«Таза Қазақстан» жолында: Алматы тұрғындары тазалық үшін бірікті

  • 19:58, 16 тамыз 2025
«Таза Қазақстан» жолында: Алматы тұрғындары тазалық үшін бірікті Самат Құсайынов

Мегаполисте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Қаладағы барлық аудан белсенді қатысты. Мыңдаған тұрғын, коммуналдық қызмет және әртүрлі ұйым өкілдері көшеге шығып, қаланы тазалап, бұл бастаманы қолдады.

Жетісу ауданында сенбілік Палладина мен Бұрындай көшелерінің аралығында ұйымдастырылды. Аудан әкімі орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, шараға 370 адам қатысты.

— 15 бірлік техника жұмыс істеді. Біз арықтарды тазалап,  ағаштардың құрғақ немесе ауру бұтақтарын кесіп, жапырақтар мен қоқыс, тұрмыстық қалдықтарды жинадық. Бір күн ішінде ауданнан 83 текше метр қоқыс шығарылды. Мұндай акциялар тек ауданымызды таза қылмай, тұрғындарды туған қаласына қамқорлықпен қарауға біріктіреді, — деді ол.

Жетісу ауданы әкімдігінің инспекторы Равиль Сәтімбеков сенбіліктер қаланы абаттандырудағы маңызды шараға айналғанын атап өтті:

— Бұл біз үшін бір реттік акция емес. Бұл — жүйелі жұмыс, ол тұрғындарға тазалық мәдениетін қалыптастырады. Бүгін адамдардың белсенді қатысып жатқанын көріп, әрі қарай жұмыс істеуге шабыт аламыз.

«Алинур Green Line» ЖШС учаске бастығы Бекболат Кельменбетов сенбіліктің барысын баяндады:

— Назар арықтарға және жасыл алқаптарға аударылды. Сонымен қатар, ағаштардың құрғақ немесе ауру бұтақтарын кесіп, аула және тұрғын үйлер маңындағы аумақтарды тазалады. Бір күнде ондаған текше метр қоқыс шығарылды және нәтиже бірден көрінді. Көшелер таза болғанда, тұрғындар өз ортасына жауапкершілікпен қарауды бастайды.

Зейнеткер Әбдуғали Әсетов те пікір білдірді:

— Мен ұзақ жылдардан бері осында тұрамын және мұндай акциялардың дәстүрге айналуынып жатқанына қуаныштымын. Әсіресе, әртүрлі ұрпақ өкілдерінің бірге жұмыс істеуін көру өте жағымды. Жастар өз әріптестеріне үлгі көрсетеді, ал үлкендер ауданға қамқорлық көрсету жалпы іс екенін дәлелдейді.

Бостандық ауданында да сенбілік өтті. Тұрғындар аула мен жасыл аймақтарды тазалады. Мұнда 8 бірлік арнайы техника жұмыс істеді, ал шығарылған қоқыс көлемі шамамен 70 текше метр болды. Ұзынағаш ауылының тұрғыны Назгүл Елшибекқызы былай деді:

—Әр сенбі сайын осындай сенбілік ұйымдастырылады. Ауызбіршілік танытып, әр аудандағы тазалық жұмыстарына қатысамыз. Тұрған жерімізге қоқыс қалдырмай, қаламызды таза ұстауға шақырамын! 

Колледж студенті Жазира Күлүмжаева:

— Өзім секілді жастарды көп байқаймын. Қала тазалығы адамзаттың өзі үшін жақсы емес пе?! Адамдардың табиғат-анамызға бей-жай қарағанын қаламаймын. Жас та болсам, қалама пайдам тиіп жатса, мен қуаныштымын.

Елена Багданова да пікір білдірді:

— Қала тазалығы — әрқайсымыздың қолымызда. Мемлекетке қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қарауымыз керек.

Медеу ауданында тазалау Кіші Алматы өзенінің бойында, Сәтпаев көшесінің төменгі және жоғарғы бөлігінде өтті. Мұнда 300 адам еңбек етті, 20 бірлік техника қолданылды, ал шығарылған қоқыс көлемі 150 текше метрден асты.

Алмалы ауданында тұрғындар Қожамқұлов мен Төле би көшелерінің қиылысындағы саябақты, жағалауды және маңдағы көшелерді тазалады. Сонымен қатар, Абай — Брусиловский — Тұрғыт Озал — Төле би көшелерінің ауданында және Манас, 9 мекенжайындағы аулада тазалау жүргізілді. Сенбілікке 300 адам қатысты, 12 бірлік техника жұмыс істеді, коммуналдық қызметтер 60 текше метр қоқыс шығарды. Сонымен қатар, шөп шабу, гүлзарларды қопсыту, жасыл алқаптарды суару және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Түрксіб ауданында тазалау екі учаскеде өтті: 13-әскери қалашық, 54 үй және Кассина көшесі, 146/4 үй. Барлығы 710 адам еңбек етті, 15 бірлік техника қолданылды, шығарылған қоқыс көлемі 70 текше метрден асты.

Әуезов ауданында сенбілік Сайран көлі жағалауында, Абай даңғылы жағында өтті. Жұмысқа шамамен мың адам қатысты, 10 бірлік техника пайдаланылды, ал шығарылған қоқыс көлемі 450 текше метрге жетті.

Алатау ауданында экологиялық акция Қарасу шағынауданында ұйымдастырылды. Ағаштарды санитарлық кесу, жаяу жүргінші аймақтарын және қоғамдық кеңістіктерді тазалау, жасыл алқаптарды ретке келтіру және суару жұмыстары жүргізілді. 150-ден астам адам қатысты, шығарылған қоқыс көлемі 300 текше метрден асты.

Наурызбай ауданында да республикалық акцияға қосылды. Ыстық ауа райына қарамастан, 700 адам сенбілікке шықты. 12 бірлік арнайы техника қолданылды, ал шығарылған қоқыс көлемі 110 текше метр болды. Жұмыс Төле би — Жуалы — Алатау даңғылы көшелерінің ауданында жүргізілді.

Алматыдағы сенбіліктер «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындар үшін тек қоқыс жинау емес екенін дәлелдеді. Бұл қозғалыс әртүрлі жас пен мамандықтағы адамдарды біріктіріп, бірлік сезімін нығайтып, қалаға қамқорлық мәдениетін қалыптастырады. Ұйымдастырушылар іс-шаралардың әр апта сайын жалғасатынын және сенбіліктерді жақсы дәстүрге айналдырып, Алматыны таза әрі өмір сүруге ыңғайлы қалалар қатарына қосатынын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

16:13

15:38

15:35

14:22

13:33

12:27

11:18

10:41

09:33

17:53

17:38

17:26

17:20

17:19

16:28

16:12

15:42

15:30

15:09

15:06

15:03

14:59

14:04

13:10