жаһандық іс-шараларды өткізуге, миллиардтаған инвестицияларды тартуға, сол арқылы заманауи кешендердің салынуына, көптеген жұмыс орындарының ашылуына қол жеткіздік. Егер елімізде бірлік, саяси тұрақтылық болмағанда, бұл шаралардың бірде-біреуін іске асыру мүмкін емес еді. Себебі ешқандай мемлекет, ешқандай компания белгілі бір елдегі бірлік пен тыныштықтың тұрақтылығына көз жеткізбес бұрын оған өкілін жібермейді, инвестиция жұмсамайды, өркендеуіне үлес қосқысы келмейді. Демек, қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін бірлік пен достық – кез келген мемлекеттің саяси тұрақтылығының, экономикалық дамуының, мәдени гүлденуінің және басқа да жетістіктерінің кепілі.


Баршаға аян, белгілі шарттарсыз, себеп-мақсаттарсыз қандай да бір қо­ғамдық түзілістің немесе құбылыстың туындауы мүмкін емес. Олай болса, басқасын айтпағанның өзінде, географиялық тұрғыдан тілі де, ділі де, діні де бір-біріне мүлде ұқсамайтын әлемдегі ең алпауыт екі мемлекетпен шекаралас болған, өзіне де алуан түрлі мәдениеттер шоғырланған Қазақ­стан секілді елде қалайша достық пен бірлікке қол жеткізу мүмкін болды? Мұның бәрі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап-ақ, ұлттар достығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болған тең құқықтылыққа ерекше мән берілгенінің нәтижесі. Теңдіксіз шынайы достықтың болмайтынын, ал шынайы достық жоқ жерде бірліктің де болмайтынын адамзат баяғыдан түсініп болған. Ежелгі грек философы Платонның «Достық теңдіктен басталады» деп айтқан сөзі осыған дәлел. Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінен бөлек, бірқатар этностың тілдерінде газет-журналдардың жарық көруі, радио хабарларының таратылуы, театр және мектептердің жұмыс істеуі сол тең құқықтылығымыздың өмірдегі көрінісі болып табылады. Болашақта мұндай шаралар аясының кеңеюі, ғасырлар бойы жалғасып жатқан достығымыздың, бірлігіміздің одан әрі нығаюына септігін тигізе береді. 


Алайда ара-тұра, осы біздің айрандай ұйыған ұйымшылдығымызға, бірлігімізге қызғанышпен қарап, әртүрлі айла-амалдар арқылы арамызға іріткі салуға ұмтылатын күштердің де алаңға шығып қалатыны – ащы шындық. Осындай кездерде мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлттар өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік», деген сөздерін есіме аламын.


Себебі этносаралық қатынас – біртұтас шыны ыдысқа ұқсайтын аса нәзік мәселе. Сондықтан тас оның қай бөлігіне лақтырылса да, барлығы үшін бірдей қауіпті. Ал оның бір бұрышын ғана сындырып, қалған бөлігін аман алып қаламын деу – ақымақтықтан басқа ештеңе емес.


Мен қызмет бабымен және басқа да себептермен шет мемлекеттерде көп болдым. Сол сапарлар барысында ол елдерде тұратын әртүрлі этностардың, соның ішінде өз ұлтымның өкілдерімен де жақын араласқан кездер болды. Байқағаным, мен олармен қанша тығыз қатынас жасасам да, бәрібір, туып-өскен Отаным – Қазақстандағы достарымдай, ал олардың арасында әртүрлі этнос өкілдері бар, шынайы жақындықты, ой-пікір бірлігін сезіндім деп айта алмаймын. Сана-сезіміміздің, дүниетанымымыздың, өмір салтымыздың кейбір тұстары бір-біріне сай келмейтініне көз жеткіздім. Өйткені ұзақ жылдар бойы қазақ халқының әдет-ғұрыптары және дәстүрлері, сондай-ақ сол елді Отаным деп білген түрлі мәдениеттер әсері негізінде қалыптасқан халықтар бірлігінің қазақстандық моделі – бұл әлемнің ешбір еліне ұқсамайтын, әрқайсымыздың санамыздан терең орын алған төл үлгі. Мен мұны дүние жүзіндегі ең бекем бірлік деп санаймын.


 







Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04