Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі Сурет: Gov.kz


Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі. Құжатты Парламент депутаттары мақұлдады, деп хабарлайды aqshamnews.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа кодексті бес негізгі қағидат бойынша әзірленді. Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономиканың дамуының негізі ретінде тану, су қорын қорғау және оның сарқылуының алдын алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге тарту.

Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су объектілерін ластанудан қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының трансшекаралық су нысандарын қорғау және пайдалану бағытындағы мүддесін қорғауды қамтиды. Су көздерінің сарқылуының алдын алу үшін өзен-көлдер және теңіздердің экожүйесін қолдау мақсатында судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі.

Су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен, шағын өзендер мен көлдерді сақтауға назар аударылады. Атап айтқанда, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Сулы-батпақты жерлер мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындайды.

Сондай-ақ, жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл құжаттар су ресурстарының көлемі туралы болжамдарға сүйене отырып негізгі мақсат-міндеттерді, тәсілдерді және іс-шараларды анықтайды. Осы жоспарлардың қорытындысы мен ұсыныстары мемлекеттік жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс.

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінің жобасы су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес кезінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуды көздейді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік су инспекциялары арқылы тасқын суды өткізу және қабылдау кезінде гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен жұмыс режимін бақылайды. Сонымен қатар, министрлік тасқынды су айдындарына жіберуді қамтамасыз етуі тиіс.
 
Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны мен су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жұмысын жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы органдар тасқын және еріген қар суының алдын алу және одан қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын және көлік инфрақұрылымын тасқын және еріген қар суынан қорғау үшін жерүсті су нысандарына санация (тазарту және тереңдету) жүргізеді.
 
Су ресурстары бойынша ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады. Құжатта еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады.

Су саласын цифрландыру үшін Ұлттық ақпараттық жүйе жасалады, оның жұмысын өткен жылы құрылған Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, қолданыстағы редакцияда қарастырылмаған, су үнемдеуді ынталандыру тетіктері енгізілді. Мысалы, айналымдағы немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған кезде ғана су пайдалануға рұқсат беріледі. Ал оған ауысуға бес жыл уақыт беріледі. Жоспар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл мерзімде әзірленуі тиіс.

Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі - гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көп факторлы тексеріс жүргізу мәселелері жүйеленген. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу қарастырылып отыр.

Жаңа Су кодексінде су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді.


Бассейндік кеңестердің рөлі күшейтілді. Олардың ұсынымдары мен шешімдері бассейндік, аумақтық, салалық және бас жоспарды, даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде және суды пайдалану лимиттерін айқындау кезінде ескеріледі.

Судың «қара нарығымен» тиімді күресу үшін бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Оларға жедел ден қою шараларын қабылдау үшін қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функцияларды сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаттары әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекске түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, суды заңсыз пайдалану үшін жауапкершілікті қатаңдату «гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігін бұзу» атты жаңа бапты енгізу, Арал теңізі аумағында қазбаларды өндіруге тыйым салу және жерасты су ресурстарын тиімді басқару үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне бірқатар функцияларды беру ұсынылды.

«Жаңа Су кодексінің негізгі міндеттері - су үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру және дамыту, ғылымды дамыту және ғылыми тәсілдерді пайдалану, елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды реттеу, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында тиімділікті арттыру болып табылады. Құжат Қазақстанның су саласының барлық бағыттарын қамтиды»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 
 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:46

15:15

15:11

14:50

14:11

13:41

13:16

12:42

12:12

11:51

11:11

10:40

10:32

10:02

10:01

17:56

17:45

17:22

17:15

17:01

16:47

16:44

16:41

16:35

16:30