Осы жылдың 6-8 маусым аралығында елімізде Құрбан айт мерекесіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Qurban 2025» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған арнайы республикалық штаб құрбан шалу рәсімдерін жүйелі түрде үйлестіріп, бүкіл ел бойынша ауқымды қайырымдылық жұмыстарын атқарды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
ҚМДБ мәліметінше, азаматтар құрбандық шалу үшін QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, сонымен қатар жергілікті қасапханаларда офлайн түрде де құрбан шалуға мүмкіндік алды.
Құрбандық шалу барысында республика көлемінде жалпы саны 36 046 мал құрбандыққа шалынды. Атап айтқанда, 31 906 бас қой, 1 973 бас ешкі, 2 119 ірі қара және 48 түйе құрбандыққа шалынды. Құрбандық еттері арнайы қабылдау пункттеріне жиналып, дін қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен мұқтаж жандарға үлестірілді.
Қорыта айтсақ, еліміз бойынша Құрбан айт күндері QURBAN.MUFTYAT.KZ сайтына 2149 тапсырыс берілді. Республика бойынша 809 адамнан құралған бірнеше штаб үздіксіз жұмыс атқарды.
Нәтижесінде 81 793 отбасыға құрбандық еті жеткізіліп берілді. Бұған қоса, арнайы сойылған малдың еттері еліміздегі 1236 әлеуметтік мекемеге – мүмкіндігі шектеулі жандар қорларына, зағиптар қоғамына, ауруханалар мен қарттар үйлеріне таратылды.