ffin.kz

Сындырмай кек болатты ие білген...Ұлпандай адам қайда...

Сындырмай кек болатты ие білген...Ұлпандай адам қайда... Суреттер: Ғ.Мүсірепов театры

«Ұлпан»өмірде болған, ел шежіресінің мазмұны негізінде жазған қазақ тұрмысынан хабардар ететін тарихи шығарма. Бекзат әйел болмысын танытып қана қоймай, ХІХ ғасырда болған ел жағдайынан куәгер ететін, қазақ дүниетанымын тұтастай қамтыған алып туынды.

Роман жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің шоқтығы биік туындыларының бірі де бірегейі. Қазақ әдебиетіне проза жанры бойынша серпін алып келген қаламы ұшты, ойы ұшқыр заңғар жазушы. Автор роман турасында: «Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым — ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірім т.т; Ұлпан-менің Мона Лизам, Джокондам», деп жоғары баға берген.

Ел ана образын асқан шеберлікпен оқырман көкейіне жеткізе білген асыл туынды 28, 30, 31 шілде күндері «Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер» театрының сахнасында қойылым ретінде тұсаукесері өтті. Романның ерекшелігі – бас кейіпкерлер арасындағы оқиға тізбегімен қатар, қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болуы. Аталған құбылыстарды көрермен ретінде мен де спектакльден кездестірдім. Алған эмоция мен кешкен күйім тым бөлек. Тура шығарманы оқып отырған сәттегідей Ұлпан өмір сүрген қоғам мен кеңістік, сол заман көз алдыма келді. Саф таза, тұнық, мөлдір өнерді сахнадан көре алдым. Бала Ұлпан, дана Ұлпан, ана Ұлпан, көсем Ұлпан, абыз Ұлпан образы толықтай ашылды деп сеніммен айта аламын. Қойылым 3,5 сағатқа созылды. Бұл мен үшін өмірімдегі ең маңызды сағаттай мардымды әрі мағыналы өткен тез уақыт болды. Есеней мен Ұлпан арасындағы байланыс, нәзік махаббатты сахнаға шақтап ықшамды жеткізе білу, ел тұрмысының жағдайынан хабардар етіп, бай мен кедей арасындағы байланыс, жер дауы, жесір дауының аражігін ажырату, «қалыңмал», «әмеңгерлік» сынды салт түрлерінің озығын алға көрсетіп, тозығынан тазартуда еңбек сіңірген Ұлпан персонажы толықтай ашылды. Қосалқы кейіпкерлер Мүсіреп, Артықбай, Несібелі, Еменалы, Шынар образдары да сахна төрінен көрініс тапты. Осы орайда шығармашылық топқа, труппаға, режиссер Гүлнәз Балпейсоваға үлкен алғыс. Айта кететін жайт, 7 маусым күні режиссер бастаған актерлық құрам мен Мүсірепов театрының ұжымы Ғ.Мүсіреповтің музей-үйінде қонақ болды. Ғабең шығармашылығымен музей экспозициясымен, жазушы қолының табы қалған жеке заттарымен таныс болды.

Гүлнәз Балпейсова алған әсері турасында музей парақшасына лебізін қалдырды: «Ғабит Мүсірепов музейінде болу мен үшін үлен мәртебе. Музей-үйі асқан талғаммен жасалған. Жазушы шығармашылығындағы мен қойғалы жатқан «Ұлпан» спектакльі менің екінші туындым, бұдан бұрын «Қозы мен Баян» дүниеге келді. Жұмыс процесі барысында жазушы музейімен танысуды құп көрдік. Алған әсерімді сөзбен айту жеткіліксіз. Сонымен қатар, музей-үйінде шағын кинотеатрдың болуы маған ерекше ұнады. Келушілер жазушы творчествосымен жақын таныса алады...»

Бас кейіпкерлер Есеней мен Ұлпан рөлінде Әсет Иманғали мен Толқын Нұрбекова өнер көрсетті. Бұл көрермен күткендей керемет амплуа бола білді. Образ бен әртіс характеристикасының үйлесім табуы жан қуантады. Режиссердің бейнелі-пластикалық тілімизансцена ғажап қойылды. Ұлпанның дүниеге Біжікенді алып келуі, Еменалының ауылға қысастық жасап өрт шығаруы, билер арасында көсем ретінде Ұлпанның сөз сөйлеуі әсерлі көрсетілді. Қойылымға қазақтың тарихи әндерімен бірге шетел музыкаларын  үйлестіре білу де асқан шеберлік. Қазіргі таңда театрға келушілер қатарының басым көбін жастар қауымы құрағандықтан бұрын сонды басқа режиссерлар қолданбаған бұл ерекшелік көпшілікке ұнады деген ойдамын. Қазіргі таңда жаңашылдықтан сескенбей, тәуекел қадам жасай білу ерлікпен пара-пар.

Көрермен сол заман кеңістігіне сапар жасағандай қойылым легімен бір темпте, бір демде тапжылмай тамашалады. Шығарманы оқығандағы эмоцияны, картинаны спектакльден көру оқырман үшін үлкен толқыныс пен ризашылық. Мен де риза болған, көңілі толған көрермен ретінде труппаға алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта көрермен ретінде Мүсірепов шығармашылығындағы басқа да туындыларды театр сахнасынан көрсем деген тілегім бар. Аруағыңнан айналдым, Ғаба!

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:01

12:15

12:01

11:58

11:49

11:36

11:32

11:23

11:04

11:01

10:59

10:49

10:44

10:40

10:30

10:21

09:54

09:46

09:44

09:19

09:18

09:08

08:49

08:02

20:24