Жақсы кездесудің сәті түсіп, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері Талғат Қамқабайұлы ЕСЕНАЛИЕВПЕН әңгімелескен едік.
«Жас драматургтермен жұмыс істейміз»
– Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қыркүйектің 7-ші жұлдызында 77-ші маусымын ашқалы отыр. Театр жаңа маусымда жаңа бағытпен көрерменді қуантуы мүмкін бе?
– Театрдың тарихын айтпаса да, көпке мәлім. 77-ші маусым жаңалықтарға толы маусым болмақ. Өнер ордасының бағыты 100% өзгереді деп айта алмаймын. Өйткені, әр театрдың өзінің салған сара жолы, бағыт-бағдары бар. Сол ізбен осыншама жылдар бойы жүріп келеді. Жаңа премьералар, жаңа бағдарламалар келуі мүмкін. Осыған байланысты ғана өзгерістер болады. Солардың бірі, театрдың атауына сай, ал екінші жағынан, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі биыл Балалар жылы деп жариялағаннан кейін биылғы маусымда басым көпшілік репертуарды балалар мен жасөспірімдерге арнаймыз. Мәселен, 7 қыркүйек маусымашарымызды «Ойнайық та, ойлайық» деп аталатын балаларға арналған жаңа қойылыммен ашпақшымыз. Яғни бұл қойылымның форматы 3 жас пен 7-8 жас аралығындағы балаларды қамтиды және бір ерекшелігі - Кіші залда балалармен бірге қарым-қатынаста, интерактивті форматта сахналанады. Одан кейінгі екінші премьерамыз - Ш.Айтматовтың көптеген театрларда қойылып, өз бағасын алып жүрген «Ақ кеме» спектаклі. Аталған спектакльмен талайлар мойындаған театрдың үздік режиссері Дина Жұмабаева дайындықты бастап кетті. Бұл - Ш.Айтматовтың біздің театрдағы жалғыз шығармасы емес, репертуарымызда театрсүйер көрерменнің жүрегін жаулаған «Қызыл орамалды шынарым» (реж. Т.Теменов) спектаклі де бар. Құдай қаласа, қазан-қараша айының басында премьерасы өтеді деген сенімдеміз. Одан кейінгі қойылым, Ақберен Елгезектің қазіргі таңда көп оқылып жатқан туындысы - «Болмаған балалық шақ» шығармасы. Театрдың көркемдік жетекшісі, үздік режиссерлердің бірі Фархад Молдағали туындының сахналық нұсқасын жасап, жасөспірімдерге арнап қойғалы жатыр. Одан бөлек, бізде жеке жұмыстар да баршылық. Яғни әртістер өзінің ұнатып, сахналаған спектакльдерін Көркемдік кеңеске тапсыруы арқылы «өзіндік жұмыс» деп есептелінетін бағытты аштық.
Алматы қаласында өтетін Орта Азия елдерінің VIII Халықаралық театрлар фестивалі де бізді айналып өтпейді. Аталмыш фестивальге Елік Нұрсұлтанның қолтаңбасымен сахналанған А.Чеховтың «Шағала» спектаклімен қатысатын боламыз. Жалпы, фестивальдер - театрдың деңгейін, дәрежесін көрсететін бірден-бір байқау. Өйткені, ол жерде кәсіби театр сыншылары болады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол арқылы біздің өсіп, өркендеуіміз - аса қажет процесс. Сын алаңында қаралатын спектакльдердің бәрі - Қазақстандағы сыншылардың жоғары бағасын алып жүрген қойылымдар. Бәйгеден қалай келеді, оны бағы мен бабына қарай көреді.
– Жас драматургтермен жұмыс жасау ойда бар ма?
