ffin.kz

Тәуелсіздікті тұғырлы еткен тұлға

Тәуелсіздікті тұғырлы еткен тұлға Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында оның негізін қалаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін көрсетіп, Елбасы саясатының сабақтастығын өткізілетін барлық іс-шараның идеологиялық өзегіне айналдыруға ерекше мән беріп отыр. Бір қарағанда, бұл әлем мойындаған және ел аузында жүрген факті болғанымен, оны өз көзіммен көріп, құлағыммен естігеніме қарамастан, шын мәнісіне келгенде, Елбасы туралы сөз қозғаудың маған да оңай болмасы анық. Өйткені тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің осы жылдардағы мол саяси мұрасы мен тәжірибесінің «ішкі дүниесіне» үңіліп, түйсіну және оған баға беру біздің ғана емес, келесі жас буын елбасытанушылардың да еншісіне тиіп, одан әрі тереңірек зерттеп, толыққанды сараптауларын қажет етері сөзсіз.






1990-шы жылдардың басында респуб­ликаның экономикалық жағ­дайы нашар­лап, өндіріс құлдырады, ақша­ның құнсыздануы тоқтамай қойды. Рес­публикада ұлттық табыс пен еңбек өнім­ділігі төмендеді. Халық тұты­натын тауар­лардың бағасы үш есеге дейін өсті. Бұл әлеуметтік ахуал­ды шие­леністіріп жіберді. Қоғам жік­те­ліп, оның іргесі сөгіле бастады. Ол қоғам­ды ескі мен жаңа, өткен мен бола­шақ қағидаты бойынша екіге қақ айырды. Дүниеге енді келген Пре­зи­дент институты мен Кеңестер, нарық пен әкімшілдік-әміршілдік эко­номи­ка­ның, өткен мен болашақтың ара­сын­дағы қайшылық күшейе түсті. Сон­дықтан елдегі әлеуметтік-экономи­калық және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандырып, нарық экономи­касы мен демократияға бет бұру үде­ріс­терін дамыту үшін президенттік бас­қару жүйесін енгізу қажет болды. Жаңа билік институтын енгізуді Қазақ­станның көп этносты мемлекет бол­ғандығы да талап етті.


Осындай тағдыршешті тарихи кезеңде кеңестік жүйенің келмеске кеткенін айқын түсінген Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жағ­дай­дың одан әрі шиеленісуі мен құл­ды­рауына жол бермей, елін апатты бағыттан аман алып қалды. 1991 жылғы 10 жел­тоқсандағы Қазақстан Респуб­ликасы Пре­зи­дентінің қызме­тіне ресми кірісуіне бай­ланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің салтанатты отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы бірін­ші кезектегі атқарылатын саясатта этнос­аралық қатынастар мен экстремизм мәсе­лелеріне, құқықтық тәртіп пен заңды­лықты сақтауды нығайтуға баса назар аудару қажетіне тоқталды. Ол осындай саяси негіздің арқасында ғана барлық экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын ескертті.


Елбасы жас мемлекеттің алдында тұрған алғашқы кезектегі міндеттердің ауқымын айқындап бере отырып, өт­пелі кезеңнің қиындықтарын тез арада түзетемін деп халыққа жалаң уәде берген емес. Ол оның орнына жоспарлы экономикадан – нарықтық экономи­каға, бір партиялық командалық-әкімші­лік жүйеден – демократиялық жүйеге және дәстүрлі санадан – либералдық құн­дылықтарға көшу сияқты үш бір­дей міндет қойды. Бұл Қазақстан тари­хындағы барлық жетіс­тіктен толығымен айырылып қалу қаупі бар, түбірінен өзгеріс жасауды қажет ететін өте қиын кез болатын. 1993 жылғы Конституция ком­промисті заң болып шықты. Бірақ ол қоғамдық үміт пен қажеттілікті ақтамады. Соған қарамастан, Елбасы адамдардың санасын күрт өзгертпейінше, олардың болашағы жоқ екенін жақсы түсінді. Сондықтан мемлекет қажетті шараларды іске асырып, адамдардың сана-сезімін өзгертіп, олардың беттерін бері қаратуға жағдай жасауға кірісті. Ең алдымен тізерлеп жатқан экономиканы көтеріп, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауды қолға алудың маңызы зор еді. Халыққа тәуелсіздік алған Қазақ­станның алдағы уақыттағы дамуының бағыт-бағдарын, мақсат-мүдделері мен перспективаларын тәптіштеп түсіндіріп, нақты нәти­желерге қол жеткізіп, сөз бен істің арасын алшақ­татпай, олардың жүрегіне сенім ұялату қажет болды.


