Журналистер күні қарсаңында
Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Alataý Аqparat» ЖШС-іне қарасты «Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» ұжымы тауға шығып, мейрамды табиғат аясында атап өтті. Бұл жай ғана демалыс емес, аға буын мен жас журналистер арасындағы рухани әңгіме, тәжірибе алмасу, тәрбиелік мәні зор басқосу болды.
Білікті басшы Төлеміс Бақтыбайұлы басқарып отырған «Alataý Аqparat» ұжымының мерекелік басқосуына Қазақстан Журналистер академиясының академигі Сағымбай Қозыбаев, сондай-ақ Валерий Жандәулетов, Мағауия Нұрғалиев сынды ардагер журналистер арнайы қонаққа келді. Олар редакция ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, өздерінің ағалық ізгі тілектерін білдірді.
Алматы маңындағы Түрген шатқалының «Батан» демалыс орнында өткен ұжымдық демалыс кезінде жыл бойы тынбай еңбек еткен үздік қызметкерлер арнайы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Марапатқа ие болған әріптестеріміздің арасында «Almaty aqshamy» газетінің фототілшісі Самат Құсайынов пен жас тілші Ақтолқын Тұрлығазының еңбектері еленіп, оларға Қазақстан Журналистер академиясының арнайы дипломы табыс етілді.
«Біздің жұдырықтай жұмылған ұжымымыздың әрбір қызметкерін кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Редакцияда қызмет етіп жүрген әр адамның өзіндік орны бар. Жұмыстан тыс кезде осылай мерекелік көңіл күймен бас қосып тұруымыз бірлігімізді нығайта түседі деп ойлаймын. Жанға жайлы демалыс шығармашылығымызға да оң әсерін тигізеді», – деді «Alataý Аqparat» ЖШС директоры Төлеміс Бақтыбайұлы.
Мың жасаған шаһардың қос газетінде еңбек етіп келе жатқан ардагер журналистер, редакцияның табалдырығын жаңа аттаған жас қаламгерлер, газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңатын басқа да қызметкерлер бас қосып, естен кетпес әдемі демалыс өткізді.
Тамылжыған табиғатта ән де айтылып, би де биленді, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Таудағы белсенді демалысты тәуір көретін кейбір әріптестеріміз тау бөктерін аралап, «Қайрақ» сарқырамасына дейін жаяу жүріп қайтты. Таудың самалды кешінде алау жағылып, шоққа картоп та пісірілді. Табиғаттағы саф ауаны жұтып, түнгі аспандағы жұлдыздарға қарап, судың сарқыраған дауысы мен құстардың әнін тыңдап, шатырда қонудың өзі керемет.
«Alataý Аqparat» ұжымы журналистердің кәсіби мерекесін табиғат аясында өткізуді дәстүрге айналдырды. Ұжым былтыр да «Тұйық су» демалыс орнында демалып қайтқан еді.
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ, Қазақстан Журналистер академиясының президенті:
Журналистикаға жүрекпен кел!
«Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» газеттері – еліміздегі ақпарат кеңістігіндегі өзіндік орны бар, тұрақты оқырманы бар беделді басылымдар. Осы басылымдарда қазақ журналистикасының корифейлерінің біразы еңбек етті. Қазір байқап отырғанымдай, газетте жұмыс істеп жүрген жастардың қатары көбейіпті. Жалпы, журналистердің еңбек жолын газеттен бастағанын құптаймын, бұл – үлкен мектеп. Журналистика – ғылым. Мен үнемі айтып жүремін, журналистикаға мамандығыңды жақсы көріп, жүрекпен келу керек. Сонда ғана адалдық болады. Біздің академия жылда журналистиканың әр саласында жүрген мықты мамандарды марапаттайды. Солардың арасында осы қос газеттің журналистері назардан тыс қалған емес. Сауатты, білімді, жан-жақты журналистерді қалыптастыруда газет басшылығының, жалпы ұжымның ықпалы күшті екенін айтқым келеді. Алдағы уақытта да алар асуларыңыз биік болсын дегім келеді. Барша журналистер қауымын кәсіби мерекемізбен құттықтаймын!
Валерий ЖАНДӘУЛЕТОВ, ардагер журналист, баспагер:
Жастарға ізденіс керек
Мен журналистика саласында жарты ғасырға жуық қызмет етіп келемін. Журналистика маған бүкіл әлемді тануға, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына куә болуға мүмкіндік берді. Қазіргі заманда журналистердің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалуда. Сондықтан өздерінің барлық мүмкіндігін пайдаланып, көп ізденуі керек деп ойлаймын. Жастарымыз тек Қазақстан шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде сұранысқа ие журналист болса екен деп тілеймін. Кәсіби мереке құтты болсын, әріптестер!
Мағауия НҰРҒАЛИЕВ, фотограф, ардагер журналист:
Фотоға түсіру де – ғажап өнер!
Баспасөз саласындағы фотожурналистиканың орны ерекше ғой. Суреті сөйлеп тұратын маманның жұмысы қашан да бағалы. Қазіргі таңда кәсіби фотоөнермен қоса электрондық техниканың, гаджеттердің пайда болуымен басылымдардың көбі суретті ғаламтордан іздейтіні рас. Бірақ меніңше, тіпті қарапайым қалта телефонымен суретке түсіру үшін де икем керек. Сондықтан қазіргі жас журналистерге мәтін жазумен қатар суретке түсіруді, сапалы фото жасауды үйреніп алу артық болмайды. Өйткені, қазіргі ақпараттық заманда жан-жақтылық керек. Барша әріптестерімді, қалам ұстаған журналистер қауымын осынау керемет мерекемен құттықтаймын. Шығармашылық табыстарға жете беріңіздер!