Биылғы жыл «Аlatay Aqparat» ұжымы үшін жемісті де жеңісті жылдардың бірі болды. Олай дейтініміз, мұның алдындағы жетістіктерімізді айтпағанда, күні кеше әріптестеріміз – «Вечерний Almaty» газетінің Бас редакторы Евгений Рахимжанов пен «Вечерний Almaty» газетінің шығарушы редакторы Жәнібек Сүлеев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттау рәсіміне Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбек, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев және ЮНЕСКО-ның жетекші ғылыми қызметкері Валерий Жандәулетов, коллекционер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Азат Әкімбек қатысты.
«Журналистер – қыры-сыры мол, еркіндік пен дарынды талап ететін шығармашылық иелері. Осы салада ерінбей еңбек етіп, оқырмандардың оң бағасына ие болған жандарды бүгінгі марапаттарымен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта толағай табыстарға жетулеріне тілекшімін. Қазір қарап отырсақ, газет беттерінде ойы орамды, сөзі семсердей журналистерді көзіміз шалады. Алдыңғы буын ағалармен тәжірибе алмасқан жастарымыз болашақта қарымды журналист болатынына сенімдімін», – деді «Alataý Aqparat» ЖШС-нің бас директоры Төлеміс Күлмұхамедов.
Сондай-ақ, дәл осы күні «Alataý Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Вечерний Almaty» газетінде 38 жылдан астам уақыт табан аудармай бір салада, бір мекемеде еңбек етіп келе жатқан «Alataý Aqparat» ЖШС бас директорының орынбасары Абдухалил Жалиловтың туған күніне орай, зейнетке шығуына байланысты құттықтау рәсімі өтті. Ширек ғасырдан астам журналистика саласында еңбек еткен Абдухалил Жалиловқа «Alataý Aqparat» ұжымының атынан ою-өрнекпен көмкерілген шапан жабылды. Әріптестері ақжарама тілектерін арнады.
«Менің осы «Almaty aqshamy» газетіне келгеніме 16 жылдың көлемі болыпты. Осы аралықта Абдухалилді ағамыздай сыйлап, көп нәрсе үйрендік. Редакцияның біз біле бермейтін ішкі жұмыстарын, көзге көп көріне бермейтін жұмыстарды табанды атқарып келеді. Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қызметкерлеріміз қандай да бір іс-шарада болсын, үлкен ауызбіршілік танытады. Өсіп келе жатқан жас журналистеріміз осынау ағалардан үлгі-өнеге алып келе жатқанына қуаныштымын. Ағамыздай болып кеткен Абдухалилге тек қана толағай табыстар тілеймін», – деді «Almaty aqshamy» газеті бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбек.
Осы ретте ұжымымыздың қадірлі қызметкері Абдухалил Жалиловтың Қазақстан Журналистика академиясының Ұлтаралық журналистика саласы бойынша Иолдаш Азаматов атындағы сыйлығымен марапатталғандығын ерекше атап өткеніміз жөн болар.
«Абдухалил Еркеновичтің журналистика саласында атқарған қызметі - болашақ ұрпаққа үлкен өнеге. 30 жылдық қызметте қазақ, орыс редакцияларында табанды жұмыс атқарды. Ұлтаралық журналистика саласына сүбелі үлес қосты. Мен ҚазҰУ-де – қара шаңырақта мұғалімдік қызмет атқарғанымда, Абдухалил менің студентім болған. Қазір, міне, зейнеткер журналист атанды. "Артыңа қарап қартаясың" деген осы болар, бейнетіңнің зейнетін көруді нәсіп етсін деген тілегімді білдіргім келеді», –дейді Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев.
«Alataý Aqparat» медиахолдингінің қызметкерлері өз жұмысында шаһардың тыныс-тіршілігінен хабар беріп қана қоймай, әр мереке сайын түрлі марапаттарға ие болып жатыр. Бұл дегеніміз, еселі еңбектің еленгенінің белгісі болар. Осы ретте журналист өз мамандығының құлы, өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ демекшіміз. Адал қызмет атқарған жандардың еңбегі еселене бергені баршамызды қуантады.