1995 жылғы жаңа Конституция қабылданып, Президент билігінің 2000 жылға дейін ұзартылуы Прези­дент институтының әлеуетін ашып, оның Қазақстан қоғамын трансфор­ма­ция­лаудағы рөлін арттыра түсті. Нә­тижесінде, қоғамды қайта құру сая­саты іске асырылып, ол барлық қазақ­стан­дықтың бірлігіне, келісім мен бей­біт­шілікке қол жеткізуді көздеді.


Қазақстан таңдаған этносаралық және дінаралық келісім жолының басы-қасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Ол татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында әу бастан-ақ түйісу нүктелерін іздеп, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейтуге бар күшін салды. Өйткені тәуелсіздікке қол жет­кізе салысымен мемлекетімізге парасатты ұлттық саясаттың қажетіне оның көзі жетті. Ассамблея енді құ­ры­лып жатқан кезде қазақстандық сәй­кестіктің басты өзегі қазақстандық азаматтық деген формула қабылданды. Қазақстанның әлеуметтік-экономика­лық, қоғамдық-саяси және демогра­фия­лық жағдайын ескере отырып, Елбасы тәуелсіздіктің ең алғаш­қы күндерінен бастап-ақ этносаралық татулықты сақтау мен нығайту және қазақ­стан­дық сәйкестікті немесе тақы­леттестікті қалыптастырудың жеке моделі­нің негізіне этностық емес, аза­мат­тылық қағидатын алып, жүзеге асыр­ды. Себебі жас тәуелсіз мемлекет үшін азаматтық бірегейлік ел дамуы­ның басты факторы және оның тұрақ­тылығының алғышарты болды.


Өйткені Елбасының «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген  «қазақстандық жол» ұстанымын іске асыру үшін қоғамдық келісім мен азаматтық татулық қажет болды. Қазақ­станды мекендеген барлық этнос өкілдерінің өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыратын әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени мәселелерге көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде, Қазақстанда этносаралық келісімнің өзіндік қазақ­стандық моделі құрылды. 



Ұлттық мәселені әділетті шешудің бір тиімді жолы мен институты ретінде 1995 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Дәл сол кездерде ұлттық саясаттың басты қағидаттары да негізінен айқындалды. Ол мәмілеге негізделген қоғамдық тұрақты­лық, заңның үстемдігі мен тәуелсіздікті нығайту жолы еді. Нұрсұлтан Назар­баев этносаралық қатынастарға мұқият болу, онда болып жатқан үдерістерге дер кезін­де құлақ асу қажеттігіне сол кездің өзінде-ақ көңіл аудара білді.