– Әрине, біз жас драматургтермен жұмыс жасаймыз. Жыл сайын белгілі драматург Олжас Жанайдаровтың бастамасымен «DRAMA.KZ» жобасы өткізіліп отырады. Ол жас драматургтер, жас режиссерлер және жас актерлардың басын қосатын бірден-бір жоба. Сол жерде жас драматургтердің пьесаларын режиссерлер таңдап алып, оқылым өткізеді. Жоба аясында театрдың директорлары, көркемдік жетекшілер, әдебиет бөлімінің басшылары, театр сыншылары пьесалар оқылымын талқылайды. Соның ішінен, біздің театрға лайық деген жақсы дүние болатын болса, біз оны алып, міндетті түрде сахналаймыз. Сондықтан бұрынғыдай жас драматургтерге әр театрға барып, өз пьесасын ұсынудың қажеттілігі шамалы. Өйткені, осындай жобалар тұрғанда, жеңімпаздары туындыларын ең үздік театрларда қоюға мүмкіндіктері бар. Сол себепті, жас драматургтерге қазір сол жобаға қатысып, өтініш беруіне әлі кеш емес. Аталмыш жобаға және жас драматургтерге сәттілік тілеймін!
«Театрға жетіспейтін мамандар бар, соларды оқыту керек»
– 76-шы маусымның бірден-бір жақсы жаңалығы – Кіші залдың ашылуы. Сол Кіші залға өткізуге қойылған ауқымды жоспарлар бар ма?
– Айтып өткенімдей, Кіші залға сахналайтын 3-4 қойылымға дайындық тыңғылықты жүріп жатыр. Одан бөлек, басқа жобалар да жоқ емес. Яғни алдағы қарастырылып жатқан моноспектакльдер де бар. Сонымен қатар, кешке қарай жастар кафеге барады, болмаса тағы басқа көңіл сергітетін орындарға жиі баратыны мәлім. Сондықтан біз солардың қызығушылығына қарай, сағат кешкі 21.00 шамасында Кіші залда арнайы кештер өткізетін бағдарламалар жасайтын боламыз
– Өзіңіздің 25 жылдық тәжірибеңізге сүйене отырып, қазіргі таңда қазақ театрларына не жетіспейтінін айтып өтсеңіз?
– Біз «жетіспейді» дей беретін болсақ, ешқашан жетпейді. Жеткілікті нәрсе де, жетпейтін нәрсе де көп. Мәселен, қарап отырсаңыз, Қазақстанда мемлекеттік театрлардың бәрін мемлекет қаржыландырады. Яғни театрдың жылуынан бастап, бүкіл гастрольдің шығындары, жаңа қойылымдардың шығындары толық қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз халыққа жұмыс жасаймыз. «Не жетпейді?» деген сұраққа жауап берер болсам, әрине, бізде қазір мықты әртістеріміз, режиссерлеріміз, суретшілеріміз өте көп, үздік технологиялар да жеткілікті. Яғни жарық, дыбыс, шоу жасауға мүмкіндіктің бәрі бар. Бірақ дәл сол жарық, дыбыс, шоуды жасайтын бізде мамандар жеткіліксіз. Өйткені, бізде оны даярлайтын мамандар, арнайы оқу орындары жоқ. Бізге қазір дәл сондай мамандарды даярлайтын оқу орны қажет. Менің ойымша, мамандарды мүмкін шетелден шақыртып оқытқызу керек шығар. Біз елімізден жас мамандарды шетелге жіберіп, 1-2 ай оқытатын болсақ, қаражат жағынан тиімсіз болары анық. Керісінше, біз сондай нағыз маманды алдыртып, 2-3 жыл көлемінде 20–30 адамды оқытатын болсақ, сол оқу орнында 30 маман шығады. Яғни бұл барлық жағынан ұтымдырақ. Бізге, театрға, Қазақстан театрларына сондай мамандар қажет. Бұл мәселені қарастыру өте маңызды дүние деп ойлаймын.
– Сіздің көзқарасыңызда қай спектакльдердің ғұмыры ұзақ?
