Таяу Шығыста тұтанған от Газаның қабырғасынан қарғып өтіп, тұтас аймаққа ауа жайылып кету қаупінде тұр. Қақтығыс күн өткен сайын өршіп бара жатқандай. Израильге тосын шабуыл жасап, ауқымды ұрысты бастаған ХАМАС тұтас Палестинаға өкілдік етпесе де, ұдайы шиеленісіп келе жатқан тарихи дау ұшқыны қайта лаулап жанды. Ал Газадағы емханаға түскен зымыран қызып тұрған қазанға май құйғандай, мәселені тіпті ауырлатты. Израиль–Палестина арасындағы ауық-ауық бұрқ ете қалатын қақтығысқа әлемнің еті үйренген. Бірақ кезекті сойқанның сойы бөлек. Орта Шығыстың әр түкпіріндегі исламшыл қозғалыстар, қарулы топтар ХАМАС ұйымына қосылып, Израильді нысанаға алуы мүмкін. Бұндай қауіптің бар екенін Тель-Авив те мойындап отыр. Сонымен, әлем көз тіккен аймаққа қатысты хабар-ошар, ақпараттарға және бір шолу жасап көрелік.
АЙМАҚҚА ЖАЙЫЛУ ҚАУПІ БАР...
Жанжалға аймақтағы басқа елдер де араласып кетуі мүмкін деген қауіп күшті. Газадағы емханада болған жарылыстан кейін Израильдің қарулы қарымта шабуылына деген наразылық өршіді. Жарылыста қанша адамның көз жұмғанына қатысты деректер әртүрлі. Әу баста 500 шамасындағы адам бір мезетте мерт болғаны жайында мәлімет тараған. Израиль тарапы бұл қырғыншылықтың өздеріне қатысы жоқ екенін, зымыран шабуылы тағы бір исламшыл қозғалысқа тиесілі деп мәлімдеді. Бірақ нақты жауабы әлі де жоқ. Емханада басым көбі бейбіт тұрғындар, аурулар, шабуылдан жан сауғалап тығылған әйелдер мен балалар болған. Бір уақытта сонша көп бейбіт азаматтардың қанға бөгіп қалуы аймақтағы мұсылман қауымының ашу-ызасын тудырды. Иорданияда, Батыс жиектегі палестиналықтар арасында, Иранда, Мысыр, Ливия, Сирия және Түркия сынды елдерде наразылық шерулері қатарынан бірер күн жалғасып жатыр. Тіпті, бұл оқиғадан кейін АҚШ-ты қамтыған бірқатар батыс елдерінде де Израильдің қарулы шабуылдарын айыптаған демонстрациялар болды.
Дәл осы оқиға Израильге қарсы аймақтағы наразылыққа тұздық болды. Әрі еврей мемлекетіне деген қарсылық қарқынды түрде кеңейіп барады. Израиль қорғаныс министрлігінің өзі аймақтағы өзге қарулы топтардың шабуыл қаупінің күшейгенін айтты. Кеше Таяу-Шығыстағы BBC тілшісі Санам Вакил жасаған хабарында жағдайды: «Тұтас аймақ қандай да бір оқиға болып кетеді деп күтіп тұрғандай. Аймақта тұрақсыздық анық байқалады. Тіпті, шиеленісті бәсеңдету үшін арнайы каналдар қосыла бастады», – деп бағалады. Бұның өзінен көп нәрсені ұғынуға болады. Қазір байқап отырғанымыздай, аймақтағы ең ірі ойыншылар Иран, Түркия, Сауд Арабиясы сынды елдер өзара қоңырау соғып, мәселені талқылай бастады. Әңгіме ауаны жанжалдың аймаққа жайылып кетуінің алдын алу бойынша болып жатыр. Десе де, жағдай бақылаудан шығып кету қаупі осы әрекеттермен қатар дамып жатыр.
СОҒЫСҚА КІМДЕР АРАЛАСУЫ МҮМКІН?
Қазіргі жағдайға қарағанда, аймақтағы елдердің ешқайсысы тікелей соғысқа араласқысы жоқ. Бірақ ұзақ уақыттан бері тұрақсыздық жайлаған Орта Шығыста түрлі қарулы топтар, радикал ұйымдар да әрекет етіп келеді. Әсіресе, Сирия мен Ирак жерлерінде бұндай топтар белсенді. Олардың әрқайсысының сүйенген «иесі» бар. Бірін Түркия, бірін Иран, тағы бірін АҚШ, енді бірін Катар дегендей сыртқы ойыншылар қолдап отыр. Түрлі күштер ықпал ететін, әрі түрлі мақсаттағы бұл ұйымдардың басым көбі радикал сипатқа ие, әрі діни идеологияға құрылған. Сондықтан антисионистік бағытта ортақ мақсат туындап жатса таңқалуға болмайды.
Иранның кейбір ресми тұлғаларының өзі аймақтағы қарулы топтардың Израильге қарсы ХАМАС- пен бірігіп кетуі ықтимал екенін айтқан. Айталық, ИИР СІМ басшысы «Қарсылық көрсету ұйымының» лидерлері еврей күштерімен бетпе-бет ұрысқа дайын екенін мәлімдеген. Бұл қатарда көп елдің баса мән беретіні Иранның тікелей қолдауына ие «Хезболла» тобы. Ливанда салыстырмалы қуатты күшке ие бұл топты көптеген Батыс елдері террорлық ұйым ретінде таныған. Биыл жыл басында олардың Иран жерінде әскери жаттығудан өткені туралы да мәліметтер шығып еді.
Иран Ислам Республикасы өзінің Израильге қарсылығын жасырған емес. Мұсылмандар танымындағы Құдыс қаласының орнына қатысты ең батыл ұстанымын көрсетіп жүрген елдің бірі де осы Иран. Палестина мен Израиль ортасындағы кезекті қақтығыс әу баста Иранды соғыс алаңына тарту үшін ірі күш орталықтарының жоспары деген де болжамдар айтылған. Әрине, Иранның соғыс қимылдарына тікелей болмасада жанамалай араласып, Орта Шығыстың жанжал батпағына бата түсуі оның аймақтағы және әлемдегі стратегиялық бәсекелестері үшін тиімді. Алайда, қазіргі жағдайда Иранға бұндай жанжалға араласу тиімсіз. Өзі болмаған күнде де қолдау көрсеткен топтарының ұрысқа араласуы да аймақтағы ықпалды күштердің арасындағы теңгерімге әсер етуі мүмкін.
ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАТЫН МАЙДАН
Әлемнің ниеті айнып, жаһанның жүзі құбылып тұрғанда Құдыс маңында қақтығыстың басталуы қай жағынан да жақсылықтың нышаны емес. ХАМАС шабуылынан кейін Израиль премьер-министрі Беняминь Нетаньяхудың жасаған мәлімдемесі де кісіні ойландырады. Ол сол кезде жағдайды соғыс деп бағалады, әрі бұл соғыстың ұзаққа созылатынын айтты. Расында да, мүдделі барлық тараптың іс-әрекеттері, үрдістің даму бағыты қақтығыстың біз күткеннен ұзаққа созылатынынан хабар береді. Бұл шын мәнісінде Украинадан кейін ашылған әлемдегі екінші үлкен соғыс алаңы. Қатпары қалың оқиғаның ең түпкі астарында тағы да сол жаһандық тәртіпті қайта құрудағы ірі күштердің бәсекесі жатыр. Бұндай ауқымды мүдде таластарында ең жаманы – зардабын қарапайым халық тартады. Соңғы толықталмаған деректерге қарағанда, бар болғаны 45 шаршы шақырым аумақтағы Газада 3 мыңнан астам адам көз жұмды. Қақтығыс ұзаққа созылатын болса, Газа секторы қабырыстанға айналуы да ғажап емес. Ғасырларға созылған әрі қайталанбалы қайшылық қашан нүктесіне жетеді, ол да белгісіз.