Елбасы қоғамдық-саяси өмірді Қазақ­станның әлеуметтік-экономи­калық дамуынан ешқашан бөліп қараған емес. Керісінше, еліміздегі эко­номикалық өзгерістерді терең білу­дің арқасында мемлекет дамуы мен мемлекеттілікті орнықтырып, оны одан әрі дамытудың алғышарттары саналатын осы екі қанатты тең ұстап отырды. Тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі ретінде ішкі ынтымақты тереңдету арқылы эко­но­микалық қатынастарды да, саяси қаты­настарды да мейлінше демократиялан­дыра түсуге болатынына үлкен мән берді. Бір қарағанда, «алдымен – эко­номи­ка, содан кейін – саясат» деген фор­мула Қазақстанда саясатқа онша көңіл бөлінбегендей әсер қалдыруы мүм­кін. Алайда өз басым мұндай пікір­мен келісе алмаймын. Менің түсіні­гімде, Президент билігінің 2000 жылға дейін ұзартылуы экономикамен қатар, сая­си реформалардың да нақ­ты қолға алынуына деген карт-бланш болатын. Сондықтан оқиғаның бұ­дан былайғы өрбуі саяси реформалар мәсе­ле­сінің алдын ала қарастырылып, 1995 жылғы Конституциядан кейін пысық­талып, Нұрсұлтан Назарбаевтың оған іштей де, мазмұндық жағынан да да­йын болғандығын көрсетіп берді, ал 1998 жылдың қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында ол еліміздегі саяси және экономикалық либералдандыруға жол ашамын деп уәде етті. 1999 жылдың 29 қаңтарында Давоста өткен Дүние­жүзілік экономикалық фору­м шеңберінде еліміздің Тұң­ғыш Пре­зиденті біздің экономикада – на­рықты, саясатта демократия­ны таң­даға­нымыз туралы ай­тып, Қазақ­стан­ның бір мезгілде эко­но­микалық либе­рал­д­андыру мен сая­си саладағы ре­фор­малар жолына түс­кен­дігін және демократия жолынан тай­май­тын­дығы туралы мәлімдеді. Бұл эконо­ми­калық мәселелер шешілді, енді саяси реформаға кірісеміз деген сөз емес еді. Рас, біз тек экономикалық-әлеуметтік даму­дың беті аз да болса бері қарап, ас­танамызды ауыстыруға тәуекел жасау сияқты батыл қадамдарға баруға шамамыз келіп қалған кезді басымыздан өткеріп жаттық. Ал егер біз саяси қайта құруларға бұған дейін мүлдем көңіл бөлмеген болсақ, онда Елбасы әлемдік қоғамдастық алдында осындай әңгімелерді бастап, саяси реформаның маңызды бағыттарын көрсете алар ма еді? Көріп отырғанымыздай, сол кездің өзінде үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар құру, сайлау жүйесін реформалау және баспасөздің қызметін ырықтандыру, жемқорлықпен күрес, сот жүйесінің тәуелсіздік ауқымын кеңейту, әйелдердің құқықтарын қор­ғау сияқты кеңестік қоғам тұсында кеңес адамының миына қонбайтын түсі­ніктерді еркін қолданып, оның мәнін терең түсініп, бұл жаңалықтардың қазақ­стандық әлеуметтік ортада іске асырылу мүмкін­дігіне сенімді болар ма еді?



Елбасы сондай-ақ 1999 жылы Қазақстанда құқық негіздері рефор­мала­нып, саяси партияларға көмек көр­сетілетінін, олардың Парламент­тегі теңгермелі пропорционалдық өкілдігі енгізілетінін, сайлауда ха­лық­ара­лық бақылаушылардың қаты­суы қам­тамасыз етілетінін нақты түр­де белсене сөз ете бастады. Осы кездері БҰҰ-дан бастап, басқа да халықаралық ұйымдар шұқ­шия көз тігіп отырған сайлау жүйе­сін рефор­ма­лау мәселесі қолға алынды. Ол Пар­ламент депутаттығына канди­дат­тардан алынатын төлемнің мөлшерін азайтып, Орталық сайлау комис­сия­сының жаңа құрылымын жасау, оның құрамына еліміздің жетекші пар­тия­ларының өкілдерін енгізуге бағыт­талды. Сонымен бірге пікірлердің плю­рализміне, келіспеушілікке төзімділік пен демократиялық үдерістің ажырамас бөлігі ретіндегі сынның ашықтығына жағдай жасау көзделді.



1999 жылға арналған демократия­лық реформалар ауқымды болды. Бас­па­сөзді, соның ішінде әсіресе тәуел­сіз баспасөзді либералдандыру үдерісін өткізу жоспарланды. Бас­пасөз бен баспа органдарын жеке­ше­лендіруге қосымша шара қолданы­латын болды. Хабар тарату жиілігі үшін алынатын төлемнің мөлшерін төмендету арқылы радиостанса иелері­нің шеңберін кеңейту, БАҚ туралы жаңа, бұрынғыдан да либералды заң қабылдап, қоғамның басым бөлігінің пікірін білдіретін партиялар мен қозғалыстардың кандидаттары жөнінде мемлекеттік баспасөз құралдарында көбірек айтатындай жағ­дай қалыптастыру да ескерілді. Елбасы тәуелсіз Қазақстан таңдаған өз ба­ғытын «демократияландырудың кезең­ді бағдарламасы» деп атауға да­йын екендігін бүкіл әлемге паш етті. Өйт­кені Қазақ еліне саяси революция қажет емес еді. Қазақстан күрт және бақыланбайтын өзгерістерден аулақ тұрды және шынайы, жан-жақты ой­лас­тырылған реформаларға талпы­на білді. Себебі ол XXI ғасырдың тех­никасына сүйене отырып, XXI ғасыр­дың экономикалық және саяси жүйе­сін құруды мақсат тұтты. Сөйтіп6 Қазақ­стан жас тәуелсіз мемлекет ретінде үшінші мыңжылдыққа нық сеніммен, қуаттылықпен және демократиялық сипатпен аяқ басқысы келді.