– Дәл осы сұраққа мен өзім көп ойланған адамдардың бірімін. «Бұл қай қойылым?» деуге болмайды. Мысалы, «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі. Неге халық оны соншалықты қажет етеді? Дәл сол сияқты «Қызыл орамалды шынарым» қойылымы. Сұраныс өте көп. Неге? Бұл спектакльдің жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болды. Басты кейіпкерлерді ойнайтын 2-3 буын ауысып кетті. Бірақ тағы айтам, дәл сол спектакльдің әрқайсысының өзінің Ілиясы, Әселі, Хадишасы бар. Сол сияқты, әр кейіпкердің өзінің көрермені бар. Өйткені, бүгінгі көрерменнің талабы бөлек. Яғни қазіргі ойнап жатқан жас актер, актриса дәл бүгінгі көрерменнің талабына сай ойнауы қажет. Сонда спектакльдің ғұмыры да ұзақ болады. Өйткені, бізге қазір келетін көрермен кім? Әрине, 90 пайызы жастар. Демек, біз сол бағытта көбірек жұмыс жасауымыз қажет. Мысалы, «Шағала» қойылымын айта кетсек, ол басқа театрда қойылса, өзгеше бағытта қойылады. Ал бізде режиссердің шешімі бойынша, дәл сол спектакльді жастар қауымына бейімдеп алып келген. Мәселен, келесі жылы «Апалы-сіңлілі үшеу» деген қойылымды сахналау жоспарда бар. Мүмкін, бұл тұста да «Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына қаншалықты оның қажеттілігі бар?» деген үлкен сұрақ туындауы мүмкін. Яғни оны да режиссер қажет еткеннен кейін, дәл осы театрдың репертуарында жүру керектігінен, ертеңгі біздің әртістердің классикада ойнап өсуі үшін ондай спектакльдердің жүруі міндетті болғаны. Бірақ ол қойылымдарды да жастардың бағытына арнап сахналайды. Көрермен кім, бәрі соған байланысты. Мәселен, біз жақын арада гастрольдік сапармен Ақтауға баратынымыз жайлы жарнама жасағаннан бері, қасындағы Атырау, Орал қаласындағы көрермендеріміздің тарапынан «Бізге келмейсіздер ме? Келмесеңіздер, қай күні, қандай спектакль болады? Біз өзіміздің сүйікті қойылымдарымызды Ақтауға барып көреміз!» деген өтініштер түсіп жатыр. Оның бәрі бүгінгі дамыған заманда да театрды сүйетін халық бар екенін дәлелдейді. Бүгінгі жастардың театрға қайта оралғаны қуантады.
«Жастық шақта театрға бармаған адам, үлкейгенде бармайды»
– Соңғы сұрақ, Ғ.Мүсірепов театры басқа театрлардан несімен ерекше?
– Атының өзі айтып тұр, балалар мен жасөспірімдер театры. Яғни бұл – қазақ театр өнеріндегі жалғыз балалар мен жасөспірімдер театры. Мысалы, Астанада музыкалық жас көрермендер театры және Жастар театры бар, бірақ балалар және жасөспірімдер емес. Сондықтан осы бағытта жалғыз қазақ театры – Ғабеңнің атындағы театр. Апа-аталарымыз бастап кеткен сара жол ары қарай жалғасын таба береді. Ол ғасырдан-ғасырға, буыннан-буынға ауысса да, бір-бірін тәрбиелеп, ары қарай алып кетеді. Сондықтан біреу келіп оны бұзуы мүмкін емес. «Мен бұзамын» деп те ойламау керек. Яғни келген басшы сол театрдың үрдісіне, сол театрдың бағытына сіңіп кетуі керек.
Қорытындылап айта кететін жайт, неге балаларға ерекше көңіл бөлеміз? Менің өз түсінігімде, балабақшада, мектепте, студенттік жастық шақта театрға келмеген адам, болашақта үлкен дәрежелі қызметкер болсын, ғалым болсын, ол адам ешқашан театрға келмейді. Егер де сол балабақшада немесе мектепте театрға әкелетін болса, оның жүрегінде, сана сезімінде бір нәрсе қалады және сол қашан да тартып тұрады. Сондықтан ол ертең қызметте болса да, уақыт тауып, театрға келіп тұратын болады және театрды түсінеді, сүйеді. Сондықтан біз сол әр балдырғанды балалық шақтан театрға тәрбиелеуіміз керек! Биыл алғаш рет театр маусымын бір айға ұзартып, тәжірибе жасап көрдік. Көрермендерімізді шілде айында да қойылымдармен қуантуымыз, әсіресе, өзге облыстарда тұратын көрермендерімізді ерекше қуантты. Жазғы демалыста арнайы келіп спектакльдер көргісі келетін көрермендеріміздің көп екенін аңғардық. Бұйыртса, бұл тәжірибеміз ары қарай жалғасын таба береді.
- Сұхбатыңызға көптен-көп рақмет! Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймінІ