Электронды коммерцияның қарқынды дамуы трансшекаралық сауда-саттықты айтарлықтай тиімді әрі қолжетімді етті. Бұл саланың дамуы әлемдегі нарықтарды да біріктіре түсті. Қазіргі таңда көптеген елдердің азаматтары қытайлық электронды коммерция платформаларынан түрлі өнімдер сатып алып, әлемдік нарыққа еркін қол жеткізіп отыр. Электроникадан бастап киім-кешек, тұрмыстық техника мен аксессуарларға дейінгі кең ауқымды тауарлар қолжетімді. Бұл құбылыстың басты себебі – қытайлық интернет-дүкендердің тартымды баға мен ауқымды ассортимент ұсынуында. Олар тұтынушыларға әлемнің кез келген түкпірінен қажетті өнімдерді тез әрі жеңіл сатып алу мүмкіндігін береді.
Дегенмен, бұл үдеріс өзімен бірге жаңа қиындықтарды да ала келді. Қытайлық маркетплейстер, әсіресе Temu, Pinduoduo және Taobao платформалары әлемдік нарықта үстемдікке ие бола отырып, жергілікті шағын және орта бизнеске қысымды күшейтті. Бұл маркетплейстер өздерінің төмен бағалары мен үнемі ұсынатын жеңілдіктері арқылы тұтынушылардың назарын жаулап алып, дәстүрлі сауда кәсіпкерлерін нарықтан ығыстыру үстінде. Қазіргі таңда бұл процесс толықтай жүзеге аспағанымен, ол кезең-кезеңімен орын алуы әбден мүмкін.
Қытайлық маркетплейстер қазіргі уақытта инновациялық сауда үлгілерін ұсынуда. Бұл өз кезегінде әлемдік нарыққа тез енуіне мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, Pinduoduo платформасы тұтынушылар өз керегін сатып ала отырып қосымша жеңілдіктер ұсынып, ынталандырады. Temu платформасы арзан бағамен тауар ұсынып, жеткізу қызметін тегін көрсетумен нарықты баурайды. Бұл тәсілдер платформалардың қолданушылар санын арттыруда үлкен рөл атқарып отыр. Осы арқылы қытайлық сауда сайттары әлемдік нарықта кеңінен танылып үлгерді. АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, тіпті Қазақстан сияқты дамушы елдерде де үлкен сұранысқа ие.
Аталған платформалардың үлкен нарыққа шығуына мүмкіндік берген ең негізгі артықшылығы қандай? Ең алдымен, қолжетімді баға ұсынуын атауға тура келеді. Төмен баға кез келген елдегі нарықта басты рөл ойнайды. Екінші орында түрлі маркетинг тәсілдер, яғни ұдайы ұйымдастырылатын жеңілдіктер мен акциялар. Бұл маркетингтік науқандар адамдардың тұтынушылық ынтасын оятуға барынша пайдаланылып жатыр. Платформалардың тағы бір басты артықшылығы – жоғары сападағы логистика. Қытай үкіметі логистикалық инфрақұрылымға үлкен инвести-
циялар құйып, жаһандық жеткізу желісін тиімді ұйымдастырды. Бұл сауда платформаларының халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуына зор әсер етуде.
Атап өткеніміздей, бұл жаңа сауда тармақтары әр елдегі шағын және орта бизнеске кері әсерлерін тигізуде. Платформалардағы тауарлардың арзан бағалары жергілікті кәсіпкерлерді бағаны төмендетуге мәжбүр етті. Бұл өз кезегінде олардың маржасының азаюына және қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Өз маркетингтік стратегияларына миллиардтаған доллар жұмсаған қытайлық платформалармен жергілікті орта-шағын бизнестің бәсекелесуі қиын. Дегенмен, бұл елімізде орта-шағын бизнестің жаңа қырынан дамуына да өз әсерін беріп жатқанын көре аламыз. Айталық, отандық кәсіпкерлер елдің тиімді артықшылықтарын пайдаланып, логистикалық қызмет түрлерін дамытуға мүмкіндік алғандай. Сала өкілдерінің пікіріне назар аударыңыз.
Тақырыпқа орай
Інжу ҚАНАТ, Қытаймен сауда жасайтын жеке кәсіпкер:
Бұл сайттардың кемшіліктерінен гөрі артықшылықтары әлдеқайда көп. Себебі, осы платформалар Қазақстанға келгеннен бері көптеген адамдар үшін жаңа табыс көздері ашылды. Жеке кәсіппен айналысқысы келгендер осы сайттарды пайдалану арқылы, өздерінің тасымалдаушы карголарын ұйымдастырып, өздерінің бизнестерін бастап кетті. Мен бұл саланы алғаш рет YouTube арқылы үйреніп, ақша таба бастадым. Шағын қалада тұрып та, үйде отырып бастаған шағын бизнесім қазір жақсы дамып келеді. Және де жоғары нәтижелер көрсеткішінің арқасында орталықтан жеке қоймамды аштым. Бастапқыда тауарды күту мерзімі бір-екі айға дейін созылатын, ал қазір екі апта ішінде адамдар өз тапсырыстарын қолдарына алады. Болашақта дәстүрлі саудадан гөрі онлайн сауданың үлесі айтарлықтай артып, осы бағытта жұмыс істейтіндердің саны одан әрі көбейетініне сенімдімін.
Хабди Аружан Мұратбекқызы: JANA post компаниясы маркетинг бөлімнің СММ маманы:
JANA Post Қытай Халық Республикасының кез келген нүктесінен сәлемдемелерді делдалсыз, жылдам әрі арзан түрде жеткізіп келеді. Қазақстандықтарға осындай қызмет көрсетіп келе жатқанына бір жылға жуық уақыт өтті. JANA Post арқылы Қытай сайттарынан тауар сатып алған әрбір адамға тиімді ұсыныстар мен жеңілдіктер қолжетімді. Мұнда клиенттер бонустар, премиум тауарларды арзан бағада алу сияқты көптеген мүмкіндіктерге ие бола алады. Қазір отандық компаниямыз Орталық Азия мен әлемнің өзге елдері мен аймақтарын байланыстырып, тауарлардың жылдам әрі сенімді жеткізілуін қамтамасыз етуге тырысуда.
Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан логистикасын цифрландыру. Бұл сала біздің нарықта пайда болған кезден бастап қарқынды түрде заңдастырылып жатқанын атап өткім келеді. Бұған дейін қазақстандықтар тауарларды заңсыз тасымалдаушылар арқылы шағын пакеттермен алып келсе, қазіргі таңда осы нишаны толығымен заңды түрде Jana Post компаниясы алып отыр. Бұл біздің мемлекетіміздің әл-ауқаты мен гүлденуі үшін өте маңызды.