Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
– Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізген жөн деп санайды.
– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Президент.
Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Сондай-ақ әлемнің әскери тарихы, ұлтымыз бен жаһан елдерінің озық рухани-мәдени жетістіктері кеңінен дәріптелуі керек.
Армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа баулитын мектеп болғаны жөн. Онда әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет.
– Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, БАҚ әскери қызмет, әсіресе, басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратқаны жөн.
Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екеніне назар аударды. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға болмайды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.