Алматымызда әлемнің әр түкпірінен келген жандар өмір сүріп, еңбек етіп жүр. Қаланың дамуына олар да бір кісідей тер төгуде. Кейде біз мән бермейтін, аңғарсақ та, үйреншікті деп қарайтын дүниелер сырттан келген адамға мүлде басқа қырынан ашылады. Қала күніне орай біз осында тұрып жатқан шетелдіктермен сөйлесіп, олардың Алматы туралы әңгімесін тыңдадық. Ендігі сөз – кейіпкерлерімізде...
Туба МУРАТ, Түркиядан келген оқытушы:
Әр көшесінен жылулық еседі
2000 жылғы 1 мамыр. Алматыға алғаш келген күнім дәл кешегідей әлі есімде. Алдымен қаланың қай бұрышынан қарасаң да, менмұндалап тұратын таулар назарыма ілінді. Бір жағында қыз-қыз қайнаған қарбалас тіршілік, ал тау беткейіне көз тастасаң, жаныңа жайлы тыныштық әп-сәтте бойыңа ұялайтын. Ол кездегі мен бүгінгі бейнесі жер мен көктей, әрине. Қала жылдар өте танымастай өзгеріп, қарқынды дамыды. Өзгеріссіз қалған құндылықтары ғана. Алматыда ғұмырымның ерекше кезеңін өткердім, адал достар таптым, отбасыммен бірге бағалы сәттерді бастан кешірдім. Әр көшесінен жылулық еседі. Сүйікті қаламдағы оң өзгерістерге куә болу – мен үшін құнды. Алматыда өмір сүру – ешнәрсемен теңеуге келмейтін сезім. Мұны өзім іштей Алматыдай ғажап шаһар өмірімнің тарауында осыншалық маңызға ие болғаны шығар деп бағамдаймын. Асқақ тауларыңдай айбынды, жасыл бақтарыңдай әсем күйінде мәңгі жайнай бер, сүйікті қалам!

Сайед ТАХА АЛИ, үндістандық студент:
Өз елімде жүргендеймін
Үндістанның Мадхья-Прадеш штатындағы Удджайн қаласынан келдім. Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-да «Медицина» мамандығының 3-курсында оқимын. Осыдан 3 жыл бұрын әсем Алматыға алғаш аяқ басып, бұл шаһарды көрген сәттен-ақ бойымды ерекше әсер биледі. Қаланың сұлулығына да, тұрғындарының мейірімділігіне де сүйсініп келемін. Аз уақыттың ішінде бұл өлкенің ғажайып табиғатын жақыннан таныдым. Шымбұлақ пен Көктөбе, Үлкен Алматы көлі мен Сайран – бәрі де саяхаттауға таптырмас орындар. Алматының ауа райы да, атмосферасы да өте жайлы. Алайда қаланың ең басты байлығы – оның бауырмал халқы. Бұл жерде бізді, үндістандық студенттерді, әрдайым жылы жүзбен, құшақ жая қарсы алады. Тұрғындардан «жақсы» деген қазақша сөзді де үйреніп алдым. Өзімді үйде жүргендей сезінемін. ең керемет шағым осында өтіп жатқанына бақыттымын. Мерекең құтты болсын, сүйікті Алматы! Жарқырай бер!

Венера САЙПИДИНОВА, қырғыз қызы:
Абай даңғылы ұнайды
Халықаралық қатынастар саласында қызмет ететіндіктен, Алматыда жұмыс істеу бұрыннан бергі арманым еді. Міне, бірнеше жылдан бері осы әсем қалада тұрып жатырмын. Маған Алматының барлық қыры ұнайды. Махаббат пен жастықтың мекені, бай тарихи әрі жанды шаһар. Мұнда үнемі мәдени шаралар, концерттер мен көрмелер өтіп жатады. Әсіресе, жаяу серуендегенді жақсы көремін. Сол сәтте қаланың қарбалас, тынымсыз ырғағын, тыныш әрі жап-жасыл болмысын анық сезінесің. Алматының ең басты байлығы – оның ашық-жарқын, мейірбан тұрғындары. Сүйікті орындарымның бірі – Абай даңғылы. Осы көшемен жаяу жүріп, қаланың құбылмалы архитектурасы мен көңіл-күйін бақылау маған ерекше әсер сыйлайды. Алматылықтардың шаңырағында құт-береке болып, сүйікті қаласымен мақтанар себептері көбейе берсін! Туған күнің құтты болсын, Алматым!

Дамилола ДЖОШУА, Қ.Сәтбаев университеті Шет тілдер кафедрасының оқытушысы:
Шынымен де таңғажайып шаһар
Мен Батыс Африкадан, нақтырақ айтсам, Нигерияданмын. Қазір мұнда жұбайым және екі баламмен тұрып жатырмыз. Алматыға 2022 жылы келдім. Сол сәттен бастап-ақ жергілікті халықтың қонақжайлығын сезіндік. Қазір шаһарда үлкен оң өзгерістер болып жатқанын байқап жүрмін. Жолдар, саябақтар мен гүлзарлар қайта жаңартылып, қала біртіндеп көркейіп келеді. Қай бөлігіне барсаңыз да, көз тартарлық әдемі орындарды кездестіруге болады.

Алматы – шынымен де таңғажайып шаһар. Бұл қалада мені ең қатты таңғалдырғаны – даму қарқыны. Жыл сайын елеулі жаңаруларға куә болып жүрміз. Соңғы жылдары цифрлық және технологиялық салалармен қатар қоғамдық көлік пен қала инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Тұрғындардан да көлік жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа жобалардың қолға алынып жатқанын жиі естимін. Мұнда даму үдерісі бір сәтке де тоқтаған емес. Алматы – жергілікті тұрғындар үшін де, шетелдіктер үшін де зор мүмкіндіктер сыйлайтын іскерлік орталық. Еңбек етуге, білім алуға және жаңа ортаға бейімделуге барлық жағдай жасалған. Меніңше, Алматы көптеген адам үшін туған жеріндей ыстық әрі жақын қалаға айналды. Біздің отбасымыз үшін де дәл солай. Осы қалада өткізген әрбір жылымыз қуаныш пен жаңа тәжірибеге толы болды. Алматыны туған күнімен құттықтаймын! Болашағы жарқын болсын!

Гүлжанат СЕМБАЕВА.
(Суреттер: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан).