QYZPU Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастықты арттыруда

QYZPU Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастықты арттыруда Cурет: QYZPU

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бастаған делегация 2025 жылдың қаңтар айының 23-25 аралығында Ұлыбританияда өтіп жатқан халықаралық Bett UK конференциясына қатысуда.

Халықаралық шарада еліміздің жоғары оқу орындарының арнайы павильоны орнатылды, деп хабарлайды aqsamnews.kz.

Bett UK конференциясы аясында QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай және Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Әділ Құсманов Сассекс университетінің Вице-канцлері Саша Роснилмен кездесу өткізіп, екі университет арасындағы қос диплом бағдарламаларын іске қосу мәселесін талқылады.

2023 жылы екі университет арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, қазіргі уақытта бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр.

«QyzPU мен Ұлыбритания Кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандум аясында Филология институтынан 3 докторант және 5 оқытушы Сассекс университетіндегі жазғы мектепке қатысып, тәжірибе алмасты. Айта кетерлік жайт, Сассекс университеті Ұлыбританияның үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми тағылымдама аясында 2023 жылы Филология институтының 2 оқытушысы тағылымдамадан сәтті өтті. Қазіргі уақытта 2 оқытушы осы университетте біліктіліктерін арттыруда. Британдық Кеңеспен бірлескен меморандум негізінде Филология институтының студенттері Future English Online Teacher Community бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. 2023 жылы бұл бағдарламаға 25 студент, ал 2024 жылы 19 студент қатысып, халықаралық деңгейдегі сертификаттарға ие болды», – деді Филология институтының директоры Ашинова Кунипа Ахатовна.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті арасындағы ынтымақтастық ғылым мен білім саласында жаңа белестерді бағындыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. 2023 жылы өткізілген 7 күндік семинар екі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының және докторанттарының ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосты.

«2023 жылдың шілде айында Сассекс университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасында профессорлық-оқытушылық құрам мен докторанттарға арналған семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында Сассекс университетінің білікті докторлары мен профессорлары дәрістер оқып, озық тәжірибелерімен бөлісті. Ал семинардың келесі күндерінде топтық жұмыстар жүргізіліп, қатысушылар өздерінің зерттеу тақырыптарын таныстырып, оларды әрі қарай дамыту жолдары бойынша кәсіби кеңестер алды. Сарапшылар тарапынан ұсынылған пікірлер қатысушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге айтарлықтай ықпал етті. 2024 жылы біз шетелдік әріптестеріміздің зерттеу жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл іс-шара ғылыми жұмысымызды әрі қарай дамыту үшін зор мүмкіндік болды. Бұл таза кәсіби тәжірибе алмасу болды деп айтуға толық негіз бар. Семинарға қатысқан бірқатар оқытушы бір апта көлемінде өздерінің әріптестеріне курс ұйымдастырды. Сол бағыттағы оқу және тәжірибе алмасу мақсаттары жүзеге асып, оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосты», – деді магистр, QyzPU аға оқытушысы Сабит Ботакөз.

Қазіргі таңда QyzPU-дың профессор, оқытушылары «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Ұлыбританияда Сассекс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Солардың бірі – Шетел тілін кәсіби оқыту кафедрасының аға оқытушысы Марита Снабекова 2024 жылдың 1 наурызынан бастап аталған университеттің Білім беру және әлеуметтік жұмыстар мектебінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Білім берудегі менеджмент бағытын таңдаған ғалым жоғары білім беру педагогикасындағы зерттеулер мен инновациялар тақырыбын зерттеуде.

«Жоғары оқу орындарындағы педагогика, зерттеу және көшбасшылыққа баса назар аударып, эксперименталды тәжірибелеріне, тәжірибелі мұғалімдердің тәлімгерлік көмегінен және білім беру саласындағы сарапшы зерттеушілердің тәжірибелерінен кәсіби біліктілігімді арттырып жатырмын. Тағылымдама аясында дәрістер, семинарлар, тәжірибелік сабақтарға қатысу арқылы білім беру саласындағы кәсіби білімімді арттырып қана қоймай, сонымен қатар шетелдік әріптестерімізден жоғары білім берудегі тәжірибелерін, студенттермен коммуникация орнату тәсілдерін, бағалау әдіс-тәсілдерін және жоғары оқу орындарында оқыту мен оқу сапасын арттыру мүмкіндігіне ие болдым. Мәдени іс-шараларға қатысу арқылы ағылшын мәдениетімен жақыннан таныстым. «500 ғалым» тағылымдамасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атануыма және үздік шетелдік оқу орындарының бірі Сассекс Университетінде білім алуыма басты себепкер – екіжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бізге біліктілікті арттыру курсына қатысуға мүмкіндіктің берілуі деп білемін. Университетіміздің ректоры Гүлмира Әмірханқызы Қанайға осындай мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін», – деді Марита Мурзабековна.

2023 жылдан бері екі университет Британдық кеңестің үш бірдей грантына ие болды: қос диплом бағдарламаларын дайындау мақсатында – 10 000 фунт стерлинг; өзара өкілеттіктер ашу мақсатында – 25 000 фунт стерлинг; және ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында – 30 000 фунт стерлинг гранттық қолдау берілді.

Жақын арада екі университет арасында PGCE (Postgraduate Certificate Programme) және split PhD бағдарламаларын бастау жоспарлануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:17

18:58

18:10

17:34

17:30

16:19

16:01

15:55

15:43

15:32

15:22

15:21

15:15

14:15

13:50

13:41

13:01

12:55

12:54

12:42

11:45

11:11

10:56

10:01

09:57