1999 жылдың 30 қаңтарындағы әлем­нің жетекші саяси тұлғаларымен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев демо­кратиялық реформалардың үш басты бағыты – үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар құру және сайлау жүйесін қайта құруға тағы тоқталды. Осы кездесуде Елбасы Батыста Қазақстандағы демо­кратияландыру үдерісінің қар­қы­нын жылдамдату мәселесінде шы­дам­сыздық танытатындығына тоқтала келе, бұған дұрыстап қарар болсақ, батыс­тық үлгідегі демократия құру үшін Қазақстанға бір жыл, екі жыл емес, ондаған жылдар қажет екендігіне көңіл аударды. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз асықпай, қатеге жол бермей, аяғы­мызды нық басқымыз келеді. Біз демо­кратиялық жүйені тарихымыз бен мә­де­ниетімізді ескере отырып дамыт­пақ­пыз. Қазақстанда барлық саладағы қиын­дықтармен бір мезгілде күн са­йын ұшырасып отырмыз. Ең алдымен, ол – экономика. Екіншіден, әлеуметтік сала. Ал үшіншіден, саяси факторлар. Біз қазірдің өзінде демократиялық реформа мен ашық нарық экономикасын дамытуда әжептәуір жетістікке жеттік. Сегіз жылда инфляцияны 3000%-дан 10%-ға түсірдік, теңгенің тұрақтылығын арттырдық, инвести­ция тарту жағынан Шығыс Еуропа­дағы Венгриядан кейінгі екінші орын­ға шықтық», деп кесіп айтты. Аза­мат­тардың белсенділігін арттыру ба­ғытында заңнамаларды либералдандырып, БАҚ-тарға еркіндік берілгендігі, ҮЕҰ-ның құрылуына жағдай жасалып, барлық конфессия мүшелерінің діни сенім-нанымдарын еркін дамытуға кепілдік берілгені, Қазақстан әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тарт­қан бірінші ел болғаны да әңгі­менің арқауына айналды.


Көп ұзамай, араға тура екі ай салып, 1999 жылдың 31 наурызында Елбасы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында «Демократия – біздің таңдау» тақырыбын көтерді. Айналамыздағы әлемдегі қиын­дық­тарға қарамастан, Қазақстан өз таң­дауынан бас тартпайтыны енді ішкі, қазақстандық аудитория үшін мәлімделді. Осылайша, елдің демо­кратиялық дамуының кезекті қадам­дары айқындалды. Елбасы демократияны тек қана жалынды ұрандар­дың жиынтығы қылмауға көңіл аудар­ды. Осы Жолдауда саяси жүйені либе­рал­дандырудың бағдарламасы туралы мәлімделді. Оның негізіне сайлау жүйесін реформалау, прези­дент­тік­ке және депутаттыққа кандидат­тар­дың сайлау жарнасын азайту, Парла­менттің мәртебесі мен рөлін көтеру, Үкі­меттің дербестігі мен жауап­кер­ші­лігін арттыру, азаматтық қоғам қа­лыптастыру, сот жүйесі тәуелсіз­дігін дамытудың кепілдігін арттыру, БАҚ-тың тәуелсіздігін дамыту бағы­тындағы заңдарды мүлтіксіз сақтау алын­ды. Сонымен қатар Қазақстан әйел­дерінің елдің саяси, экономика­лық және қоғамдық өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету, сыбайлас жем­қор­лықпен күресті қатайту мәселесі де ұмыт қалмады. Бұл қазақстан­дық қоғам­ды демократияландырудың кезең-кезеңмен іске асырылатын бағ­дар­ламасы жобасының алғашқы нұс­қаларының бар болғанын аңғартса керек. Оның түпкі мақсаты – қадам сайын, бір заң­нан екіншісі­не, сайлау­дан сайлауға Қазақ­стан топы­рағын демократия өнетіндей етіп барын­ша құнарландыру еді. Бұл бағыт демократия дамыған сайын на­рық экономикасының негізі­нің де нығая беретінін көрсетті. Осы­ның дәле­лі ретінде АҚШ-тың Өкілдер Пала­тасының мүшесі Джек Мет­калф­тың 1999 жылдың 22 желтоқ­санын­да «Вашингтон Таймс» газетінде жария­ланған «Қазақстанның мық­тырақ демократияға қарай қозғалы­сы» атты мақаласын келтіруге болады. Онда Қазақстанның демократия мен нарық экономикасын дамытудағы жетістіктері атап көрсетілді.  Қазақстан үшін бұл мемлекетіміздің дұрыс жолда келе жатқандығының дәлелі болса, ал Батыс үшін – Қазақстанның осы саясатына қолдау көрсеткендігінің белгісі болды.


