2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы кинотеатрға шығады.
Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған. Авторлары Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, сонымен қатар, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген. Фильмде ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халық рухының сынбағанын көрсеткен. Туындыда сол уақыттың сирек деректі кинохроникасы қолданылып, ал нақты тарихи тұлғалар кейіпкерлердің прототипіне айналған.
«Қаныш» фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып, шетелде де танымалдыққа қол жеткізді. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») бойынша үздік атанды.
«Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ, жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деймін» – дейді, фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамбет.
Кинофильм «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, 2021 жылы «Aray Media Group» студиясы түсірген алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикасының негізінде жасалған. Телехикаяның шығармашылық тобы Қаныш Сәтбаевтың қызыққа толы өмірбаянымен танысып, қолда бар материалдан толықметражды көркем фильм жасауға бел буған. Онда ғалым тек кәсіби маман ғана емес, халқының қамын ойлайтын терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетіледі. Сериал мен фильмді жасауға «ERG» еуразиялық тобы» мен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсетті.
«Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Қаныш. Қазына» тарихи сериалы эфирде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Енді толықметражды фильмге айналып үлкен экрандарға жол тартты. Ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев өмірі мен ғылым жолы көрерменді толғандырып, ізгі идеялардың тууына, жас ғалымдардың шабыттануына әсер етеді деген сенімдеміз. Осы игі істің бастауында тұрғанымызға қуаныштымыз» – деп хабарлады «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Баспасөз қызметі.
Биылғы 30 қаңтарда Алматы қаласында өткен фильмнің жабық көрсетіліміне фильмді жасаушылар, шығармашылық топ, ғалымның туған-туысы, қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, демеушілер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.
«Әлеуметтік және білім беру жобаларын жүйелі түрде қолдау – біздің корпоративтік жауапкершілігіміздің негізі. Біз білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз. Қаныш Сәтбаев сынды біртуар тұлғаның өмірбаяны – жас қазақстандықтарға тамаша үлгі-өнеге. Академик Сәтбаев геология ғылымының ең ірі ғалымы болды және солай болып қала береді. Бірақ оның қызығушылығы мен білім аясы кең болып, жаратылыстану ғылымдарының шеңберінен асып түсті. Фильм қалың көрерменге қазақтың біртуар ғалымының өмір жолын баяндап қана қоймай, ғылымды кеңінен насихаттауға, жастардың білім аясын кеңейтуге септігін тигізеді деп сенеміз» – деді, ERG басқармасының төрағасы Серік Шахажанов.
Толықэкранды фильмнің ақ-қара форматын фильмді түсірушілер сол кездегі қайғылы ахуалды көрерменге жеткізу үшін әдейі пайдаланған. Көркем туынды тамашалап отырып бейне бір сол кезеңге тап болғандай сезімге бөленесің. Бұлд бір филімнің өзіндік ерекшелігі десек артық айтпағанымыз болар.
«Фильмді дайындауға қатысқан барша жанға мың алғысымызды білдіреміз. Түсірілім тобының еңбегі зор. Қаныш Имантайұлының рухына ұқыптылықпен қарап, оның образын тереңірек түсінуге тырысқан. Атамыздың өмірі мен шығармашылығының алғашқы кезеңін бейнелеген фильмді шынайы деректерге барынша жақындатпақ болған ниеттері үшін алғыс айтамыз. Бұл фильм халқына еліміздегі жер қойнауының байлығын ашқан ұлы қазақ баласы туралы тағы бір естелік болып қаларына сенімдіміз» – деді, Қаныш Сәтбаевтың немерелері Әлима Жармағамбетова және Александр Третьяков.
Түсірілім нысандарын безендіру үшін көп жұмыс жасалған. Павильондарда Қаныш Сәтбаев өмір сүріп, еңбек еткен жерлерді егжей-тегжейлі көрсеткен орындар, кеңселер, пәтерлер, зертханалар салынған. Қарсақпай ауылында тұтас ғимараттарды сол дәуірге сәйкестендіріп жөндеуге тура келген. Атмосфераны қалпына келтіру үшін сахналық және қойылымдық жабдықтарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеуге көп уақыт кеткен.
«Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге!» – деп атап өтті «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке.
Шығармашылық топ Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын зерттеуге көп көңіл бөлген. Түсірілім жұмыстары оның туып-өскен, өмір сүрген және еңбек еткен жерлерінде өткен. Телехикаяны жасаушылар ең алдымен, Алматыда ғалымның туған-туысымен кездескен. Солардың батасын алып, жұмысқа кірісіп, сериал шыққан соң, ғалымның жақындарынан алғыс хат алған. Сондай-ақ, шығармашылық топ мүшелеріне Қаныш Сәтбаевтың кәсіби қызметінің ерекшеліктерін жан-жақты зерделеуге тура келген. Фильмде жынысөзек өндіретін ағылшынның «Крелиус» аппараты қолданылған. Өндірісті барынша шынайы етіп көрсету үшін түсірілім тобы «Қазақмыс» зауытына барып, нағыз бұрғылау процесін бақылаған. Содан кейін суреткерлер тобы түсірілім кезінде қолданылатын осы кәсіби геологиялық жабдықты басынан соңына дейін қайталап жасап шығарған. Ұлы тұлғамызды ұлағатты өмірінен хабардар беретін көркем туындыны Алматы қаласының барлық кинотетрларын тамашалай аласыздар. Отандық фильмді қолдауға асығайық.