Қазақтың Төлегені

Қазақтың Төлегені ашық дереккөз

Алматыдағы А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада қазақ өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбековтың туғанына 80 жыл толған құрметіне мәдени-рухани кеш өтті.

Кешке кино және театр актерлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Омар Қиқымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жұмағали Маханов, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Еркебұлан Дайыров және Асан Мәжит келіп, естеліктер айтты.

Құман Тастанбеков туралы сөз қозғалса бірінші болып «Қыз Жібек» фильмінің еске түсетіні заңды. Әрине, бұл ғажап туынды – актердың төлқұжаты. Ең алғаш түскен кинокартинасы да осы. Төлеген рөліне бірден бекітілген.

«Қыз Жібек» картинасы түсіріліп біткеннен кейін кинода қосылмаған ғашықтар, яғни Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков өмірде үйленді. Екі жастың тойында «Бекежан», яғни Асанәлі Әшімов асаба болған. Олар өмірде бірін-бірі кинодағыдан да артық сүйген.

Қ.Тастанбеков «Қыз Жібектен» кейін «Қыс – мазасыз маусым», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Алаң шеті», «Өрнек», т.б. фильмдерге түсті.

Ал театр сахнасында Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анасында» – Қасымды, «Ақ кемесінде» – Құлбекті, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен терінде» – Тәңірбергенді, М.Әуезовтің «Айман–Шолпанында» – Наршаны, О.Бөкейдің «Құлыным меніңде» – Жанды, Э.Эрвенің «Түлкі бикешінде» – Флоридорды, Н.Хикметтің «Фархад–Шырын» қойылымында Фархадты ойнап, сахнада сан алуан бейнелер шоғырын қалыптастырды. Жалпы, актер театр мен киноны қосқанда 200-ге жуық рөлді сомдаған.

Омар ҚИҚЫМ, театр және кино актеры:

 СӨЗСІЗ ӘНШІ БОЛАР ЕДІ

 Құман ағамызбен қырық жылдай бірге сахналас болдық. Бір ұжымда, бір сахнада жүрсе де күнделікті өмірінде бір-бірімен араласа бермейтін адамдар болады. Ал біз, Құман аға екеуміз әбден сыралқы болған адамдар едік. Бір-бірімізді сөзсіз ұғатынбыз. Отбасы болып араластық. Шын жанашыр адамым болды. Өнерге шын адал адам еді. Сырнаймен, домбырамен салған әні әлі құлағымда тұр. Егер ол актер болмаса, сөзсіз жұлдызды әнші болар еді деп ойлаймын осы күні. Бүкіл қазақ төбесіне көтергенде де менмендік дегенді білген жоқ. Өзі сондай ақкөңіл, кішіпейіл болды, қарапайымдылығында шек жоқ еді. Сонысымен де елге жұғымды, жақсы адам-тын.

Жұмағали МАХАНОВ, театр және кино актеры: 

МЕНІ ӨНЕРГЕ ӘКЕЛГЕН «ҚЫЗ ЖІБЕК»

 Мен үшінші сыныпта оқып жүргенімде ауылға «Қыз Жібек» фильмі келді. Бір кино бір ауылда оншақты күн көрсетіледі де, келесі ауылға алып кетеді. Құман ағаның сыр-сымбаты, Асанәлі ағаның қайсар мінезі, Меруерт апамыздың сұлулығы, фильмнің әсері, бәрі астасып, бала көңілімізге арман ұялатты. Фильмнен соң арада бір жыл өткесін бе, біздің ауылға Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков келеді екен деген дүбір естілді. Сонымен бүкіл ауыл, аудан болып «Қыз Жібек» пен «Төлегенді» күттік. Ол кісілерді ауыл сыртынан атпен күтіп алды ауыл халқы. Қос өнер жұлдызы ауылдың ішіне сән-салтанаты жараса кірді. Сол кезде мен Төлегенді «тірідей» көріп қуанған бала едім. Кейін Құман ағаммен Әуезов театрында әріптес, сахналас боламын деп ойласам, кәне!

 Еркебұлан ДАЙЫРОВ, белгілі актер:

 АҚСҮЙЕК АКТЕР ЕДІ

 Менің түсінігімде Құман Тастанбеков – ол қазақ театрындағы ақсүйек актер. Құман ағаның кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, айтқан әні, әңгімесі бөлек болатын. Ол кісінің тікесінен тіке отырып кофе ішкенінің өзінен бекзаттық есіп тұратын. Құман ағаның жастарға деген көңілі өте ерекше болатын. Бәріне бірдей бүйрегі бұра бермейтін. Маған солай көрінетін. Өзінің көзіне түскен, жұмысына қанағаттанған жастарға деген пейілін аямайтын. Ағамен «Ромео мен Джульеттада», «Мөлдір махаббатта» сахналас болдым. Сахнадағы тұрысының өзі ерекше еді. Сахнаны бір өзі толтырып тұратын. Жанына қатты жақындай алмайсың, қатты алыстап та кете алмайсың, қатты бата да алмайсың. Дәл осы кісілер шыққан биікке қазіргі актерлар, біздер жете аламыз ба, жете алмаймыз ба, білмеймін. Бірақ бұл кісілердің салып кеткен сара жолын, қазақтың театр, кино өнерін жоқтатпауға, сыр-сапасын түсірмеуге біз жауаптымыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:06

09:29

09:24

09:22

01:05

22:46

18:12

18:05

17:47

17:20

17:15

17:06

16:33

16:12

16:08

16:07

15:52

15:49

15:44

15:42

15:38

15:35

15:22

15:21

15:10