Қазақстанда кейінгі жылдары азаматтардың тегін қазақы үлгіге ауыстыруға қызығушылығы артты. Әсіресе, құжаттағы "-ов", "-ева" секілді жұрнақтардан бас тартып, аты-жөнін ұлттық нормаға сай рәсімдеуге ниеттілер көбейген. Осыған байланысты Aqshamnews.kz редакциясы тегін өзгерту тәртібін, оған кететін шығын көлемін және қандай құжаттарды жаңарту қажет екенін тарқатып көрді.
Текті қазақшалау үшін қайда жүгіну керек?
Тегін өзгерту үшін алдымен тұрғылықты мекенжайға жақын орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Сол жерде азамат АХАТ органы арқылы аты-жөнін, әкесінің атын немесе тегін өзгерту туралы өтініш береді.
Бұл қызмет "Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгеріс, түзету, толықтыру енгізу" тәртібі бойынша рәсімделеді. Өтінішті тіркеу құны – 2 АЕК. 2026 жылғы есеп бойынша бұл 8 650 теңге.
Өтінішті қараудың ең қысқа мерзімі – бес жұмыс күні. Кей жағдайда қарау мерзімі 30 күнге дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде АХАТ органы тегіңізге өзгеріс енгізілгені туралы анықтама береді. Осы анықтама негізінде жаңа жеке куәлік рәсімделеді.
Жеке куәлік пен өзге құжаттарды ауыстыру қанша тұрады?
Жаңа жеке куәлікті рәсімдеу үшін мемлекеттік баж төленеді. Құжатты 15 жұмыс күнінде дайындау құны – 0,2 АЕК, яғни 865 теңге.
Егер жедел рәсімдеу қажет болса, Алматы мен Астана тұрғындары қосымша төлем жасап, құжатты бір жұмыс күнінде ала алады. Басқа қалаларда бұл мерзім – үш жұмыс күні, ал аудандарда – жеті жұмыс күні. Жедел қызмет құны жергілікті ХҚКО-да нақтыланады.
Тегін өзгерткеннен кейін бір ай ішінде жеке басын куәландыратын және соған байланысты өзге де құжаттарды қайта рәсімдеу қажет. Атап айтқанда:
төлқұжат;
жүргізуші куәлігі;
неке туралы куәлік;
зейнетақы келісімшарты.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру құны – 1,25 АЕК немесе 5 406 теңге.
36 беттік төлқұжат – 8 АЕК, яғни 34 600 теңге.
48 беттік төлқұжат – 12 АЕК, яғни 51 900 теңге.
Неке туралы куәлікті қайта рәсімдеу – 2 АЕК, яғни 8 650 теңге.
Ал мектеп аттестаты, колледж және жоғары оқу орны дипломдарын ауыстыру міндетті емес. Жоғарыда айтылған өзгерістерге жұмсалатын шығынды жалпы алсақ, тегіңізді ауыстырғаныңыз үшін 50 мың теңгеге жуық қаражат жұмсайсыз.
Орысша жұрнақтан арылу үшін не істеу керек?
Кей жағдайда тек "-ов", "-ева" жұрнақтарын алып тастау жеткіліксіз. Егер тектің түбірі орысша жазылып кеткен болса, оның қазақша түпнұсқасын дәлелдеу қажет болады.
Мысалы, Сариев – Сары, Жунисалиева – Жүнісәлі, Жокешова – Жөкеш түрінде түзетілетін болса, мұндай өзгеріс үшін арнайы лингвистикалық қорытынды керек. Бұл анықтаманы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөлімі береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай қорытындыны кез келген филолог емес, ономастика саласы бойынша білікті сарапшы ғана рәсімдей алады. Анықтаманы Алматы қаласындағы институттан офлайн алуға немесе құжаттардың электрон нұсқасын жіберіп, онлайн рәсімдеуге болады.
Қызмет құны шамамен 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін. Егер есімнің шығу төркінін анықтау күрделі болса, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Aqshamnews.kz редакциясы ХҚКО-ға Қазақстан бойынша қанша азаматтың тегін өзгерткенін нақтылау мақсатында ресми сауал жолдады. Алайда мекеме бұл мәліметтің жеке деректер санатына жататынын айтып, мұндай ақпараттың берілмейтінін жеткізді.