САЙЛАУ РЕФОРМАСЫ Ашықтық пен айқындыққа негізделеді

САЙЛАУ РЕФОРМАСЫ  Ашықтық пен айқындыққа негізделеді Сурет спикердің жеке архивінен алынды

Жаңа міндеттер мен өзгерістер

Көпшілікке мәлім, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы бастаған конституциялық реформасы сайлау заңнамасының өзгеруіне негіз болды. Осы өзгерістерге байланысты Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова реформалардың маңызы мен олардың сайлау процесіне ықпалы, сайлау заңнамасының жаңартылуы, комиссия жұмысының жаңа форматтары және ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету шаралары жайында «Вечерний Алматы» газетіне сұхбат берді. 

– 2024 жылы Алматыда сайлау процесін ұйымдастыру қалай өтті? 2025 жылы қандай жаңалықтар енгізіледі?

– 2022 жылы басталған конституциялық реформа сайлау заңнамасының түбегейлі өзгеруіне алып келді. Бұл өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып, сарапшылар арасында қызу пікірталас тудырды.

Маңызды өзгерістердің бірі – Президенттің өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылып, қайта сайлану құқығы алынып тасталды. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау жүйесіне мажоритарлық және аралас жүйе қайта енгізілді, сондай-ақ депутаттарды кері қайтарып алу құқығы бекітілді. Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттарының барлығы тікелей халық сайлауынан өтетін болды. Бұрын 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасымен тағайындалатын. 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа ережелер бойынша өтті.

Заңнамаға әкімдерді сайлау туралы баптар енгізілді. 2023 жылдың күзіне қарай Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті.

Бұл реформалардың тиімділігі, халықтың жергілікті атқарушы билік басшыларын сайлау тәжірибесіне көзқарасы және жаңадан сайланған әкімдердің жұмысы мұқият талданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында 2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдері тек тікелей сайлау арқылы таңдалатынын мәлімдеді. Бұл жергілікті басшылардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, қоғамның сенімін күшейтуге бағытталған қадам.

Алайда, Алматыда аудан әкімдерін сайлау өткізілмейді, себебі мегаполис республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие, оның басқару жүйесі өзгеше.

Дегенмен, 2025 жылы Алматыда сайлау өткізілмесе де, аумақтық сайлау комиссиялары сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстарын жалғастырады. Құқықтық сауаттылық пен сайлау комиссияларының тиімділігін арттыру мақсатында каскадтық әдіс арқылы оқыту енгізілуде. Сонымен қатар, жастар мен оқушылар арасында демократиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

Дүниежүзілік сайлау күні аясында көптеген іс-шаралар өткізілді. Бұл күн дәстүрлі түрде ақпан айының бірінші бейсенбісінде аталып өтеді. Ал биыл 6 ақпанға сәйкес келді. Осыған орай, дәрістер, семинарлар, байқаулар, «дөңгелек үстелдер», жастармен кездесулер ұйымдастырылды. 3 ақпанда қаланың 5–11-сынып оқушылары үшін «Әр дауыс маңызды: демократиялық қоғамдағы сайлаудың рөлі» атты Бірыңғай сынып сағаты өтті. Жалпы, 215 мектепте 7080 сынып сағаты өткізіліп, оған 171 000-нан астам оқушы қатысты.

6 ақпанда «Үздік мектептік өзін-өзі басқару сайлау жүйесі» атты II Қалалық байқау өткізілді. Бұл іс-шара оқушылардың демократиялық процестерге белсенді қатысуын ынталандыруға және өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға бағытталды. Байқауға Алматы қаласының 127 мектебінен 835 мектептік өзін-өзі басқару өкілдері қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 мектепке артық. Байқаудың аудандық кезеңінің жеңімпазы атанған 8 мектеп ақтық кезеңге өтті. Олар мектептік өзін-өзі басқару жүйесіндегі жетістіктерін таныстырып, жоғары дайындық деңгейін, үйлесімді командалық жұмысын, сайлау заңнамасын терең меңгергенін көрсетті. Бұл қуантарлық жағдай, өйткені бүгінгі мектеп оқушылары – болашақ сайлаушылар. Олардың арасында болашақ президенттер, депутаттар және әкімдер болуы мүмкін.

Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері болып №200 мектеп-гимназиясының, №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясының және №102 жалпы білім беру мектебінің командалары анықталды. Оқу-ағарту бағытында өткізілген іс-шаралар түптеп келгенде азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады

2024 жылы маңызды саяси оқиғалардың бірі – республикалық референдум болды. 6 қазанда Алматы тұрғындарына «Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға келісесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Қаланың сайлаушылар тізіміне енгізілген 1 263 600 тұрғынының 25,21%-ы, яғни 318 600 адам дауыс беруге қатысты.

– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ірі мегаполистерде сайлаушылардың белсенділігі төмен болады. Бізде де солай болып тұр.  Сайлаушылардың, әсіресе, жастардың белсенділігін арттыру үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Иә, ірі қалаларда сайлау мен референдумға қатысу деңгейі төмен. Алматы – Қазақстанның ең үлкен мегаполисі болғандықтан, мұнда тұрғындардың мобильділігі жоғары, өмір ырғағы қарқынды, азаматтардың жұмысы мен оқуы сайлау процесіне қатысуына кедергі келтіруі мүмкін.

Жастардың саясатқа деген қызығушылығы жоғары болғанымен, сайлау кезінде олардың белсенділігі төмен. Бұл жағдайды өзгерту үшін әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру, жастар ұйымдарымен серіктестік орнату, сайлау жүйесіне деген сенімді арттыру үшін пікірталастар мен кездесулер ұйымдастыру және электрондық дауыс беру сияқты жаңа технологияларды енгізу ұсынылады.

