ffin.kz

Құнанбайдың ажалдан аман қалуы

Құнанбайдың ажалдан аман қалуы Сурет: ашық дереккөз

       Абайдың әкесі Құнанбайдың дүниеге келгеніне биыл 220 жыл толады. Аға сұлтан Құнанбай туралы Шәкәрімнің баласы Ахат, шежіреші Бекен Исабаев, ғалым Т.Жұртбайдың еңбектерінде жан-жақты жазылғанымен әлі толық зерттелмеген тұлға. Көпшілік оқырман Құнанбайды М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы аға сұлтан Құнанбайдың қатал, қайырымсыз образы арқылы таниды. Романдағы қажы бейнесін сан-алуан оқиға үстінде әртүрлі мінез-қылығымен тұңғиық сыры терең, шешендік алғырлығы мен ақыл-айласы бойына тұтаса біткен қатыгез тұлғаны тану қиын. Сондықтан да ел арасында Құнанбай туралы әңгіме көп. Ақиқат пен аңыз араласқан тұлға тағдыры  одан әрі күрделене түседі. Аға сұлтан туралы Т.Жұртбай, Б.Исабаев, А.Құдайбердиев жазбаларын негізге алып біз де бір-ер тарихи оқиғаларға тоқталып көрдік.



        Аға сұлтанның әкесі – Өскенбай Кеңгірбайдан кейін Тобықтыға би болған, хат таныған адам болған. Өскенбайдың әділдігін мойындаған соң,  «Ісің ақ болса, Өскенбайға бар» деген халық ауызында аңыз тараған. Ел  айтысына қарағанда, жат жердің адамдары Өскенбайға келіп, дауларын шештіреді екен. Құнанбайдың шешесі Найман ішінде Матай руының қызы – Зере өте есті, адал, момын, тақуа, жомарт ана болғаны белгілі.

        1804 жылы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Түсінде: ері Өскенбайдың төрде отырып, алтын сақаны йіріп отырғанын көреді. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды. Құнанбайды  бір күн дәретсіз емізбеген Зеренің әже бертінде:

- Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды  

тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ,- депті. Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы қыр мұрын, сұлу болған деседі. Балғын зор денесі балуандыққа өткір көзі ерлікке, басы ақылдылыққа сәйкестене біткен. Ауыл молдасынан оқып, шала хат таныса да әкесі Өскенбайға келген хаттарды біріне-бірін салыстырып, өз талабымен толық танып, түрікше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған екен.

       Құнанбай бала күнінен өте ұғымды, зерек, алғыр, бір естігенін, оқығанын, көргенін  ұмытпайтын болыпты. Ес біле бастағаннан әкесінің қасында отырып, көп әңгіме оқиғаларды естіп, қазақтың өткір сөздерін, мақал-тақпақтарын, нақыл сөздерін, батырлар, эпостық жырларын, тарихи оқиғаларды жадына сақтап алатын.

         Құнанбайдың туысын ел былай баяндайды: Қыран қарлы боранды қыста, ақпанның қақаған аязында жартасты шыңның заңғар басына аяздың өтіне, тастың үстіне бір жұмыртқа туып тастайды. Ол жұмыртқа қатты аязда шыдамай жарылып кетсе, жарылған жұмыртқаны құздан төмен қарай тастап жіберіп, келесі қыста және бір жұмыртқа туады. Сөйтіп, тек аяздан жарылмай қалған жұмыртқаны ғана басып шығарады екен. Сол балапан құстың құмайы болып шығады. Қыран балапанды асырап, қанаттандырып, баулып жетілтеді. Құнанбайдың туысы сондай, - деседі.

       Елдің айтысында: «Құнанбай ел тілегіне туды. Ол елі үшін еңбек ететін болады. Соның үшін жұрт болып тілеп, оны екі ажалдан, екі айдаудан алып қалдық. Құнанбай ажал мен айдаудың қармағына ілінгенде халық болып құдайдан жалынып тілеп, көз жасымызды көлдей төгіп, оның жанын сақтадық» деседі.

      Өскенбай Құнанбайға Найман табының Терістаңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің қызы Күңкені айттырады. Өскенбай көбінесе, ел ішінде жиын, съезде жүреді. Ел аралап, дау-шарды бітірген кезеңдерде Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай  да тыңдап, әділдік, билік айтқанда риза болып аттанады.

