Халық арасында «Екі шипаның бірі – бал» деген сөз бар. Мыңдаған жыл бойы дастарханнан түспеген бұл өнім бүгінде балмен шай ішумен ғана шектелмейді. Әлемде ол фармацевтикада, косметологияда және тағамдық қоспалар өндірісінде кеңінен қолданылып келеді. Қазақстанда да балды шикізат күйінде сатпай, одан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге деген қызығушылық артып келеді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Соның бір мысалы – Жетісу облысының Текелі қаласында іске қосылған табиғи омарта өнімдерін терең өңдеу жобасы. Кәсіпорын балды дайын өнімге айналдырып, дәрумендік кешендер мен табиғи қоспалар шығаруды көздейді.
Қазақстан балды көп өндіреді, бірақ аз өңдейді
Қазақстанда жылына шамамен 10–12 мың тонна бал өндіріледі. Алайда оның өнеркәсіптік деңгейде өңделетін үлесі 1 пайызға да жетпейді. Яғни елімізде өндірілетін балдың басым бөлігі сол күйінде сатылымға шығады.![]()
Бұл – бір жағынан мәселе болса, екінші жағынан үлкен мүмкіндік. Себебі шикізатты терең өңдеу өнімнің құнын арттырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастыруға жол ашады.
Нарықтағы сұраныс та өзгеріп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы Қазақстанда дәрумендер мен олардың туындыларын өткізу көлемі 381,1 тоннаға жеткен. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,3 есе көп.
Сарапшылар Қазақстандағы дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар нарығын 80 миллиард теңгеден астам деп бағалайды. Демек табиғи шикізаттан осындай өнімдер жасау – ауыл шаруашылығы үшін де, өңдеу өнеркәсібі үшін де перспективалы бағыт.
Текелі балының ерекшелігі неде?
Текеліде өндірістің артықшылығы – тек технологияда емес, шикізаттың өзінде.
![]()
Қала маңындағы омарталар өндірістік және қалалық аумақтардан алшақ, тау бөктерінде орналасқан. Аралар табиғи өсімдіктерден шырын жинайды. Ал балдың дәмі, хош иісі мен құрамына оның жиналған ортасы тікелей әсер етеді.
Осы табиғи ерекшелікті өндірістік мүмкіндікке айналдырып отырған «Kausar Shifa Kz» компаниясы 2025 жылы құрылған.
Кәсіпорынның негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Қайролланың айтуынша, компанияның мақсаты – балды тек азық ретінде ұсыну емес, оның негізінде адамға пайдалы табиғи өнімдер шығару.
«Біздің мақсатымыз – табиғи шикізат негізінде халық денсаулығына пайдалы өнімдер шығару. Қазір кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта омарта ұяларының санын көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Бір сағатта – 1,5 мың құты
Кәсіпорында омарта өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік беретін технологиялар қолданылады. Өндірістік желінің қуаты сағатына 1,5 мың шыны құты өнім шығаруға жетеді.
Бұл жерде балдың өзі ғана емес, одан жасалатын дәрумендік кешендер мен табиғи қоспалар да маңызды.
Мұндай тәсілдің экономикалық пайдасы айқын: ауыл шаруашылығы өнімін шикізат ретінде сатып қана қоймай, оны бірнеше кезеңнен өткізіп, дайын тауарға айналдыруға болады. Нәтижесінде өнімнің қосылған құны өсіп, кәсіпорынның экспортқа шығу мүмкіндігі артады.
Бал бар, енді сапалы шикізат керек
Өндіріс дамыған сайын жаңа мәселе де пайда болады. Ол – сапалы шикізат көлемі.
Омарта шаруашылығы Қазақстанның көптеген өңірінде дамып келе жатқанымен, өнеркәсіптік өндіріс үшін кез келген бал жарай бермейді. Шикізаттың шығу тегі, сапасы мен өндіріс барысы тұрақты бақылауда болуы қажет.
Сондықтан кәсіпорын балды қабылдау кезінде сапа талаптарына ерекше мән береді. Бұл дайын өнімнің тұрақты сапасын сақтап қана қоймай, тұтынушы сенімін қалыптастыру үшін де маңызды.
Текелі балы шетелге жол тарта ма?
Компанияның жоспары ішкі нарықпен шектелмейді.
Қазір Қытай мен Малайзия тарапынан өнімге қызығушылық байқалып, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, кәсіпорын Қытайда өтетін ірі көрмелердің біріне қатысуға шақырту алған.
Егер өндіріс көлемі ұлғайып, экспорттық келісімдер жүзеге асса, Текеліде өндірілген омарта өнімдері Қазақстан нарығынан тыс жерлерге де шығуы мүмкін.
![]()
Кәсіпорын өкілдері медициналық туризм бағытын дамытуды да жоспарлап отыр. Яғни келешекте Текеліге туристер табиғат пен тау үшін ғана емес, омарта өнімдерімен байланысты сауықтыру және wellness қызметтері үшін де келуі ықтимал.
Бір ұяның ішінде не болып жатыр?
Бал өндірісінің артында күрделі еңбек жүйесі бар.
Қолайлы жағдайда бір ара ұясынан 30 келіге дейін бал алуға болады. Ал аналық ара тәулігіне 1500–2000 жұмыртқа салады.
Жұмысшы араның өмірі шамамен 40 күнге созылады. Бірақ осы қысқа уақыттың ішінде ол бірнеше міндет атқарады: алдымен ұядағы балапандарды күтеді, кейін ұяны тазалауға қатысады, ал өмірінің соңғы кезеңінде гүлден гүлге ұшып, шырын жинайды.
Яғни бір қасық балдың артында табиғаттың өзі құрған мінсіз еңбек жүйесі тұр.
Шикізаттан экспорттық өнімге дейін
Қазақстанның бал өндіру мүмкіндігі жеткілікті. Бірақ негізгі мәселе – осы шикізаттың қаншалықты тиімді пайдаланылатынында.
Текеліде қолға алынған жоба балды жай ғана сатылатын ауыл шаруашылығы өнімі емес, терең өңдеуге болатын құнды шикізат ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазір тұтынушы табиғилыққа, сапаға және өнімнің шығу тегіне бұрынғыдан да көбірек мән береді. Бұл үрдіс Қазақстандағы омарта шаруашылығына жаңа нарықтар ашуы мүмкін.
Егер балды терең өңдейтін өндірістер саны көбейсе, Қазақстан тек бал өндіретін ел емес, одан дәрумендер, тағамдық қоспалар және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарып, оларды шетелге экспорттайтын мемлекетке айнала алады.
Ал Текелі осы жолдағы алғашқы қадамдардың бірін жасап отыр.