“Қыз бала деп ренжіген емеспіз”. Жеті қызы бар отбасының ерекше әңгімесі

  • 10:27, 15 мамыр 2025
“Қыз бала деп ренжіген емеспіз”. Жеті қызы бар отбасының ерекше әңгімесі сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Отбасында бір емес, жеті қызды тәрбиелеп отырған Нұрдәулет пен Айгерім Қарауылбаевтардың жанұялық өмірі - көпке үлгі. Олар әлеуметтік желіде белсенді блог жүргізіп, отбасылық трендтерден қалыс қалған емес. 15 мамыр - Отбасы күніне орай Aqshamnews.kz тілшісі ерекше отбасының әңгімесін тыңдады.

Нұрдәулет Қалымбетұлы пен Айгерім Қалижанқызының танысуы да, отбасын құруы да ерекше. Олар 2010 жылы әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген. Бірнеше айлық достықтан кейін арадағы сезім махаббатқа ұласып, 2011 жылы наурыз айында отбасын құрады. Бүгінде олар Шымкент қаласында тұрады. Айгерім – декреттегі ана, ал жұбайы беделді компанияда жұмыс істейді. 

«Қыз бала деп ренжіген емеспіз»

Нұрдәулет пен Айгерім Қарауылбаевтар отбасында жеті қыз өсіп келеді: Кәусар, Жанерке, Жасмин, Гауһар, Балауса, Аруна және Әдемі есімді “жеті жұлдыз” бар. Тұңғышы дүниеге келгенде Айгерім өзі де жас ана болғандықтан, онымен бірге есейіп, ана болуды үйренгенін әңгімелеп берді.

«Біз ешқашан қыз бала деп ренжіген емеспіз. Жолдасым да ұл болмады деп көңіл түсірген емес. Қайта қыздарын өте жақсы көреді. Иә, “мүмкін ұл шығар?” деген ойлар болған, бірақ Алланың бергеніне шүкір дедік», – дейді Айгерім Қалижанқызы.

Қыздарының есімдерін көбіне жолдасының ата-анасы мен әпкелері қойған. Тек ең кішкентайлары – Аруна мен Әдеміге есімдерді ата-анасы өздері таңдаған.

«Жеті жұлдыз» блогы қалай басталды?

Отбасымен бірге табиғат аясына серуендеуді, басқа қалаларға саяхат жасауды жақсы көретін жанұя 2024 жылы Түркістанға сапар шегіп бара жатып, отбасылық видеоларын YouTube желісіне жариялауға бел буған. Осылайша «Жеті жұлдыз» атты блог жүргізетін арна жарық көреді.

«Бүгінде YouTube-та 54 мың, TikTok-та 92 мың, Instagram-да 27 мың көрерменіміз бар. Алғашында тек челлендж түсірсек, кейін отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, тәрбиелік мәні бар видеолар түсіруге көштік», – дейді анасы.

Олардың видеоларында, әсіресе, әкенің қыздарына деген ерекше махаббаты көрініс табады. «Қыз бала расымен әкесіне ерекше жақын болады екен», – дейді ол.

“Қыз тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі”

Айгерім Қалижанқызы үшін қыз тәрбиесі – үлкен жауапкершілік пен мейірімнің үйлесімі. Ол қыздарын еркелетіп өсіріп, бала кезіндегі балалық шақтарын толық сезінуге мүмкіндік беруге тырысады.

«Бастысы – жақсы адам болыңдар, білімді болыңдар, алғыс алыңдар деп тәрбиелеп отырамыз. Өнерден де құр қалмасын деп, домбыра үйірмесіне де қатысуларына мүмкіндік береміз», – дейді ол.

Қыздар үй шаруасына да қолғабыс етеді. Десе де, анасы қыздарымен құрбысындай араласатынын айтты.

Қыз – болашақтың іргесі

Айгерім ханым өз сөзінде қазақ халқының қыз балаға деген құрметі ерекше екенін айтты.

«Қазақ әрдайым қызды жоғары орынға қойды. Қызға төрден орын беріп, үнемі сый-құрметке бөлейтін. Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы: "Жер бетіндегі ең батыр адам ол - қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді”, - деген екен. Сол сияқты қыз баланың тәрбиесіне кез келген отбасы үлкен жауапкершілікпен қарау керек», – дейді Айгерім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:36

17:33

17:16

17:07

17:02

16:53

16:48

16:22

16:15

16:05

15:49

15:46

15:46

15:33

15:32

15:27

14:56

14:32

13:30

12:54

12:49

12:45

12:43

12:42

12:40