Олар - шынайы махаббаттың символы. Елдің сөзі мен көптің ойын елемей, тек жүректеріндегі сенім мен сезімге сүйеніп, өмірдің сынағын бірге еңсерген жандар. Аружан мен Дінислам - сырт көзге ерекше, бірақ бір-біріне деген махаббатымен нағыз отбасының не екенін дәлелдеген жұп. 15 қыркүйек - Отбасы күні қарсаңында Aqshamnews.kz тілшісі берік сезімге құрылған жанұяның әңгімесін ұсынады.
Бәр қалай басталды?
Аружан – Түркістан қаласының тумасы. Ол бала күнінен өмірге құштар болып өскен. Бірақ тағдыр оған ерте жаста ауыр сынақ жіберді.
"Жарақатым 2009 жылы күз айында дене шынықтыру сабағында абайсызда тіземен құлап, ауыртып алудан басталды. 2 ай гипсте жаттым. Түркістандағы дәрігерлер диагнозды білмегендіктен Шымкентке жіберді, олар да анықтай алмай Алматыға жолдады. Алматыдағы дәрігерлер бірден онкология екенін білді де, ауруханаға жатқызды. 3 химия алған соң аяғым жарамай қалды, кесуге тура келді. Сөйтіп 8 химия алып, ауруымды жеңіп шықтым. Нақты диагнозым – сүйек тіндерінің жарақаты. Қазір мен Түркістан қаласында nail master болып жұмыс істеймін" деді ол.
Дінислам мен Аружанның таныстығы
Аружан өзінің өмірлік серігі Дінисламмен әлеуметтік желіде танысқан.
"Жұбайыммен Instagram желісінде таныстық. 2022 жылы 1 наурыз күні мені құрбымның сторисінен көріп, маған жазды. Солай танысып кеттік. Қазіргі таңда ол ипотекалық брокер болып жұмыс істейді, кезекпен және кезексіз тиімді бағамен үй алуға көмектеседі. Біз 2023 жылдың 15 наурызында шаңырақ көтердік" деді.
"Ол аяғым туралы ештеңе сұрамады"
Жас келіншек үшін Дінислам – тек жұбай емес, сенімді дос әрі тірек.
"Маған ол жолдас қана емес, ең жақын сырлас дос, жанымның тыныштығы, тірегім. Ол – сенімді серік, әрқашан қасымнан табылған мықты адам. Жақсы әке, адал жар, отбасымыздың тірегі. Жұбайым өте сабырлы, салмақты, уәдесінде тұратын ер азамат. Біз бірінші кездескенде ол “келесі кездескенше” деп қоштасқан болатын. Сол сәттен-ақ оның менің адамым екенін түсіндім. Ол кезде аяғым туралы ештеңе сұрамады. Құрбым оған жағдайымды айтып: “Егер ары қарай сөйлескің келмесе, қазірден тоқтат” дегенде, ол “жоқ, мен ондайға қарамаймын, сөйлесуді жалғастырамын” деді. Сол кезде Алла маған ең дұрыс адамды жібергенін толық сезіндім" деді ол.
"Қызым дүниеге келгелі өмірге деген құштарлығым артты"
Қызын құшағына алған сәттен бастап Аружанның өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.
"Анаңның қадірін балалы болғанда түсінесің деген сөз рас екен. Қызым дүниеге келгелі өмірге деген құштарлығым артып қана қоймай, жүрегім махаббатқа толды. Ол – менің ең үлкен қуанышым, өмірімнің мәні. Қызым маған жаңа мақсат, жаңа арман сыйлаған періште. Жұбайым қызымызға ең мейірімді, ең қамқор әке. Оның көзінен қызымызға деген шексіз сүйіспеншілікті көремін" дейді Аружан.
"Кейде түсінбей, сын айтатындар болады"
Отбасылық өмірде түрлі қиындықтар кездескенімен, оларды бірге жеңу – Аружан мен Дінислам үшін басты сабақ болған.
«Бізге өмірде түрлі сынақтар кездесті: бірде материалдық қиындықтар, бірде денсаулық мәселелері, бірде адамдардың түсінбеушілігі. Бірақ бәрін бірге еңсердік. Ең бастысы – бір-бірімізге деген сенім мен қолдау. Әрине, қоғамда түрлі пікір айтылады. Кейде түсінбей, сын айтатындар болады. Бірақ біз оған аса мән бермейміз. Себебі біз үшін ең бастысы – отбасымыздың амандығы мен бақыты. Бақытты жанұяны сыртқы пікір емес, ішкі махаббат құрайды. Жұбайым – менің ең үлкен тірегім. Қиналған сәтте әрдайым сабырлы болып, маған демеу болады. Оның “бәрі жақсы болады” деген қарапайым сөзі маған жаңа күш береді. Ол – менің қамқоршым ғана емес, жанымның тыныштығы" деді ол.
Берік отбасының басты негізі не?
Аружан үшін отбасындағы ең басты байлық – сенім мен сыйластық.
"Отбасы үшін ең маңыздысы – сыйластық пен түсіністік. Шынайы махаббат тек сезім емес, ол – күнделікті қамқорлық, құрмет, жанашырлық. Біздің отбасымыздағы басты құндылық – сенім. Біз бір-бірімізге сеніп, қуаныш пен сынақты бірге бөлісеміз. Сол сенім отбасымызды мықты етеді. Өз жартысын таба алмай жүрген жандарға айтарым: ең әуелі өзіңді жақсы көріп, өзіңді табу керек. Сонда Алла жүрегіңе сай жартыңды жолықтырады. Асықпай, тағдырға сеніп, шынайы махаббатты күткен дұрыс" дейді Аружан Абылай.