          Жас күнінен шешендік өнерге, сөз тапқыш әдіске бейім болғандықтан адамдық борышты қалай ақтау керек деген сұрақ ойынан ерте кезден орын алады. Бұл сұрақты әкесіне, басқа ел адамдарына талай рет қойса да, толық жауап ала алмайды. Абыройлы балуандарды, жауды жеңген батырларды, ел қорғаған ерлерді құрметтейді. Ел үшін дауға түсіп, ел намысын жоқтап, елін білім-өнерге бастаған адамдарды сүйеді. Содан соң, «Батасыз ер жарымас, баталы ер арымас», «жаңбырменен жер көгерер, елмен ер көгерер», «Көп тілеуі көл болар, көлсіз тақыр шөл болар», «Ер керегін ел берер, ер еңбегін ел терер», «Ел қорғаған ер  болар, елсіз адам көр болар», «Адалдық адамдық белгісі, арамдық жамандық белгісі», «Көпті жамандаған көмусіз қалар», «Көп өрт сөндірер, залым өрт өндірер», «Көп түкірсе көл болар, көлсіз жерде шөл болар», «Көптен үйрен, арсыздан жирен», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Сайтандық қылма, сайтаннан иман қашар», «Құдай таза, сен де таза бол», «Нашарды қолда, момынды қорға» сынды мақал-мәтелдерді Құнанбай ойына тоқып, аузынан тастамайды. «Жанымнан малым садаға, арымнан жаным садаға»,- деп Құнанбай осы сертін бұзбай өтеді. Өзінің ел  арасында абыройы болғандықтан Құнанбайды ел-жұрты екі рет ажал аузынан алып қалған деген аңыз бар.  

          Өскенбай Құнанбайды он тоғыз жасында үйлендіріп, өзі отырған тасқораның күн шығыс жағындағы кезең астындағы сайдың алдына қондырады. Өзіне біткен отыз шақты жылқысының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді. Басқа мал Өскенбайда аз болады.

       Ер жігіттің қанаты ат, ерге аты сай болу керек. Бірақ Құнанбайда жауға мініп шабарлық ат болмайды. Әкесінің үйінен бөлек  үй отырған соң, оған қуса жететін, қашса құтылатын ерге серік ат керек болады. Құнанбайдың ойына төңірекке атағы жайылған, алдына ат салмаған, өзінің атасы Ағанас бидің  әйгілі тор шолақ аты есіне түседі. Мен енші алып, бөлек отау болғанымды айтып, атамнан тор шолақ атты қалап сұрайын деп ойлайды. Осы оймен Құнанбай аяқ артуға жарайтын қызыл бестіге мініп, жолға екі қонып, Ағанас бидікіне келеді.

Ағанас амандықты сұрап, еншіге 12 жылқы алғанын естіп:

- Саған би бар жылқысын беріпті. Өскенбайдың дәулеті маған белгілі ғой. Мал үлкен үйде болғаны жақсы емес пе, сен жоқ болсаң, онан аласың, ал үлкен үйде мал жоқ болса ол сенен ала ала ма?- дейді.

        Екі күннен соң Құнанбай қайтпақ болады. Ағанас ертеңгі асты ішкен соң, бәйбішесі мен бас жылқышысын шақырып алып:

-Мына Құнанбай енші алып, бөлек отау болып шығыпты. Қазір он бес құлындайтын биесімен, бір айғыр үйірін және Күңке мен екеуі мінетін екі жақсы ат алғызып беріңдер, айдап қайтсын. Ел жайлауға шыққанда жүз қой, үйлерін артатын алты түйе алып кетер. Ал, енді өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма?- дейді.

Құнанбай:

-Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім,- дегенде Ағанас би:

-Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң соны ал,- дейді.

Құнанбай:

-Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ,- деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі:

-Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз?,- деді.

Сонда Ағанас:

-Мен бұдан ат аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, «Аттанға» шаппай отыра ала ма? Жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады. Сондықтан, бұған торы атты бере алмаймын. Басқа не аламын десе де қолын қақпаймын,- деп тысқа шығады.

         Құнанбай да тысқа шығып енесінің берген екі қоржын басы сәлемдемесін бөктеріп атына мінеді. Енесі көзіне жас іркіп, Құнанбайдың маңдайынан иіскеп сүйіп, амандасып, сәлем айтып қала береді.

        Құнанбай кезең аса бергенде артынан шақырған дауыс естіп қараса жылқышы қолын бұлғап тұр екен. Қайта келгенде Ағанас:

-Сені жақсы бола ма деуші едім. Сен жаман екенсің ғой. Бір тайды бермеді деп мойның түсіп кеткені қалай? Мен сенен бір тайды аяғаным жоқ дедім ғой. Енді саған сертпен торшолақ атты беремін. Топқа би мінсін, өзің ауыл арасына көкпарға, тойға мін. Бәйгеге қос. Бірақ, жауға мініп шабушы болма, ана берген малым берген,- дейді.  

