Мемлекет басшысының жолдауында белгіленген басымдықтарды іске асыру мемлекеттік органдар арасында жауапкершілікті нақты бөлуді, қоғаммен ашық диалог орнатып, жетістікті бағалаудың түсінікті өлшемін белгілеуді талап етеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл тәсіл Алматыға ауадай қажет. Өйткені қалалық инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мен азаматтардың құқығын қорғау халықтың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты. Аталған мәселелер Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында талқыланды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің аға оқытушысы Қанат Әлихан да осыған қатысты пікір білдірді. Ол өз сөзінде алға қойған міндетті іске асырудағы саяси институттар мен азаматтық қоғамның рөліне, азаматтық заңнаманы жаңартуға, экономиканы дамытуға және заң үстемдігі қағидатын нығайтуға тоқталды.
Сарапшының айтуынша, реформалардың тиімділігі көбінесе жауапты орындаушылардың, мерзімдердің, қаржыландыру көзі мен күтілетін нәтиженің қаншалықты нақты айқындалғанына байланысты болмақ. Сонымен қатар тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін шешімді талқылауға қатысуы да маңызды рөл атқарады.
«Бұл жерде жауапкершілікті нақты бөлу керек. Мемлекеттік органдар шешім қабылдап қана қоймай, олардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Ал азаматтық қоғам бастамаларды талқылауға қатысып, олардың нәтижесіне қоғамдық бақылау жүргізуі қажет», – деп атап өтті Қанат Әлихан.
Спикер экономикалық бастамалар мен олардың халық үшін маңызына да жеке тоқталды. Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлік пен цифрлық экономиканы дамыту жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыра алады. Сонымен бірге бұл шаралардың нәтижелілігі жобаларды іске асыру сапасы мен бюджет қаражатын тиімді пайдалануға байланысты.
Алматы қаласының дамуы аясында сарапшы тұрғындарды абаттандыру мен қалалық ортаны дамыту басымдықтарын айқындау үдерісіне тартудың маңыздылығын айтты. Оның пікірінше, тұрғындарға жобалардың құны, іске асырылу мерзімі мен қол жеткізілген нәтижелер туралы түсінікті ақпарат ұсынылуы қажет. Мұндай ашықтық сенімді нығайтып, қоғамдық қатысудың тиімділігін арттырады.
Талқылаудың тағы бір тақырыбы Азаматтық кодексті жаңарту болды. Спикер атап өткендей, заңнаманы жетілдіру қазіргі экономикалық қатынастардың ерекшелігін ескеріп, меншік құқығын қорғауды күшейтіп, шарттық міндеттеменің орындалуына қатысты құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Бұл қарапайым азаматтар үшін де, кәсіпкерлер үшін де, соның ішінде шарт жасасу мен онлайн мәмілелер жасар кезде де қажет.
«Құқықтық реформаның басты нәтижесі – адамның өз құқығын іс жүзінде қорғай алуы, мемлекеттік шешімге қатысты әділ бағаға қол жеткізуі мен анықталған заңбұзушылықтың жойылуын талап ете алуы», – деді сарапшы.
Сондай-ақ Қанат Әлихан мемлекеттік бастамаларды жастарға қолжетімді әрі түсінікті форматта түсіндіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, реформаларды жұмысқа орналасу, білім беру, кәсіпкерлік пен цифрлық ортадағы құқықты қорғау мәселесне қатысты практикалық мысалдар арқылы талқылау қажет. Мұндай тәсіл жастарға болып жатқан өзгерісті жақсырақ түсініп, қоғам өміріне белсене араласуына көмектеседі.
Қорытындылай келе, сарапшы реформалардың тиімділігін тек сандық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың өміріндегі нақты өзгерістермен бағалау қажеттігін атап өтті. Маңызды өлшемдердің қатарында құқықтық көмектің қолжетімділігі, сот шешімінің уақтылы орындалуы, әкімшілік кедергінің азаюы мен шешім қабылдар кезде азаматтардың ұсынысының ескерілуі бар.