Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Павлодар қаласының суретші-педагогы, Халықаралық анималист-суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан мен Ресейде өткен көптеген ұжымдық көрмелердің белсенді қатысушысы Елена Каркавинаның «СӘТТЕР» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Елена Каркавинаның шығармашылығы сәндік кескіндеме мен заманауи этно-фэнтези бағыттарының үйлесімді тоғысуымен ерекшеленеді. Суретші түс, пішін және сәндік элементтер арқылы жылылықты, жан тыныштығын және туған жермен рухани байланысты шебер бейнелейді.
Автор туындыларында қазақ халқының мәдени коды айрықша орын алады. Ол көркем образдар, ою-өрнек нақыштары мен көшпелі өркениеттің дүниетанымы арқылы көрініс тапқан. Суретшінің шығармалары өткен мен бүгінді жалғайтын өзіндік көркем диалог іспетті. Олар ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи көркемдік тіл арқылы жаңаша мазмұнда танытады.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі директорының орынбасары Балаева Арайлы Бақытқызы құттықтау сөз сөйлеп, отандық заманауи суретшілерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Ол «СӘТТЕР» көрмесінің ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу мен насихаттаудағы рөлін атап өтіп, Елена Каркавинаның қазақстандық өнердің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Іс-шара соңында суретшіге музей атынан Алғыс хат табыстап, шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Сондай-ақ көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық орталық музейдің өнертанушысы Айгерім Айдарбек, «ASIA ART» шығармашылық тобының жетекшісі, суретші Кенбаев Алпамыс Молдахметұлы, «ASIA ART» шығармашылық тобының мүшесі, суретші Абту Анет және «СӘТТЕР» көрмесінің авторы, суретші-педагог, Халықаралық анималист-суретшілер одағының мүшесі Елена Александровна Каркавина сөз сөйледі.