БАҚ-тан америкалық және қытайлық платформалардың өзара бәсекесі туралы біліп отырамыз. Мәселен, Қытай тарапы небары 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасаған. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түскен. Бұл жөнінде «Айқын» газетіне берген «Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды» бүгінгі сұхбатында Мемлекет басшысының кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли атап айтты. «Міне, осындай қазіргі заманның сұранысын жетік біліп қана қоймай, оны Қазақстан қоғамына дендеп енгізу мақсатында Мемлекет басшысы жасанды интеллекті саласындағы озық ойлы тұлғалармен жиі кездеседі. Жуырда ғана осы саладағы қытайлық кәсіпкер Ли Кай Фуды қабылдаған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде де қытай тәжірибесін кеңінен зерделеу жөнінде тапсырма беруі бекер емес. Бұл салада біз бағындыратын биіктер әлі алда» деді Президент кеңесшісі.
Цифрландыру саласына мыңдаған маман даярлануда. Атап айтар болсақ, Елордада Al-Sana жасанды интеллектіні оқыту орталығы ашылды. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оған қоса, жаңа қауіп-қатерлер де кезігіп отыратыны бар. Бүгінде кибералаяқтықтан қорғану мәселесі өте өзекті. Мәселен, қылмыстық істердің 80 пайызының әшкереленбеуі арнайы құзырлы органдарымыздың цифрлы әлеуетін әлі де жетілдіруін керек етеді. Өйткені мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі ең басты орында.
Осы орайда цифрландырумен ілесе келген жасанды интеллект (ЖИ) –қарқынды даму үстіндегі технологияның бірі. Тіпті, бұл технология IT саласымен шектелмей, шығармашылық индустрияға да айтарлықтай ықпал етуде. Бәзбіреулер ЖИ-ді шығармашылыққа қауіп ретінде қарастырғанымен, көпшілік оны жаңа мүмкіндіктің бастауы деп біледі. Аталған тақырыпта сарапшылардың нақты пікірін біліп, креативті индустрияда ЖИ-мен жұмыс істейтін мамандармен кеңестік.
Алдымен ЖИ-дің креативті индустрияға әсерін білмек болдық. Алматыдағы креативті индустрия өкілдерімен пікір алмасу барысында олардың көзқарасы әралуан болғанымен, ойлары ортақ деп түйдік. Байқағанымыздай, жасанды интеллект креативті процесті толық алмастыра алмаса да, оны айтарлықтай өзгерте алатындай екен. ЖИ мүмкіндігі мен шектеуін де білмек болдық.
Сарапшылардың пікірінше, ЖИ шығармашылық индустрияда үш негізгі бағытта қолданылады. Біріншіден, бұл – жылдам идея генерациясы. Дизайнда, маркетинг пен жарнамада бастапқы идеяны жасауға жәрдемдеседі. Екіншіден, қайталанатын жұмысты автоматтандыруға қажет. Бұл дегеніміз, монтаж, код жазу, мәтінді өңдеу тәрізді техникалық тапсырмаларды тиянақтап, жеңілдетеді. Үшіншісі – жеке аудиторияға бағытталған контент жасау. Мәселен, Netflix және Spotify сияқты платформалар ЖИ-ді қолданушының қалауын болжауға пайдаланады.
Дегенмен, оның басты шектеулері де бар. Бұл – шығармашылықтың түпкі мәнін түсінбеуі, жаңашыл идея тудыра алмауы мен адам эмоциясын жеткізе алмауы. Солай бола тұра, жасанды интеллект шығармашылық салаларды өзінше түбегейлі өзгертуге тырысып бағуда. Жаңа технология адам баласының орнын баса алмаса да, соны мүмкіндіктер туындатуға барын салуда.
Осы ретте креативті индустрия мамандарына маңыздысы – ЖИ-ді қажетінше дұрыс пайдаланып, өз дағдысын дамытуға кірісу. Осы мәселерге үңілгенді жөн деп таптық. Ал, сіздіңше жасанды интеллект шығармашылыққа көмектесе ме, әлде кедергі келтіре ме?
· Тақырыпқа орай
Алихан ТҰРЫСБЕК,
графикалық дизайнер:
Идеаны тездетеді
Бұрын логотип жасауға бірнеше күн кетсе, бүгінде ЖИ арқылы идеяларды тезірек жасап шығуға болады. Сөйтсе де, сапалы өнім жасауға адамның шығармашылық түйсігі өте керек. ЖИ ұсынған нұсқалар шикі болып келеді, оны өңдеу үшін тәжірибе қажет.
Айдана ӘБДІРАХМАНОВА,
контент-менеджер:
Журналистикада фактчекинг маңызды
ЖИ мәтін жазуда да көмектеседі. Бірақ оның жазғандары көбінесе шаблонды болып шығады. Журналистикада фактчекинг маңызды, ал ЖИ әлі де жалған ақпарат тарату қаупін тудырады. Сондықтан ол көмекші құрал ретінде ғана қолданылуы керек.