Осы кезеңге Президенттің Қазақ­стан халқына Жолдауларының рөлінің артуы тән. Мәселен, 2003 жыл­дың 4 сәуіріндегі Жолдауда 2004 жыл­ға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары анықталды. Онда ашық қоғам құру бойынша тиісті қадамдар жасалып, Қазақстанда демокра­тия мен азаматтық қоғамның басты инс­титуттарының қалыптасқандығы атап көрсетілді. Мысалы, Омбудсмен инс­титуты, Ұлттық Кеңес, БАҚ бойынша Қоғамдық кеңес құрылды. Партиялар туралы жаңа заңның қабылдануымен елдегі партиялық жүйе нығайды, ҮЕҰ белсенділік көрсете бастады. Ең бастысы, қоғамда демократиялық үлгідегі саяси мәдениет те қалыптасу үстін­де болды. Үкімет жанынан тұрақ­ты жұмыс істейтін демократияландыру мен азаматтық қоғамды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстар жасайтын кеңес дүниеге келді.


Елбасы мемлекеттік басқару жүйе­сін жаңғырту барысында ендігі жерде жергілікті билікті халыққа жақында­татындай ахуал туғызуға көңіл бөліп, аудан әкімдерін сайлау бойынша эксперимент өткізуді тапсырды. Азаматтық қоғам институттарын одан әрі нығайту бағытында саяси партияларға Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсынуға және дауыс берудің қорытындыларын бақылауда оларға ерекше құқық беру көзделді. Үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас та басқаша қаралып, Азаматтық форумдар өткізіле бастады. Тұңғыш Президент азаматтық қоғам институтын дамытудың тұжырым­да­масын кешіктірмей қабылдау керек­тігін назардан тыс қалдырмай, үшінші сектордың дамуына жағдай жасап отырды. Ол азаматтық қоғам қызметінің құқықтық негізінің нақты айқындалуын көздеді. Мемлекет аза­маттық қоғам институттарын жасанды түрде «өсірмей», соған тек жағ­дай жасау керегін ескертті. Сон­да ғана мем­лекет пен үшінші сектор ара­сын­да шынайы серіктестік ор­нату­ға мүм­кін­діктің туатынын жақсы тү­сінді. Ол үшін азаматтық бастама­ларды қол­дау мен мемлекеттің іс-әре­кет­тері­нің жүйелілігін қамтамасыз ету маңызды еді. Сондықтан Азаматтық қоғам­ды дамытудың 2006-2011 жыл­дар­ға арналған тұжырымдамасын іске ас­ы­рудың жоспары Үкіметтің 2006 жылдың 30 қыркүйегіндегі қаулы­сы­мен бекітілді. Оны орындауға рес­публи­калық бюджеттен 146 млн 991 мың тең­ге, ал жергілікті бюджеттен – 1 млрд 112 млн 716 мың теңге бөлінді.


БАҚ мәселесіне ерекше мән берілді. Олардың қоғамды демократияландыру үдерісіндегі рөлі мен орнын дәл анық­тау басты мақсатқа айналды. Мемлекет­тік емес БАҚ санының өсуіне бай­ланысты баспасөз бен телевидениенің цензура жоқ жағдайында қызмет ету механизмін қалыптастыру  міндеті алдыңғы орынға шықты. Мәселен, тек 2002 жылы 50 жаңа БАҚ тіркелген көрінеді. Қоғамның БАҚ алдындағы және билік пен журналистер арасын­дағы өзара жауапкершілігіне зор мән берілді. Сондықтан БАҚ туралы жаңа заң қабылдап, БАҚ-тың заң бұз­ғаны үшін жауапкершілігін кү­шей­те отырып, қоғам талап ететін сөз бостандығын қамтамасыз ету проб­ле­ма­сын шешу қажет болды. БАҚ туралы жаңа заң жобасы қаралған кез­дегі құ­жаттардың бірінде Елбасы: «Сөз бос­тандығы ол жала жабу мен жал­ған ақпарат бостандығы емес» деп жазып, басқа елдердің тәжірибесі мен со­лар­дың ұсыныстарын белсене пайдалану керектігін еске салды. Архив қор­ларында сақталған тағы бір құжатта Ұлттық комиссия жұмысын саралай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев өз қолы­мен: «Өте теңдестірілген тәсіл қажет. Тұрақты даму – бастысы. (Нальчик). 2 кезең: 2006-2008; 2008-2011» деп, саяси реформалардың қаншалықты маңызды екеніне тағы да баса назар аударып, оны жүзеге асырудың екі кезеңін көрсетеді.



Елбасы тікелей басшылық жаса­ған Демократиялық реформалар бағ­дарламасын әзірлеу мен нақтылау жөнін­дегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында саяси жүйені жаңғыртудың басым бағыттары тал­қыланып, Үкімет пен Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары тара­пы­нан қыруар жұмыс жүргізілді. Нұр­сұлтан Назарбаев Үкімет жос­парында қарастырылған әрбір заң жобасының зор жауапкершілікпен қаралуын, бар­лық заң актілерінің логикалық қоры­тын­ды­сына дейін жеткізілуін талап етті.



2005 жылдың тамызында Қазақ­станның төрт ауданында әкімдердің эксперименттік сайлауы өткізілді. Оларды мәслихат депутаттары сайлады. Бұл сайлау әкімдердің қызметіне оң ықпалын тигізді, олар белсенді жұ­мыс істей бастады. Елбасы әкім­дерді мәслихаттардың сайлау үлгісіне тоқтала келе, оны жергілікті жерлерде тепе-теңдік жүйесін орнықтыру қа­жет­тілігімен байланыстырды. Мәс­лихаттардың құзыретін ұлғайту, олар­дың әкімдерді бақылауын қам­тамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуіне көңіл аударды. Ол әкімдерді бірден тікелей халықтың сайлауына жіберу барлық мәселені шеше алмайтынын атап көрсетті. Оның теріс мысалдарын да келтірді. Нұрсұлтан Назарбаев оған тиісті ахуалдың пісіп-жетілуі қажеті­не көңіл аудара келе, жер-жердегі бас­қарудың тізгінін босатып алуға жол бермеу керектігін еске салды. Ел­ба­сының пікірінше, жергілікті өзін өзі басқару – нақты демократия, іс-әре­кеттегі демократия. Қазақстан үшін бұл мәселеде шетелдік үлгіні сол қал­пында көшіріп алудың ешбір пайдасы жоқ екендігі түсінікті еді.


Тұңғыш Президент 2006 жылдан бастап Конституцияға енгізуге байланысты берілген ұсыныстарды талқылауға кірісіп, егер реформаның қисыны Конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етсе, онда бұған бару керегіне басымдық берді. Сондықтан Елбасы бұл стратегиялық бағытқа ешбір күмән келтірместен жүйелі, теңдестіріл­ген түрде, ешбір жасанды айқай-шусыз, алға қарай жылжи беруді, асықпай, кезең-кезеңмен, қоғамдық тыныш­тық­қа зиян тигізбестен, іске асыруды мақсат тұтты. Өйткені Елба­сы Қазақ­стандағы демократиялан­дыру үдерісінің қайтарымсыз сипат­қа ие болуын қалады. Себебі демо­кратиялық реформалар экономика­ны одан әрі жаңғыртуды және саяси жүйені неғұрлым жетілдіріп, оның тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай қалыптастырып, экономиканы, қоғам мен мемлекетті дамытудың мүмкін­дік­терін кеңейтуге бағытталды. Сондық­тан болып жатқан өзгерістер мен даму үдерістерін ескере отырып, Қазақ­станның саяси жүйесін жетілдіру, сая­си жаңғырту үдерісінің кезеңділігін және реттілігін қамтамасыз етуде Конс­титуцияға тиісті түзетулер енгізу жо­лы­мен жетілдірудің маңызы зор болды. Ол үшін Конституция шеңберінде саяси реформалардың жергілікті өзін өзі басқару жүйесін қалыптастыру, жергілікті өкілді органдардың рөлін, функцияларын және өкілеттіктерін нығайту, әкімдердің сайланбалылығын және жыл сайын есеп беріп отыруын енгізу; азаматтық қоғам институттарын нығайту және дамыту, журналистердің құқығын қорғау, БАҚ-тың редакция­лық саясатының тәуелсіздігіне ке­піл­дік­ті күшейту, БАҚ жанынан Қоғамдық кеңестер құру, әкімшілік рефор­ма жүр­гізу, сот төрелігі жүйелері мен құқық қорғау органдарының тәуел­сіздігін, ашықтығын және тиімділі­гін қамтамасыз ету, сайлау заңна­ма­сын жетілдіруді бекітіп, оның ашық­тығын қамтамасыз ету, округтік және учаскелік сайлау комиссиясын жасақтауда партиялар мен қоғам­дық бірлестіктердің кеңінен қатысуы, билік органдарының сайлау про­цесіне қатысуын шектеуді заңда көр­сету сияқты шаралар белгілен­ді. Конс­титуцияны жетілдіру Парла­мент пен мәслихаттардың өкілет­тіктерін кеңейту, азаматтық қоғам инсти­туттарының рөлін көтеру және нығайту, Парламентке өту барьерін пропорционалды жүйе бойынша 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, Конституциялық бақылау, сот жүйесі және сот төрелігі бағыттарымен нақтыланды.


2007 жылдың 19 ақпанында Елбасы Демократиялық реформалардың бағдар­ламасын әзірлеу және нақты­лау жөніндегі Мемлекеттік комиссия­ның кезекті отырысын өткізді. Комис­сияның төрағасы ретінде ол демократияны одан әрі дамыту, саяси жүйені жетілдіру мәселесін сол жылдың алдында тұрған үлкен міндеттердің қатарына жатқызды.


Мемкомиссия журналистер құ­қық­тарын, БАҚ-тың редакциялық саясатының тәуелсіздігіне кепілдікті күшейту мақсатында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға түзетулер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік электрондық БАҚ жанынан олардың әділдігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп отыратын қоғамдық кеңестер құру қажет деген қорытындыға келді.


Мемлекеттік комиссия көп партия­лы жүйені дамытуды, Қазақстанның саяси жүйесінде саяси партиялар рөлін көтеру үшін саяси партияларды тіркеу процедурасын оңайлату, оның ішінде партияны тіркеу үшін қажет қолдар санын 50 мыңнан 25 мыңға дейін қысқартуды ұсынды. 


Премьер-Министрді Президент Парламенттегі саяси партиялардың фракцияларымен кеңес жүргізген соң және Парламент депутаттарының көп­шілігі қолдаған жағдайда тағайын­дайтын болды. Яғни енді Үкімет пар­ламенттік көпшіліктің қолдауына ие болуы қажет деп шешілді.   


Сенаторлардың санын 48-ге дейін көбей­тіп, облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан 2 адамнан оларды барлық деңгейдегі депутаттардың тиісінше облыс, қала мәслихаттарының сайлауы, 16 депутатты Президенттің  ұсынуы, соның ішінде 9 депутат қоғамдық, ғылыми, шығармашылық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдерінен сайлануы қолдау тапты.


Этносаралық және дінаралық қаты­нас­тардың маңыздылығы ескеріле отырып, Конституцияға ҚХА құру­дың конституциялық нормалары енгі­зі­ліп, оның елдің әртүрлі этностық топ­тың қоғамдық-саяси өмірдегі өкілет­тілігін кеңейтетін ұйым ретіндегі конс­титуциялық мәртебеге ие болуын қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарылып, ол өз өкілдерін Парламентке сайлау құқығына қол жеткізді.


Сот және құқық қорғау органдары мен жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару органдарының қызметін реттейтін кейбір нормалар өзгертілді. Сондықтан тұтқындау мен қамауға алуды тек сот санкциясымен жүргізу заңдастырылды. Омбудсмен­нің рөлі жаңа деңгейге көтерілді. Өлім жазасын қолдануға шек қойылды. Об­лыс және қала әкімдері тиісті деңгей­лі мәслихаттардың келісімімен сайлануы, олардың әкімге сенімсіздік білдіру рәсі­мінің жеңілдетілуі жергілікті өкі­лет­ті органдардың жұмысын бел­сен­діріп, оның беделін нығайтуға жағдай жасады.


