Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал 2024 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату келісілді.
Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды.
Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Суперкомпьютер құрамында генетикалық деректерді кешенді өңдеуге арналған арнайы қолданбалы бағдарлама бар. Оның көмегімен реттілік деректерін алдын ала өңдеуден бастап, геномдық тізбекті талдауға дейінгі зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер саналады. Сонымен қатар ол әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді. Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларына негізделген. Оның есептеу қуаты ең заманауи дербес компьютерден шамамен 10 мың есе жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеу барысында да осы суперкомпьютердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда.
ҚазҰУ суперкомпьютері күрделі математикалық есептерді шешуге, ауқымды ғылыми есептеулер жүргізуге және жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған. Жүйе көлемі 6 петабайттық деректер қоймасымен жабдықталған, бұл үлкен көлемдегі ақпаратты жедел сақтауға, өңдеуге және талдауға мүмкіндік береді.
Суперкомпьютердің есептеу қуаты өңірдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық міндеттерді шешуде кеңінен қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, геофизикалық деректерді, сейсмикалық датчиктердің мәліметтерін, спутниктік бақылау нәтижелерін және жер қыртысындағы кернеуді модельдеу алгоритмдерін пайдалану арқылы жер сілкіністерін болжауға және сейсмикалық тәуекелдерді бағалауға жағдай жасайды. Сонымен қатар ықтимал сейсмикалық әсерлерді сценарийлік модельдеу мен жоғары қауіп аймақтарын анықтау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Суперкомпьютер климаттық және метеорологиялық үдерістерді зерттеу мен болжауда да маңызды рөл атқарады. WRF метеорологиялық моделі мен спутниктік деректер негізінде жауын-шашын мөлшерін, қатты желдерді, көшкін қаупін және қалалық аумақтардағы аптап ыстық толқындарын алдын ала болжауға болады. Бұдан бөлек, жер бедерінің цифрлық модельдерін, жауын-шашын көлемі мен топырақ ылғалдылығы туралы деректерді пайдалана отырып, опырмалар мен сел тасқындарының туындау қаупін бағалауға мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта ҚазҰУ мен Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп «Алматының цифрлық болашағы: HPC (High Performance Computing) негізіндегі модельдеу, болжау және шешімдер» бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте суперкомпьютер қалалық ортаны талдау мен цифрландырудың, сейсмикалық қауіптерді болжаудың, көлік жүйесін зияткерлік басқарудың және жол қозғалысы ағындарын модельдеудің ғылыми-инженерлік платформасына айналуы мүмкін. Сондай-ақ оның мүмкіндіктері қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеуде пайдаланылатын болады.
Басым бағыттардың бірі – геодеректерді, инженерлік инфрақұрылымды, көлік жүйесін, экологиялық және демографиялық көрсеткіштерді біріктіретін «Алматының цифрлық егізі» жобасын әзірлеу. Қаланың виртуалды моделі қайта жаңғырту жұмыстарын жоспарлауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін оңтайландыруға, көлік жүктемесін бағалауға, сондай-ақ энергетикалық желілер мен сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын модельдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде ҚазҰУ ғалымдары мен зерттеушілері суперкомпьютерді әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды әзірлеу және жоғары білікті мамандар даярлау мақсатында белсенді пайдаланып келеді.
FARABI SUPERCOMPUTER CENTER базасында биоинформатика және геномдық талдау, WRF негізіндегі климаттық модельдеу, Gaussian бағдарламалық қамтамасыз етуін қолдана отырып кванттық-химиялық есептеулер жүргізу, COMSOL Multiphysics және ANSYS платформаларында инженерлік модельдеу, жасанды интеллект пен IoMT технологиялары негізінде жүрек-қан тамырлары ауруларының мониторингі мен алдын алуға арналған интеллектуалды жүйелерді әзірлеу, өнеркәсіп саласына арналған жасанды интеллект алгоритмдерін құру, сондай-ақ қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельді (LLM) жасау бағытындағы жобаларды іске асыру көзделген.
Басым ғылыми жобалардың бірі – геофизикалық деректер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде жер сілкіністерін болжау және сейсмикалық тәуекелдерді бағалау жүйесін әзірлеу. Сонымен қатар суперкомпьютердің есептеу мүмкіндіктері Алматыдағы Smart City жобалары аясында бейнемониторинг жүйелері мен ситуациялық орталықтардың деректерін өңдеуге, сондай-ақ 2024–2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылатын ғылыми жобаларды орындауға пайдаланылуы мүмкін.
Суперкомпьютердің басты құндылығы – күрделі ғылыми міндеттерді жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік беруінде. Бұл отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ғылыми зерттеулердің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.