ffin.kz

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінімдер қабылдануда

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына  өтінімдер қабылдануда Сурет: Bilimdinews.kz

Белсенді, шығармашыл жастарды қолдау


Елімізде дарынды, идеяшыл жастарға қолдау жан-жақты көрсетіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары дүниеге кел­ген дарынды жастарға нақты қолдау ре­тінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігі айтылған болатын, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.  


Президенттің осы тапсырмасын іске асыру мақсатында конкурстың ұйым­дас­тырушысы ретінде Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шіл­де­сінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұр­пақтары» грантын тағайындау бо­йынша ережелері мен тұжырымдамасын бе­кіт­ті. Бұған дейін:



«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан тәуел­с­іздіктің бүгінгі ұрпақтары – біздің ер­теңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. 30 жыл­дық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттік саясатында да жастарды қолдау және адами капиталды дамытуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтары 3,8 млн немесе ел халқының 20%-ын құрайды. Биыл алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үздік 30 жобаға 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант бе­рі­ле­ді»,- деген болатын ведомствоның жа­нындағы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.



Ғалымдар мен зерттеушілер, отан­дық өнертап­қыштар осы конкурсқа «Ғылым» бағыты бойынша қатыса алатыны белгілі. Дегенмен тағы бір бағыт бо­йынша жобасын конкурсқа өткізуіне болады. Айталық, гранттың ережелерінде «Ғылым» бағытынан бөлек «Бизнес» деп аталатын бағыты да бар. Ал өнертабыстың, ғылыми ізденістің, зерттеудің нәтижесінде жасалған бизнес жоба басқа идеялардан әлдеқайда табысты, өнімді болатыны анық. Осы ретте ғалымдар мен зерттеушілер өзі­нің ғылыми өнімін өмірге әкелу үшін грант алып, идеясын бизнес жоба ретінде іске асы­ра алады.


Грантты 14-29 жас аралығындағы жастар иелене алады. Биыл грант иегерлерінің әрқайсысына 3 млн теңге тағайындалады. Конкурс негізінде барлығы 30 грант бөлінеді. Грант қаржысы бір жылға беріледі. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдайды. Қабылдау өткен айдың 19-ынан басталды, бұл процесс алдағы қыркүйек айының 20-сына дейін жалғасады. Ал екінші кезеңде жеңімпаздар анықталады. Жеңімпаздар конкурсты ұйымдастырушы ведомство құрған арнайы конкурстық комиссияның отырысында іріктеліп, белгілі болады. Конкурстық комиссияның отырыстары минис­тр­ліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында онлайн режімде өтеді.


Үміткер өтінімді мемлекеттік немесе орыс тілінде өткізе алады. Ең алдымен жобаның сипаттамасы берілуі тиіс. Онда жобаның атауы мен бағытынан бастап ұсынылып отырған аудиториясы, миссиясы, өнімі, сметасы мен іске асыру географиясына дейін көрсетілуі керек. Сонымен қатар жобаның 1 минуттан аспайтын видео таныстырылымын әзірлеп, қоса жолдауы тиіс. Бір жылға берілетін грантты иеленуші әр үш ай сайын жобаның іске асырылу барысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынып отырады. Грант қаражатының басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, уәкілетті орган грант алушыны жазбаша хабардар етеді. Хабарландыру жіберілген күннен бастап бір ай ішінде грант алуға қаражатты мемлекетке қайтаруы қажет. Жоба іске асырылмаса да грант қаражаты қайтарылмайтын жағдайлар бар. Бұл туралы конкурстың ережесінде:


«Қаражат:


1) грант алушы қайтыс болған;


2) грант алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған;


3) грант алушы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларда (растайтын құжаттар болған кезде) қайтарылмайды», делінген.


Үміткерлердің өтінімі қағаз нұсқа­сы Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел 8, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимара­ты­ның 14-кіреберісінде, ал электронды нұсқасы generation.kaz@gmail.com пошта­сында қабылданады. 





Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32