Менің ойымша, жастардың сайлауға қатысуын арттыру үшін бірқатар бағыттарға назар аудару қажет. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру – жастар көбінесе ақпаратты интернеттен, әсіресе, әлеуметтік желілерден алады. Сондықтан сайлау туралы мәліметтерді сол платформаларда тарату маңызды.

Сайлаудың оң имиджін қалыптастыру – дауыс беру тек міндет емес, сонымен қатар елдің болашағын қалыптастырудағы мүмкіндік екенін көрсету қажет.

Жастар ұйымдарымен серіктестік орнату – белсенді жастарды сайлау үдерісіне тарту арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады.

Білім беру бастамалары мен дебаттар ұйымдастыру – сайлау алдындағы пікірталастар, оқыту семинарлары жастардың саяси сауатын арттырады.

Ынталандыру және мотивация жүйесін енгізу – белсенді сайлаушыларға марапаттар немесе басқа да ынталандыру шараларын қарастыру. Жастардың үміткерлермен және саяси партиялармен байланысын жақсарту – олар өз дауыстарының шын мәнінде өзгеріс әкелетінін сезінуі керек. Жаңа технологияларды енгізу – электрондық сайлау жүйелері, цифрлық тізімдер жастарға дауыс беру процесін жеңілдетуі мүмкін.

Сонымен қатар, жалпы халықтың сайлау туралы хабардар болуы да маңызды. Азаматтар қашан, қайда және қалай дауыс беруге болатыны туралы толық ақпарат алуы керек. Бұл – учаскелік сайлау комиссияларының негізгі міндеті.

Осы мәселеге еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ерекше назар аударып отыр. Комиссия төрағасы Нұрлан Мәжітұлы Әбдіров бұл тақырыпты бірнеше рет кеңестерде және сұхбаттарында көтерген болатын.

Мысалы, өткен жылы референдумға дайындық барысында учаскелік комиссия мүшелері ОСК әзірлеген жеке шақыру қағаздарын әрбір кәмелетке толған азаматқа жеткізді. Бұған дейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Комиссия мүшелері аудандық әкімдіктерден алынған деректерді пайдалана отырып, 495 мыңға жуық бірегей мекенжайды анықтап, тұрғындарға шақыру хаттарын табыстады.

Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 48-бабына сәйкес, бұл шараларға учаскелік полиция инспекторлары да тартылып, қоғамдық тәртіп пен комиссия мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Жалпы, сайлаушылардың қатысу деңгейін арттыру үшін кешенді тәсіл қажет. Ол тек халықтың сенімін арттырып қана қоймай, азаматтардың демократиялық процеске белсенді араласуына ықпал етеді. Демократиялық институттарды нығайту мен сайлау сапасын арттырудың басты қадамы – халықтың сайлау процесіне мейлінше тартылуы.

2024 жылғы референдум кезінде Алматыда 495 мыңға жуық үйге шақырту қағаздары таратылды. Бұл жұмысты учаскелік полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, сайлау комиссияларының мүшелерімен бірлесіп жүргізді.

– Дауыс беру учаскелерін дайындау қалай жүргізіледі және сайлаушыларға қандай жағдайлар жасалған? Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай көмектер көрсетіледі?

– Алматыда 624 сайлау учаскесі бар, оның 75-і арнайы мекемелерде (ауруханалар, әскери бөлімдер және т.б.) орналасқан. Орташа есеппен, әр учаскеге 2000-нан астам сайлаушы тіркелген. 2025 жылы халық санының артуына байланысты кемінде 25 жаңа учаске ашу жоспарлануда. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, лифттер, тактильді жолақтар, арнайы дәретханалар; компьютерлер, құлаққаптар, лупалар, арбамен қозғалатындар үшін кең кабиналар,  «Инватакси» қызметі (2024 жылғы референдумда 100 арнайы көлік жұмыс істеді); жетекшілер мен жеке көмекшілердің қызметі, мобильді сайлау (үйден дауыс беру), жазуы бар трафареттер мен сурдоперевод қызметі секілді қызметтер қарастырылған.

Сонымен қатар, invа.gov.kz жүйесі арқылы қаланың барлық сайлау учаскелері паспорттаудан өтті, бұл олардың қолжетімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

– Сайлау процесінде ықтимал заңбұзушылықтар мен фальсификациялардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданған?

– Қазақстанда сайлау заңнамасының сақталуына қатаң бақылау орнатылған. Сайлау заңнамасын бұзу қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сайлау барысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін Орталық сайлау комиссиясы халықаралық және ұлттық байқаушыларды аккредиттейді. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар сайлауды бақылайды. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпарат мониторингтен өтеді. Жедел әрекет ету тетіктері жұмыс істейді (шағымдарға жауап бір күн ішінде беріледі).

Азаматтар өздерінің сайлау құқықтарының бұзылғанын байқаса, сайлау комиссиясына, сотқа немесе прокуратураға шағымдана алады. Бұл механизмдер сайлаудың ашық және әділ өтуіне кепілдік береді.

Қазақстандағы сайлау комиссияларының басты мақсаты – халықтың демократиялық институттарға деген сенімін арттыру. Сондықтан сайлау жүйесі реформалануда және жақсартылуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:23

12:21

12:19

11:23

11:13

11:00

11:00

10:52

10:49

10:48

10:46

10:39

10:35

10:30

10:29

10:26

10:25

10:23

10:18

09:58

09:52

09:40

09:11

09:11

09:07