Саяси партиялардың өкілетті ор­ган­дар­дың қызметіндегі рөлі көтеріліп, елдегі әртүрлі саяси күштің қыз­метіне ашықтық сипат беру, пар­тия­лар­ды рес­публикалық бюджет­тен қар­жы­ландыру, партиялық фракциялардың рөлін көтерудің құқықтық негізін қалау сияқты күрделі саяси қадамдар жасала бастады. Сонымен бірге ҮЕҰ-ның беделін арттыру арқылы мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі туды.  Әлеуметтік саладағы қатынастардың жаңа моделі дүниеге келіп, мемлекет пен қоғамдық сектор арасындағы тұрақты және тиімді жүйе қалыптаса бастады.


БАҚ-қа қатысты Қазақстан кеңіс­тігіндегі жекеменшік баспасөздің басымдық жағдайын ескере отырып, оның әлемдік стандарттарға сай келе­тін «ойын тәртібін» бекіту қажеттігі туындады. БАҚ бостандығының ке­пілді­гін нығайту негізінде олардың халық алдындағы және журналистер қауым­дастығының кәсіби этикасы­на моральдық жауапкершілігін көтеру жолында маңызды қадамдар жасал­ды. БАҚ-тың демократияландыру үдерісіндегі өз рөлін сезініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуіне, құқықтық негізде  әрекет етуіне назар аударылды. Өйткені Елбасы саяси жаңғыртудың БАҚ рөлін көтермейінше, мүмкін еместігін, БАҚ-тың тәуелсіз редакциялық саясат жүргізуін қамта­масыз ету және журналистердің құқы­ғын қорғаудың өзектілігін жақсы түсін­ді. Нәтижесінде, БАҚ туралы заң­ды жетілдіру қажеттілігі туындады.


Қорыта келгенде, 2000 жылдардың қауіптері мен қатерлері елдің бүкіл әлеу­меттік-экономикалық және қоғам­дық-саяси жүйесін жеделдетіп жаңғыр­ту міндетін шешуді талап етті. Сондық­тан Елбасы қолға алған Қазақстанның де­мо­кратиялық дамуының жаңа кезе­ңі дәл сол кезеңнен өз бастауын алып, сая­си реформалар жүргізуге жол ашылды.


Мемлекеттік комиссияның жұмы­сы барысында барлық ұсыныс, соның ішінде ең радикалдылары да зерде­леніп, жан-жақты пысықталды. Бұл саяси партиялар, ғалымдар, сарапшылар және қазақстандықтармен ақылдасудың өзіндік алаңшасына ай­нал­ды. Нәтижесінде, барлық ұсыныс баспасөзде егжей-тегжей­лі талқыланып, республика Конс­ти­ту­ция­сына өзгерістер мен қо­сым­ша­лар ен­гізу туралы заңның жобасы пы­сық­талып, ол Конституцияға енгі­зі­летін түзетулер анықталғаннан кейін конституциялық жаңалықтарды іске асы­руға бағытталған конститу­циялық заңдардың топтамасы ретінде қоры­тындыланып, Парламентке ен­гізілді. Елбасы 2007 жылғы 16 ма­мыр­дағы Пар­ламентің отырысында Қазақ­станды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғам­ды тез қарқынмен дамыту және прези­денттік республикадан пре­зиденттік-парламенттік республикаға көшу та­қырыбына арнайы тоқталды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев елді жан-жақты жаңғыртудың барысы мен оған қажетті шарттарға тоқтала келе, саяси рефор­маны жүргізудің «қазақстандық жолына» сай келетін және қоғамдық мүдделерді ескеретін Жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасын іске асыру жұмысының заңды жалғасы ретінде «Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңның жоба­сын депутаттардың қарауына ұсы­нып, ол сол жылдың 21 мамырында қабылданды. Елбасы Қазақстанды демо­кратияландырудағы басты ұс­таным­дардың қатарына тұрақтылық, бол­жамдылық, қайтымсыздық, ашық және өркендеген қоғамды жатқызды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев 2000-шы жылдары еліміздің саяси даму реформаларын жүргізу арқылы алдағы саяси жаңғыртулардың басты бағыт-бағдарын айқындап берді.


 








Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04