ffin.kz

Қуанышбек Есекеев Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болып сайланды

Қуанышбек Есекеев Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болып сайланды Сурет: Ашық дереккөз

Федерация басшысының кандидатурасын кезекті конференцияда дауыс берген барлық 16 қатысушы бірауыздан қолдады


2 желтоқсан күні Астанада Қазақстан дзюдо федерациясының  кезекті конференциясы өтті. Шарада осы спорт түрі бойынша бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, саланың аймақтағы жай-күйі мен дамуының барысы туралы есеп тыңдалды. Конференция барысында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті лауазымына  «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев сайланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
 
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Қазақстан ҰОК Бас директоры Серік Қасқабасов, ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, сондай-ақ өңірлік дзюдо федерациясының президенттері мен вице-президенттері қатысты.


Федерация басшысының кандидатурасын кезекті конференцияда дауыс берген барлық 16 қатысушы бірауыздан қолдады. Осы жауапты лауазымға лайықты деп «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасын таңдау бекер емес, Қуанышбек Есекеев өзінің негізгі қызметінен бөлек, отандық спортпен байланысты бірнеше құрылымдарда тиімді қызметімен көзге түскен. 


Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Қазақстанда киберспорт ресми қызметін бастаған сәттен бері Есекеев мырза Qazaq CyberSport Federation - қазақстандық киберспорт федерациясын басқарды. Оның басшылығымен осы федерация қысқа мерзім ішінде тұрақты түрде өтетін ұлттық турнирлердің тұтас желісін, соның ішінде ҚР-ның киберспорттан ресми біріншілігі - Қазақстан Республикасының Кубогын өрістете алды.


Бұдан басқа, Qazaq CyberSport Federation қысқа мерзімде қазақстандық және халықаралық турнирлерді өткізу үшін қажетті инфрақұрылымды құрды, ал отандық кибератлеттер мен командалар таяу және алыс шетелдерден келген қарсыластармен бәсекелестікте олардың шешуші кезеңдеріне жолдамалар ала отырып, ең беделді әлемдік іс-шаралардың тұрақты қатысушылары болып табылады.


Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма басшысы «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып табылады, ол осы спорт түрінен «Қазақстан Барысы» негізгі турнирін елде және шетелде танымал етуге елеулі үлесін қосып келеді.


Қуанышбек Есекеев конференция қатысушыларына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан дзюдо тарихында көптеген даңқты беттердің жазылғанын және елімізде осы олимпиадалық спорт түрінің танымалдығы қазақстандықтардың халықаралық ареналардағы жетістіктерін сақтап қана қоймай, көбейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.



«Балуандық дәстүрі жоғары деңгейде қалыптасқан Қазақстан халқы үшін дзюдо өнері де жат емес. Баршамыз білеміз, елімізде балуандық өнердің тарихы терең, әріге бармай-ақ, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздан бастап, бүгінде әлемдік деңгейде топ жарған талай түйе балуандарымызды ауыз толтырып айта аламыз. Бүгінде "Қазақстан барысын" әлем біледі, бұл саланың сөзсіз көшбасшылары, аты аңызға айналған шоқтығы биік спортшыларымыздың тобы қалыптасқан. Міне, осы секілді қазақстандық дзюдо өнерінің де жұлдыздарын қалыптастыруымыз керек. Отандық дзюдо өнері әлі де өзінің мүмкіндіктерін толыққанды көрсеткен жоқ, ауылдарда белдесіп өскен талай қаракөзден чемпиондар жасаймыз», - деп атап өтті жаңа сайланған Қазақстан дзюдо федерациясының Президенті Қуанышбек Есекеев.  



Сондай-ақ, конференция барысында ел өңірлерінде дзюдоның дамуы, федерацияның 2022 жылы спорттық іс-шараларды өткізуі және ҚР Ұлттық құрамасының 2024 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы есептер тыңдалды. Атап айту керек, дзюдо - спортсүйер қауым үшін, жастар үшін аса қызықты әрі тартымды спорт түрі. Алты жыл бұрын Алматыда Дзюдо академиясы ашылған болатын, онда болашағынан үміт күттірер жас спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен бірге жаттығуына мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда Қазақстанда дзюдомен айналысатын спортшылар саны 90 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіш күрт ұлғаюы әбден мүмкін, себебі дәл осы спорт түріне баулитын секциялар мен клубтар саны бір ғана Астананың өзінде бір жылда 3 есе артқан, яғни 2021 жылы дзюдо күресін дамытатын 11 спорт клуб жұмыс істесе, бүгінде мұндай орталықтар саны 35-ке жетті.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51