Сонда Құнанбай:

-Қазір қыс жаман жұт болып, қыс аяғы қара суық болып тұр. Бұл жолы торы атты ғана алайын, басқасын кейін жер қарайып, күн жылығанда, көк шыққанда алармын,- дейді.

       Аздан кейін қылшығы түлеп алатаң болған қабырғасы жабық торы атты жылқышы ойнақтатып жетелеп алып келеді. Құнанбай торы атты жетекке алып, хош айтысып, елге тартады. Кезең асқан соң торы атқа ерді салып мініп алып, бестісін жетекке алып, жолға бір түнеп үйіне келеді.

          Көктем шығып, күн жылынып, жер құлпырып көктеген уақыт. Құнанбай ат қаратіл болғанда торшолақ атты жаратып, ақтабан сойылды дайындап, белбеуге іліп,  атты түнде байлап қоятын.

         Бір күні таң қараңғысында тау жаңғырығып аттандаған дауыс естіліп, азан-қазан айғайға ұласады. Дауысты естіген Құнанбай атып тұрып, сойылын алып, атқа жайдақ мініп, өзенді өрлей жөнеледі. Жолда сала-салалардан «қайдалап» шапқан бірнеше адамдар қосылып, Шыңғыстың сыртқы биік жотасына шығады. Бұл кезде таң ағарып, жер беті айнадай болып көріне бастайды.

Биікте бұрын шығып тұрғандардың бірі:

-Найман жауы болса керек. Сырт елдің тай-тулағын тік көтере айдап кетті. Жау қарасы Томаша бауырына жаңа ғана кірді,- деді.

       Осы кезде Бұшантай жазығынан жаудың да қарасы көрінеді. Сонда Отыншы ақсақал:

-Дәмелі, аты әлді жігіттер іріктеліп жауды қуыңдар, бөгеңдер, арттарыңнан көп қолдар жетеді, енді тұрудың қажеті жоқ,- деген соң, аты әлді, ер жігіттерден іріктеліп жиырма шақты жігіттер жау артынан жөнеп береді. Сол топпен бірге Құнанбай да шығады.

        Аз уақыттан соң бұларға, жылқыны айдап бара жатқандар алдыңғы белеске шыққанда, арғы жағындағы жазықтан жау қарасы көрінеді. Бұлар жауды көрген соң, ат басын ірікпей жөнеп береді. Алдындағы жау қарасын көрген торы ат басын бір шайқап ауыздықты ауызға салып, құйындай жүйіткіп оқтай зулап, топтан қара үзіп жөнеп береді. Құнанбай аздап ат басын тежейін дегенге торы ат ерік бермей құстай ұшып, жауға тақайды. Мұны көрген жау бастығы, басында айыр қалпағы бар, қара құлын терісінен киген жарғағы бар, қолында қыл жалаулы найзасы бар батыр:

-Мынау бір ершікеш екен,  басқаларың жылқыны айдай беріңдер. Сегіз кісі қалып екі бөлініп, ортадан өткізіп сазайын берейік, орталарыңды  аша беріңдер,- деп найзаны оқтап, Құнанбайды тосып тұрады. Мұны көрген Құнанбай ат басын тартуға бой бермеген соң амалсыз екі топтың ортасынан өте беріп, қол ыңғайы жақтағы бірін ұрып жібергенде оң жақ кеудеге найза да сарт етіп қадала түседі, ат басы қайырылып тоқтайды. Жау найзаны екі рет басып аттан түсіре алмайды, үшінші рет басқанда найза ұңғысынан шарт сынып кетеді. Сол кезде ортада қалған Құнанбай қарғып түсіп, тізгінді ат басынан қайырып екі қолын айқастырып, аттың шоқтығынан басып отырып алады. Жау айқастырған қолдан ұрып, саусақ сыртын талқандап жараласа да Құнанбай аттан айырылмайды. Сонда жау батыры:

-Бір тайдан туған неме екен. Жүріңдер, қуғыншылар келіп қалды. Өзіне де қыларымды қылғамын, адам болса барып-барып адам болар, -деп жөней береді.

      Құнанбай атқа тірелген кеудесіндегі сынған найзаны ұңғысынан ұстап тұрып, суырып алады. Сол кезде өзі де құлап түседі.  Артқылар келіп басын сүйеп, оң жақ емшегінің астын ала кірген найзаның орнынан қан судай сорғалап шапши бастағанда Құнанбайды қырынан жатқызып, жиылған халық  кезектесіп жараның қанын сорып, ішке жібермеу айласын жасайды. Қан ішіне кетсе, жүрегі айнып құсатыны белгілі. Бұл кезде Құнанбай аппақ шүперектей қуарып, өңі қашып, өлер-тірілері белгісіз халде жатады. Қан әбден тазаланған кезде, дайындап қойған ат қылын күйдіріп, ыстықтай жараның аузына қайталай басып отырады. Көйлекті жыртып алып жараны таңады.

