Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтына оқуға қабылдап жатыр. Оқуға түсудің шарты, білім алудың артықшылығы мен болашақ офицерлерге қандай мүмкіндік берілетінін институт бастығының бірінші орынбасары Қайрат Серкебаев баяндады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институты – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрлық әскеріне арнап офицерлік кадрлар даярлайтын жетекші әскери жоғары оқу орны. Оқу орны 55 жылдың ішінде 20 мыңнан астам офицерді даярлап шығарыпты.
«Біздің түлектеріміздің қатарында 88 генерал, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһармандары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үш қорғаныс министрі бар. Қазір институттың түлектері еліміздің барлық өңірінде табысты қызмет атқарып, қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарда жауапты лауазымда қызмет атқарып жүр», – дейді спикер.
Қазіргі уақытта институтта мыңнан астам курсант білім алып жатыр. Дайындық командалық, инженерлік, техникалық, тылдық және арнаулы бағыттарды қамтитын 18 әскери мамандық бойынша жүргізіледі.
Институттың негізгі міндеті – жоғары білім беру бағдарламасы бойынша офицерлер даярлау, әскери қызметшілердің біліктілігін арттырып, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін әскери маман даярлап шығару. Қазіргі таңда институтта Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар білім алады. Сонымен қатар Қазақстанның 179 курсанты жақын және алыс шетелдің әскери оқу орындарында білім алып жатыр.
Институтта төрт жыл оқиды. Оқуды бітірген түлектерге алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы беріледі, мемлекеттік үлгідегі диплом табыс етіліп, офицерлік лауазымға тағайындалуына кепілдік беріледі.
Биыл институттың үш түлегі ерекше құрметке ие болды. Үздік оқу үлгерімі, үлгілі тәртібі мен қызметтегі жоғары көрсеткіші үшін жоғарғы бас қолбасшы оларға «аға лейтенант» әскери атағын мерзімінен бұрын беріп, офицерлік погондарын салтанатты түрде табыстады.
Институтта курсанттарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Оқу толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Курсанттар тегін жоғары біліммен, күніне үш мезгіл тамақпен, әскери киіммен, жатақханамен, медициналық қызметпен және ай сайынғы ақшалай қамтамасыз етумен қамтылады. Бірінші және екінші курс курсанттарына ай сайын 15 786 теңге, үшінші және төртінші курс курсанттарына 27 786 теңге көлемінде ақшалай төлем төленеді.
Сонымен қатар курсанттарға жыл сайын 15 тәулік қысқы және 30 тәулік жазғы демалыс беріледі. Демалыс орнына барып-қайтуға теміржол көлігімен жол жүру шығындары мемлекет есебінен өтеледі.
Курсанттардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін институтта замандық материалдық-техникалық база қалыптасқан. Оқу орнында оқу корпустары, тирлер, мамандандырылған полигондар, спорт кешені, бассейн, жекпе-жек залдары, футбол мен волейбол алаңы, кітапхана, мәдени-демалыс орталығы, дебат клубы мен КВН командалары жұмыс істейді.
Білім беру үдерісіне замандық цифрлық технологиялар, тренажерлық кешендер, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, жасанды интеллект элементтері мен әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері енгізіліп жатыр. Тәжірибелік сабақтар жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін пайдалана отырып өткізіледі.
Қайрат Серкебаевтың айтуынша, институттың қабылдау комиссиясы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыра. Оқуға түсу үшін талапкерлер жергілікті қорғаныс істері жөніндегі органға жүгініп, медициналық куәландырудан және кәсіби-психологиялық іріктеуден өтіп, ҰБТ тапсырып, дене даярлығы бойынша нормативтерді орындауы қажет.
Институтты тәмамдаған түлектер Қазақстан Республикасының қарулы күштерінде, ұлттық ұланда, төтенше жағдайлар министрлігінде, ҰҚК Шекара қызметі мен мемлекеттік күзет қызметінде әскери қызмет атқарады.
«Әскери қызмет – жай ғана мамандық емес. Бұл – саналы таңдау, Отан алдындағы жауапкершілік мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесіңді қосу», – деп атап өтті Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты бастығының бірінші орынбасары.
Институтта белгіленген талапқа сай келетін мектеп пен колледж түлектерін сапалы әскери білім алып, өз өмірін әсери өмірмен ұштастыруға шақырады.