ҰБТ нәтижелері бойынша рейтинг жасалады
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-майор Жұмабек Ахметовтің қатысуымен Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қорғаныс ведомствосының өкілі журналистерге ведомствоның оқу орындарына түсу ережелерін айтып берді. Ол отандық әскери білім беру жүйесіне магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі даярлау жүзеге асырылатын Ұлттық қорғаныс университеті, үш әскери жоғары оқу орны, екі колледж және Алматы, Шымкент және Қарағандыдағы "Жас ұлан" республикалық үш мектебі кіретінін мәлімдеді.
Басшылық мамандықтары бойынша кадрларды Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты даярлайды. Ұшу және инженерлік-техникалық құрамның мамандарын Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты дайындайды. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радиотехникалық мамандықтардың офицер-инженерлері оқытылады.
Генерал-майор Жұмабек Ахметов қатысушыларды әскери институттарға түсу кезеңдерін хабардар етті. 30 сәуірге дейінгі мерзімде жергілікті әскери басқару органы басшысының атына өтініштер қабылданады. Құжаттар 15-20 шілде аралығында қабылданады.
Оқуға түсуге үміткерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық куәландырудан және дене шынықтыру деңгейін тексеруден өтеді. Осы көрсеткіштер жіне ҰБТ нәтижелері бойынша рейтинг жасалады. Соның негізінде қабылдау комиссиясы оқуға қабылдайтын болады. Оның шешімі 6 тамызда университеттің сайтында жарияланады.
Көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жоғары оқу орнына түсуге "Жас ұлан" республикалық мектептерінің түлектері, әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, қызмет өткеру кезеңінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған әскери қызметшілердің балалары басым құқыққа ие болады.
Қорғаныс министрлігі департаментінің бастығы мерзімді әскери қызмет атқарған және қолбасшылықтың ұсынысын алған азаматтарға берілетін жеңілдіктерге назар аударды. Осы санаттағыларға арналған бастама биылғы жылдан басталады.
Жаңа ережелер бойынша олар әскери оқу орындарына емтихансыз түседі. Азаматтардың осы санаты үшін әскери жоғары оқу орындарына жыл сайынғы қабылдаудың жалпы санының 25%-ына квота көзделген. Қабылдау кезінде әскери бөлімдерде жүргізілген іріктеудің нәтижелері ескерілетін болады.
Брифингте сондай-ақ, Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге және Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжге түсу шарттары түсіндірілді. Оқу орындарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін кіші командалық құрамды – кәсіби сержанттарды даярлау жүзеге асырылады.
Барлық оқу кезеңінде курсанттар толық мемлекет тарапынан қамтылатын болады. Әлеуметтік пакетке ақшалай қаражат, киім-кешек, күніне үш рет тамақтану, тегін медициналық көмек және жатақханада тұру кіреді.