        -Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, - дейді Құнанбай немересі Шәкәрімге айтқан әңгімесінде: - қаным кеуіп барады екен, бір аяқ айран шалапты дем алмай бір-ақ жұтып, аз дем алып айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көздерінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, алладан тілек тілеп менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Мен аздан соң екінші аяқ сусынды тағы ішіп есімді жинай бастадым. Сол кезде жұрт: «А, құдай! Ақсарбас, көк қасқа жолыңа айттық!»- деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. Егер ел тілегі болмағанда мен өлген адам едім. Көп тілеуі көл болып, көптің тілеуін құдай қабыл қылып, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыс сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде алдымнан кәрі аталар, қарт аналар, қатын-балалар шулап, а құдайлап шыққандағы, олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар. Қарабатырдың үлкен үйі Отыншыныкіне кіргізерде кәрі әже мені ұшықтап кіргізді. Отыншы айтқан ақсарыбасын сойып мені қалжалап, етті елге таратып, кешке ауылға алып келді. Мен жаз бойы теңге түсіп жүріп, жазылдым»,- депті.

Құнанбайдың сол жарадан қалған оң жақ емшегінің астыңғы жағында алақандай беріш тыртығы содан қалған деседі.

         Құнанбайдың екінші рет ажалдан аман қалуы, бала жігіт күнінде  шешек шығып, өлім аузында жатқанда ел тілеуімен сауығып кетуі еді. Бірнеше күн ол ас-судан қалып, денесін көк шешек қаптап, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен жатады. Аузын арандай ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына алып келеді. Құнанбайды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді. Айтылмаған көк қасқа, ақсарыбас қалмайды. Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылады.  Шешек дағы асқынып, өлім аузында жатқан Құнанбайға ел аузындағы бұл әңгімелерден бөлек, тәуіп Ырғызбайдың көмектесуі аңыздан гөрі шынайы дерек бола алады.

Емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қосып алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан. Ол құнанбайдың өт жолының бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде жеті, қырық бір, жүз неше түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатады. Жеті түрлі дәмнен тосап дайындап, оған аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіріп, қырық күн емдейді. Осындай күрделі емдеу жолынан өткен Құнанбай айтылған мерзімнен соң, ауруынан құлан-таза жазылып шығады.

      Ақырында ажалды халық тілегі жеңіп, Құнанбай тәуір болады. Бірақ, аямай алуға келген ажал оның нұрлы сұлу бетін аздап шұбарлап, сол жақ көзінде қабағының астын ала тарыдай ақ қалдырып кетеді. Бірақ беті шұбар, көзінде тарыдай ағы – оның қасиетін, адамгершілігін, халқының сүю махаббатын кеміте алмайды. Қайта ол халық тілегінің ажалмен алысып, ажалды жеңген белгісінің айғағы болып қалады.

         Атағы алысқа кеткен Құнанбайды «құдайдан тілеп алып қалған» оқиғаларды белгілі поляк саяхатшысы А. Янушкевичтің жазбаларынан да айтады.  «Кезінде ол көрікті еркек болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бір-ақ шығара жаздаған, қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол көсіліп сөйлеп кеткенде, тыңдаушылар оның сиқы қашып, реңі тайған жүзін мүлде ұмытады. Қатерлі дерттің табы жерлестерінің мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын Құнанбайдың есіне әлсін-әлсін түсіріп отырады. Осының өзі оның қызметі мен маңызының дәлелі.  «Мен жанымды қайда қоярымды білмей жатқанымда, – деді ол маған тебірене, – адамдар күні-түні менің киіз үйімді апыр-топыр болып қоршап тұратын. Олардың көз жасы мені шыжғырып әкетіп бара жатқан отты сөндіріп, менің тірлігімді Алламнан жалбарынып сұрап алып қалды» - депті.

Елінің екі ажалдан тілек тілеп алып қалуы Құнанбайдың халыққа деген сүйіспеншілік қасиетін қайрап жетілдіреді. Халық оның  абыройын көтеріп, атағын жайып, ақыл, адал адамгершілігі зор, әулие, парасатты деп, Құнанбайдың атын атамай үлкендер оған «мырза» десе, жастар «Тәте» деп атаған екен.


                                                        Алмахан Мұхаметқалиқызының әлеуметтік желісінен


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30